Бас прокурордың мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында қылмыстық қудалау органдарына интернет-алаяқтықпен күресті күшейту жөнінде арнайы нұсқау жолданған. Негізгі мақсат – тергеудің заңдылығын қамтамасыз ету, күмәнді транзакцияларды жедел бұғаттау, заңсыз несиелерді тоқтату және «дропперлер» арқылы келген залалды өндіру.
Тегін кітаптар қауіпті: Бас прокуратура интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті
Прокурорлық қадағалау барысында полиция органдарының алаяқтық істері бойынша 3 387 заңсыз шешімі жойылды. Қайта қаралған істердің 387-сі сотқа жолданып, 129 іс тоқтатылды.
Нәтижесінде 2,4 млрд теңгеден астам сомаға күмәнді қаржылық операциялар бұғатталды. Сонымен қатар алаяқтықпен айналысқан колл-орталықтардың қызметі, оның ішінде «Антифрод-Колл-Орталық» жобасы тоқтатылды.
9,4 мың несиелік келісім бойынша 8,3 млрд теңге көлеміндегі өндіріп алу уақытша тоқтатылып, 150 келісім бойынша 1,6 млрд теңге қарыз кешірілді.
Мемлекеттік сервистерге «1414» SMS-шлюзі арқылы кіру кезінде FaceID биометриялық сәйкестендіру мен eGov QR-кодтары міндетті түрде енгізілді. Бұл ұрланған немесе жалған ЭЦҚ арқылы несие рәсімдеудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Украина, Ресей және Арменияның уәкілетті органдарымен бірлесіп, 10 трансұлттық алаяқтық call-орталық жойылды. 63 қылмыстық топ мүшесі ұсталып, SIM-бокстарды қоса алғанда арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді.
Ұсынылған деректер Қазақстанның заманауи киберқауіптерге қарсы жүйелі әрі кешенді тәсіл қалыптастырғанын, сондай-ақ ішкі реформалар мен халықаралық ынтымақтастықтың күшейгенін көрсетеді.