Футбол • 29 Қаңтар, 2026

Әлем кубогі – Алматыда

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада, Мексика елдерінде футболдан ХХІІІ әлем чемпионаты өтетіні белгілі. Осы дүбірлі дода қарсаңында ФИФА тамаша іс-шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, жарыс жеңімпаз командасына берілетін Әлем кубогінің мүсіні әлемнің 75 қаласын шарлайды.

Әлем кубогі – Алматыда

Күні кеше ол Алматыға жетті. Республика сарайында ұйым­­дас­тырылған іс-шараға Италия­ның әйгілі футболшысы, 2006 жыл­ғы әлем чемпионы, 2010 жылғы клубтық әлем бірін­ші­лігі мен УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы, басқа да көптеген атақтың иегері Марко Мате­рацци қатысты. Апеннин түбе­гінен келген тасқамал қор­ғаушы «Trophy Tour» туры тура­лы әңгімелеп, осы істің мән-ма­ңызына кеңінен тоқталды, журналистер мен жи­нал­ған қауымның сан алуан сұ­рақтарына жауап қайтарды.

Жиынға Марко Мате­рац­циден бөлек, ФИФА делегация­сы, Ал­маты қаласы әкімдігі, футбол феде­рациясының өкілдері, осы турдың ұйымдаструшысы «Coca-Cola» мен «CCI» ком­па­нияларының бас директорлары – Серкан Дилек пен Вели Динчел қа­тыс­ты. Салтанатты рә­сім аяқ­тал­ған соң БАҚ өкілдері мен басқа да қатысушылар Әлем кубо­гімен естелік фотоға түсті.

Әлем кубогінің салмағы – 6,142 кг. Мүсін 18 каратты таза алтыннан жасалған. Бұл кубокті кезінде дүниежүзілік доп додасында теңдессіз деп танылған коман­далардың аты аңызға айналған аяқ доп шеберлері төбесіне көтерді. Соңғы рет 2022 жылы Қатарда ұйымдастырылған жарыста Ар­ген­тина құрамасы топ жар­ды. Сол кезде алтын мүсін жүзі бал-бұл жайнаған даңқты Лио­нель Мессидің қолында болды. Не­гізі ол Швейцарияның ФИФА музейінде сақталып, тек әлем чемпионаты өтетін жылы ғана сыртқа шығарылады. Алдымен әлемді шарлайды, содан кейін чемпионатты қабылдайтын мемлекет­ке жеткізіледі. Финалдық матч­тан соң кубок бас жүлдені олжа­ла­ған командаға табыс етіледі. Сал­танатты рәсім аяқталған­нан кейін тұпнұсқа қайта музей­ге қайтарылып, жеңімпаздарға кубоктің көшірмесі табыс етіледі.

 

Соңғы жаңалықтар