Қарағай тұқымын алу мұнымен бітпейді. Қанатшалар одан әрі тазартылып, ішінен дәндерін бөліп алады. «Жиналған тұқым орман шаруашылығы мекемесінің тәлімбағында себіледі. Қылқан жапырақтылар өте баяу өседі. Бір дәннің көктеп, көшетке айналуы үшін кемінде төрт жыл керек. Осы уақыт ішінде жас өскінді басқа жерге көшіруге болмайды. Бойы өсіп, тамыры бекіген соң төрт жылдан кейін тәлімбақтың көшеттер бөліміне ауыстырамыз. Орманшыларымыз қарағай бүршігін жинауды желтоқсанның соңынан бастайды. Барқын құмдарында 19 мың гектар алқапта өсіп тұрған қылқан жапырақты ағаштар тоғайы ХІХ ғасырдың соңында Ойыл орман бекінісі салынғанда отырғызылған. Екі ғасырға жуық осы ағаштар тамыр жайды, шекарасын кеңейтті. Құм астындағы тұщы су қоры да бетіндегі өсімдіктердің көбеюіне әсер етіп тұр. 90-жылдардың тоқырауында табиғат қорғау мекемесі тозып кеткенімен, кейінгі жылдары осы салада жақсы бетбұрыс болып жатыр. Біздің мекеме мамандары да орман екпелерін ағаш тұқымдарынан көбейтеді», дейді Ойыл орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Серік Мусин.
Қыс ортасында тұқым шашатын қылқан жапырақтының қанатшаларын жинау оңай емес. Ойыл орманшылары екі айда 800–1000 кило бүршік жинап, тазарта келе алынатын таза дәннің салмағы 8-10 килограмнан аспайды екен. Жұмыс түгелдей қолмен атқарылады. Барқын құмдарында қылқан жапырақтылардың тұқымдарын жинау жұмысы осылайша қызып тұр.
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы