Ата заң • Бүгін, 08:53

Стратегия­лық бағыттың логикалық жалғасы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сарапшылар жаңа Конституция жобасы биліктің жаңа архитектурасын қалыптастырып, қоғамды одан әрі демократияландыруға жағдай жасайтынын айтады. Кеше Президенттік орталықта ғылыми қауымдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері жаңа Ата заң жобасының негізгі ережелеріне сараптамалық талдау жүргізді.

Стратегия­лық бағыттың логикалық жалғасы

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

«Жаңа Конституция жобасында айқындалған мемлекеттің жаңа моделінің басты ерекшелігі – Парла­менттің, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сондай-ақ адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Бұл Қазақстан қоғамын жаңғырту үдерісіндегі маңызды межелі кезең, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған стратегия­лық бағыттың логикалық жалғасы саналады», – деп атап өтті Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз өзінің саяси дамуының сапалық жаңа кезеңіне қадам басты. Елде жүзеге асырылып жатқан консенсус реформаларын бағалау кезінде кейінгі онжылдықта әлемде болған ауқымды геосаяси өзгерістерді ескеру қажет.

«Күрделі халықаралық ахуалда мем­лекеттің біртұтас құрылымы мен прези­д­енттік басқару формасын сақтау еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Орта­лық­тандырылған, тиімді басқару жүйесі ел­дің тұрақтылығы мен территориялық тұ­тас­тығын қамтамасыз етеді», — деді ол.

Ал парламентші Ажар Саған­дықова жаңа редакциядағы Негізгі заң жобасында мемлекетті жүйенің орталығы ретінде қараудан адамды оның басты мәні ретінде айқындайтын түбегейлі бетбұрыс жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұстаным құжат­тың құрылымы­нан, преамбу­ласы­нан, бөлімдердің қайта қаралуы­нан, сондай-ақ құқықтар мен бостан­дық­тардың кепілдіктерін күшейтуден көрініс тапқан.

Бүгінде Конституция жобасында дәл осы кепілдіктерге ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, адамның мемлекетпен алғашқы өзара іс-қимылынан бастап процессуалдық құқық­тарының қамтамасыз етілуі, жеке өмірі мен дербес деректерін, оның ішінде цифрлық ортада қорғау, адво­катураның рөлін нығайту және құқықтарды қорғаудың түсінікті әрі тиімді тетіктерін бекіту көзделген.

«Бүгінде жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау үдерісіне азаматтардың белсенді қатысуын елдегі саяси жаңғырудың негізгі көрсет­кіштерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Осы орайда азаматтық белсен­діліктің артуы конс­титуциялық рефор­маның қоғамдық легитимділігін нығай­туға ықпал етіп қана қоймай, азамат­­тар­дың саяси-құқықтық санасы­ның өсуі­не де әсер етеді. Әртүрлі қауым­дас­тықтар мен кәсіби топтардың ұсыныс­тары Конституция жобасының сапасын арттыруға, оны қоғамның нақты қажет­­ті­ліктеріне бейімдеуге мүмкін­дік береді», – деді Мемлекет тарихы инс­ти­­ту­тының директоры Нұрбек Пұсырманов.

Жиынды қорытындылай келе, сарап­­шылар мемлекеттің жаңа моделі Парла­менттің, сот жүйесі мен азамат­тық қо­ғамның рөлін күшей­туге, сон­дай-ақ билік тармақтары арасын­дағы өкілет­тік­терді неғұрлым тең­герім­­ді бөлуге бағыттал­ғандығымен ерекше­ленетінін айтты. 

Соңғы жаңалықтар