Чемпиондар лигасының сегіз туры барысындағы сейвтер саны бойынша жарияланған статистика дерегінше, Темірлан Анарбеков 36 сейв жасап, қақпасын голдан қорғап қалған үздік үшінші голкипер атанды.
Рейтингтің бірінші сатысы норвегиялық «Бодо Глимт» клубының ресейлік қақпашысы Никита Хайкинге тиесілі. Ол қақпаға тура бағытталған 49 соққыны қайтарған.
Екінші орында «Реал Мадрид» клубының бельгиялық қақпашысы Тибо Куртуа тұр. Ол 8 матчта 41 сейв жасаған.
Ал «Қайраттың» тағы бір қақпашысы Шерхан Қалмырза UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің алғашқы екі турында 11 сейв жасаған екен.
Айта кетейік, УЕФА Чемпиондар лигасының Instagram-дағы ресми парақшасы жалпы кезеңнің үздік футболшылар қатарына да Темірлан Анарбековты қосқан.
Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, бірнеше рет үздіктер топтамасынан табылды. Ол Чемпиондар лигасының алтыншы турынан кейінгі статистика бойынша ең жоғары рейтингке ие болған футболшылардың тізімінде көш бастап, «Қайрат» – «Олимпиакос» матчында үздік ойыншы атанды.
Сондай-ақ ол «Қайрат» клубымен келісімшарт мерзімін ұзартты.