Саясат • Бүгін, 09:00

Халықаралық келісімдер ратификатталды

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Жиында сенаторлар Жоғарғы сот судьяларының өкілеттігін тоқтатып, оларды қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ бірқатар халықаралық құжатты ратификаттады.

Халықаралық келісімдер ратификатталды

Сенаторлар алдымен Мемлекет бас­шысының ұсынуын қолдап, Жоғарғы соттың үш судьясын қызметінен босатты. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Асқаржан Кенжеғарин мен Ғазиза Мұсабекова орнынан түсуіне байланысты, ал Бейбіт Шермұхаметов зейнет жасқа толуына байланысты Жоғарғы соттың судьялары қызметінен босатылғанын айтты.

Бұдан соң депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы­нан әкетілетін тауарлардың шығарыл­ған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйе­сі туралы келісімді ратификаттау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Отырыста аталып өткендей, келісімді ратификаттау экспорт ағындарын бақылауды күшейтіп, ЕАЭО-ның ішкі нарығын қорғауға мүмкіндік береді, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

«Қаралған заң Еуразиялық эко­номикалық одаққа мүше мемлекеттерде өндірілген тауарларды үшінші елдерге әкету кезінде туындайтын реттеу шараларын жетілдіреді. Атап айтқанда, тауарлардың шығарылған жерін айқындау, куәландыру, растау саласында бірыңғай тәсілдерді қолдану қарастырылған. Жалпы, бұл заңды мақұлдау Еуразиялық эконо­микалық одақ қызметінің тиімділігін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Келісімде электрондық верификат­тау жүйелерін құру арқылы рәсімдерді цифр­ландыру мәселелері де жолға қойылған. Бұл үшінші елдердің құзыретті органдарына сертификаттардың түпнұсқалығын нақты уақытта жедел тексеруге мүмкіндік береді. Ол отандық тауарлардың сыртқы нарықтарға шығарылуын айтарлықтай жеңілдетеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 118 мыңға жуық экспорт­тық сер­­тификат берілді. Бұл ретте оның 35 па­­йыздан астамы тамақ өнеркәсібіне, 21 па­­­йызы металлургияға және 16,5 пайызы ауыл ша­руашылығына тиесілі. Бұл салалар үшін келі­сімде өндірушіні қайта орау немесе жуу сияқты «қарапайым операциялармен» айналысатындардан бөлу көзделеді», деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Сонымен қатар «2021 жылғы 16 ақ­пандағы Еуразиялық экономикалық одақ­­тың техникалық регламенттері талаптары­ның сақталуына мемлекеттік бақылау­ды (қадағалауды) Еуразиялық эконо­ми­­калық одаққа мүше мемлекеттер­дің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификаттау туралы» заң қаралып, мақұлданды.

«Келісім ЕАЭО мүше мемлекеттері арасында Одақтың техникалық регламент­терінің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер туралы ақпарат ал­масуды, олардың ішкі нарықтағы айналымына жол бермеуді көздейді. Қауіпті өнімдер туралы хабарлау жүйесінде ортақ ақпараттық ресурс­тар құрылып, оны қолдау мен пайдалануды, сондай-ақ ақпарат алмасу тетіктері енген. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, «e-CTRM» цифрлық техникалық реттеу жүйесі 2024 жылы коммерциялық пайдалануға енгізілді», деді Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов.

Сенатордың айтуынша, Құжат ЕАЭО елдерін анықталған ақаулар мен техникалық бақылаудан өтпеген өнімдер туралы бір-бірін жедел хабардар етуге міндеттейді. Бұл ерте ескерту жүйесін қалыптастырып, тұтынушыларға қауіп төндіретін тауарлардан ішкі нарықты «тазартуға» мүмкіндік береді.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификаттау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. М.Әшімбаев атап өткендей, келісімде заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау мен транзиттеу құқықтық, әкімшілік, рәсімдік шаралардың регламенттелген жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Келісімге 2025 жылдың 28 ақпанында Астана қаласында қол қойылған. Бұл заңсыз көші-қон мен трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытып, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етеді.

«Келісім Қазақстан мен Аустрия ара­сындағы заңсыз көші-қон арналарының алдын алуға арналған бірлескен тетіктерді әзірлеуге және іске асыруға бағытталған. Осы заң арқылы реадмиссия мен транзит­теудің құқықтық тетіктері айқында­лып отыр. Сондай-ақ келісім тараптардың құзыретті органдарының заңсыз көші-қон саласындағы ынтымақтастығын арттыруды көздейді. Алдағы уақытта бұл заң екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді палата төрағасы.

Заң әрбір мемлекеттің өз азаматтарын, сондай-ақ елде болу немесе кіру қағидаларын бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды кері қабылдауға міндетті екенін ресми түрде бекітеді. Осыған байланысты заңда қайтару туралы сұрау салу тәртібі мен оған жауап беру мерзімдерін қоса алғанда, барлық рәсім жіті нақтыланған. Одан бөлек, тұлғаларды сәйкестендіру рәсімдері, оның ішінде азаматтығын құжат арқылы растау, әңгімелесу өткізу мен түрлі деңгейдегі дәлелдемелерді пайдалану тәртібі айқындалған.

Сенат депутаты Мұрат Қадырбектің айтуынша, еліміз мұндай келісімдерді көптеген елмен жасасып жатыр. Бүгінде Ресей Федерациясы, Германия, Нидерланд пен Франция секілді мемлекеттермен қатар, 20-дан аса екіжақты реадмиссия туралы келісім бар.

«Цифрларға тоқталатын болсақ, 2025 жылы Ішкі істер министрлігі реадмиссия туралы 111 өтініш қарады, оның ішінде Ресейден – 95, Германиядан – 13, Нидерландтан – 1, Бельгиядан – 1, Швейцариядан 1 өтініш келіп түскен. Осылайша, Аустрия Республикасымен жасалған келісімді мақұлдау құқықтық ынтымақтастықтың сенімді тетігін қалыптастырып, заңсыз жүрген адамдарды реттелген түрде қайтаруға ықпал етеді әрі көші-қон саласындағы халықаралық беделді нығайтады», деп түсіндірді сенатор.

Айта кетсек, Қазақстан мен Аустрия арасында дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың ақпанында орнатылған. Осы уақыттан бері екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінде Аустрия – Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 300,2 млн долларды құрады. 

Соңғы жаңалықтар