Егемен Қазақстан • Бүгін, 08:23

Ақпараттың дәйектілігі мен жауапкершілігі маңызды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше «Қазақ газеттері» серіктестігінде Консти­туциялық реформаны тал­­қы­лауға арналған жиын өтті. Онда жуыр­да жа­рияланған Ата заң жобасы тақырып өзегіне айна­лып, жур­налистердің ақпарат­ты жеткізудегі біліктілігі, жауапкершілігі сөз болды.

Ақпараттың дәйектілігі мен жауапкершілігі маңызды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Серіктестіктің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Конституциямыздың жаңа жоба­сы елдіктің мәртебесін көте­ріп, халқымыздың бірлігін нығай­тып, болашағын бекемдеуге бағыт­талған маңызды құжат екенін тілге тиек етті.

«Ата заң жобасының аңда­ту – преам­буласынан бастап, мемлекеті­міз­­дің біртұтастығы мен мызғы­масты­ғын айшықтай­тын маңызды сөздер жазылды. Егемендік пен тәуелсіз­діктің орны бекемделді. Қазақ тілі еліміздің мемлекет­тік тілі екені айқын жазылды. Осы жобаны талқылаған комиссия­ның құрамындамын. Ол жерде тәжірибелі заңгерлер мен ғалымдар, түрлі саланың білікті мамандары тізе қосып еңбек етіп, Ата заң жобасын жан-жақты сараптап әзірледі», деді Д.Қамзабекұлы.

Сондай-ақ бас директор әлеу­меттік желіде әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратып жатқан жаз­балардың негізсіз екенін айтып, баспасөз осы мәселені парасатты, білімді мамандарға, ел сыйлайтын зиялыларға мінбер бере білуі керектігін еске салды.

«Өздеріңіз де жоба мәтінімен алғашқылардың бірі болып таныс­тыңыздар. Онда біртұтас халық, байырғы қазақ жері, Ұлы даланың мыңжылдық тарихы, мемлекеттің унитарлық сипаты мен тұтас­тығы, «Әділетті Қазақстан» идея­сы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, азамат­тардың құқықтары мен бостандықтары, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бірлігімізді нығайтып, болашағымызды айқындайтын тұжырымдамалық ұғымдар қам­тылған. Бұның бәрі мемлеке­тіміздің заңдық негізін қалыптас­тырып, бекітеді», деді ол.

Жиында бас директордың бірінші орынбасары Виктор Пряников «Қазақ газеттері» серік­тестігіне қарасты басылымдар жаңа Конституция жобасын халыққа таныстыру мен насихат­тау жолында жұмыла еңбек ету керек екенін айтты. «Бұл – біздің еліміздің тарихындағы жаңа бетбұрыс. Сол арқылы біз даму мен өркендеудің жаңа кезеңіне аяқ басамыз. Бұл біздің бәрімізден жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды талап етеді», деді ол.

Сондай-ақ жиында серіктес­тік бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, бас директор­дың орынбасары – Алматы басылым­дарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы, «Ege­men Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іс­кендерұлы, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малды­баев сөз алып, Конституциялық реформаның ел өміріне әкелетін өзгерістері жайын­да ойларын ортаға салды.

Бас қосуға онлайн жүйесінде Алматы басылымдарының қыз­меткерлері, өңірлердегі меншікті тілшілер де қатысты. 

Соңғы жаңалықтар