Өндіріс • Бүгін, 09:10

Еуропалық нарыққа бағыт алған кәсіпорын

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстандық металл құрылымдар зауыты» ЖШС агроөнеркәсіп пен мұнай-газ салалары­на арналған жоғары тех­нологиялық жабдық­тар өндіреді. Зауыт – республика көле­мінде осы салаға маман­данған жетекші кәсіп­орын. Әрі өндіріс орны аспа­лы және тіркемелі ауыл ша­руашылығы техника­сын өндіреді. Олардың көмегімен топырақ өңдеп, дақылдар егуге, егістікті күтіп-баптауға болады.

Еуропалық нарыққа бағыт алған кәсіпорын

Зауыттың өнімдері – астық пен көкөніс дақылдарына арналған жерді өңдеуге таптырмас техникалар. Одан бөлек, кәсіпорын әртүрлі диаметрдегі шарлы крандар, болат тройниктер, магис­тралды мұнай-газ құбырларын, тазалау мен диагностикалық құ­рал­дар, қабылдау камераларын жасап шығарады.

Кәсіпорын бүгінде өнді­ріс­тік базаны нығайтуға, заманауи технологиялық жаңалықтар енгізуге және өнімді ішкі нарық талаптарына сай бейімдеуге ерекше назар аударып келеді. 2023 жылдан бастап өндіріс ошағы өнім көлемін кезең-кезеңмен арттырып, олардың түрлерін көбей­туге айрықша ден қоя бастады. Өткен жылдың қорытындысында өндірілген өнім көлемі 6,4 млрд теңгені құраған. Бұдан се­ріктестіктің тұрақты дамып келе жатқанын, өңірдің өнер­кәсіптік әлеуетін арттыруға қос­қан үлесі елеулі екенін бай­қауға болады.

Қазір мұнда 65 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылған, қызмет­керлердің орташа айлық жала­қысы шамамен 300 мың теңгеге жуықтайды.

Бүгінде кәсіпорында жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік цехтың құрылысы жүріп жатыр. Аталған нысанды биыл маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жаңа цехтың іске қосылуы, ең алдымен, ауыл шаруашылығы техникасының өндірістік қуатын айтарлықтай арттыруға, сондай-ақ кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Компанияның алға қой­ған басты мақсаты – өнім өн­ді­рі­сінде отандық технология мен шикізатты қолданып, жүз пайыз отандық тауар шыға­ру. Келешекте зауыт өз тауарын Өзбекстан, Қырғызстан, Түрік­менстан мен Ресей Федерациясына жөнелтуді жоспарлап отыр. Со­ны­мен қатар Шығыс Еуропа елдерімен ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Серіктестік директорының орынбасары Муслим Тажидинов­тің айтуынша, қазір компанияның Алматы қаласында филиалы бар. Онда ғимарат құрылысына арналған сэндвич панельдер мен металл шатыр жабындысы өндіріледі. Енді Қарағандыдан да бір бөлімше ашылмақ. Ол жерде ауыл шаруашылығы техникасын, соның ішінде трактор жасап шығаруды жоспарлап отыр.

«Трактор құрастыруға моторды қайдан сатып алатынымызды қазір ойластырып жатырмыз. Қалған бөлшектерін өзіміз жасаймыз деген ниет бар. Ол біздің қолымыздан келеді. Себебі магистралды мұнай, газ құбырларын диагностикалайтын күрделі құрылғыны өзіміз жасап шығардық. Елімізде бізден басқа мұндай кәсіпорын жоқ. Ресейде ғана екі зауыт бар. Бұрын елімізде өндірілмей тұрғанда мұнай, газ компаниялары Ресейден тапсырыс беріп алдыратын. Қазір «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистарлды газ құбырлары басқармасы мекемесіне сервистік қызметті біз ғана көрсетеміз. Диагностикалау құрылғысын сату бойынша Түрікменстанмен 8 млн долларға келісімшарт жасасып жатырмыз», дейді М.Тажидинов.

Кадр мәселесіне де тоқтала кеткен ол кәсіпорынға білікті ма­мандар қажет екенін айтады. Зауыт өз тарапынан қаржы бө­ліп, жастарды күрделі станоктар­да жұмыс істеуді үйретеді. Бі­рақ жас мамандар тұрақты жұ­мыс істемей, басқа жақтарға кетіп қа­лады екен. Қала әкімі Ғабит Сыз­дықбеков кәсіпорын жұмысымен танысу барысында осы мәселені шешуге уәде еткен. Яғни  Жұмыспен қам­ту орталығы арқылы мемлекет есе­бінен кадрлар даярланып, зауыт­қа жіберіледі. «Гер­ма­ниядан арнайы мамандар ша­қыртуды да көздеп отырмыз. Олармен тәжірибе алмасу маңызды болып тұр. Алдағы уақытта Шығыс Еуропа елде­ріне ауыл шаруашылығы тех­ни­касын экспорттағымыз келе­ді. Себебі бұл елдер осы кезге шейін ондай техниканы негізінен Украи­надан алып келді. Ал бүгінгі жағ­дайға байланысты Украина Шы­ғыс Еуропа мемлекеттерінің сұраны­сын толық қанағаттандыра алмай отыр. Аталған елдердің Украина өніміне қызығуының себебі – бағасы арзан. Біздің де өніміміздің бағасы Батыс Еуро­паның ауыл шаруашылығы техникаларына қарағанда екі есе төмен. Осы мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауы­мыз керек. Сон­дықтан отандық өнімді танысты­ратын арнайы көрме алаңы ұйымдастырылса, өзіміздің сапалы ауыл шаруа­шылығы техникаларын Шығыс Еуропаның әлеуетті сатып алушыларына таныстыруға әзірміз», дейді М.Тажидинов.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Өңделген өнім үлесі артып келеді

Экономика • Бүгін, 10:00

Көк паспорттың қадірі

Қазақстан • Бүгін, 09:50

Жиһаз өндірісі өрге басты

Өндіріс • Бүгін, 09:20

Наурызнама нақышы

Наурызнама • Бүгін, 09:00

Амал мерекесінің айшығы

Мереке • Бүгін, 08:55

«Mangitas» деректен шашау шығармайды

Технология • Бүгін, 08:45