Ғылым • Бүгін, 08:35

Гранттық қаржыландыру: Сан сапаға қашан айналады?

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ғылым комитеті 2025 жылы 29 қыркүйекте жарияланған 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсының 2025 жылдың 10 қарашасына дейін ұзартылғанын хабарлайды». Ғылымнан алыс оқырман осы хабарландырудан қандай да бір кілтипан көрмеуі кәдік. Ал жалақысы, жұмысының болу-болмауы грантқа тәуелді ғалымға алаңдатарлық-ақ ақпарат. Шын мәнінде мұндай конкурс сәуірдің 15-іне дейін жарияланып қоюы керек. Дәл осы жерден тұтас жүйе күрмеле бастайды.

Гранттық қаржыландыру: Сан сапаға қашан айналады?

Түйткіл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айдағы ғылыми қауым­дастықпен кездесуінде нақ сол ғылымды қаржыландыру ісіне тәртіп керек екенін айтқан еді. «Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәсе­лелерді егжей-тегжей тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет», деген еді.

Иә, уақтылы іске аспайды дегеннен шығады. Негізі гранттық қаржыландыру конкурсы 2023 жылғы 6 қарашадағы №563 бұйрығына сай 15 сәуірге дейін жариялануға тиіс. Бірақ министрлікке бағынысты Ғылым комитеті ең ерте дегенде тамыз айында конкурс басталғанын хабарлайды. Құжат қабылдау шамамен қазан айының ортасына дейін болады. Жоғарыдағы хабарландырудан оқығанымыздай, тіпті қарашаның 10-ына дейін созылған. Осы сәтте кей ғалымның жылдық есеп тапсыруы жағаласып жатады. Одан жедел болды десек, формалды тексеріс 2 айға созылады, сөйтіп жаңа жыл жетеді. Келесі жылдың наурыз айында рецензиялауға жіберіледі, мамыр-маусым айында ғана конкурстың келесі кезеңіне кімнің өткені анықталады. Әлі Ұлттық ғылыми кеңестің қарауы бар ғой, бұл кезеңде де екі айдай қарайды. Сонымен, жыл басында алу керек грант қаражат тамыз айында ғана қолға түсе бастайды. Әлгіндей кешігуден күзге қарай алуы да мүмкін. Ғылыми зерттеу институттарында ғалымдардың негізгі табыс көзі – грант. Ал бұл бір жылға созылғандықтан, ғалымдар күнкөрістің қамымен қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. 

Шешім

Өткен жылдың қараша айында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылғанын айтып сүйіншілеген еді.

«Жобаға 36 айға ақша бөлінді. Бірақ конкурс созылып, келісімшарт қараша­да ғана жасалды. Сондықтан 36 ай болған зерттеу мерзімі 26 айға дейін қысқарады. Осыған байланысты сол 36 айға есептелген зерттеуге қажет қаражаттың 100 пайызының іс жүзінде 70-80 пайызы ғана ғалымға жетеді. Соның кесірінен ғалым зерттеуді қысқа мерзімге «сығымдау­ға» мәжбүр, зерттеу сапасы төмендейді, мате­риал, жабдық, жалақы жетпейді, күн­­тіз­белік жоспар толық орындал­май­ды, қа­ражаттың бір бөлігі бюджет­ке кері қайтады, ғалымдар да, мемлекет те ұтылады. Бұл мәселе жылдар бойы шешіл­­мей келген. Себебі Бюджет кодексі қара­жатты келесі жылға автоматты түрде көші­руге рұқсат бермейтін. Былтыр жаңа Бюджет кодексін қабылдағанда біздің ұсынысымызбен қаржыны келесі жылға толық көлемде көшіруге мүмкіндік бере­тін норма қабылданды. Енді осы мүмкіндік­тің нәтижесінде «Ғылым туралы» заң­ға ғылыми жобаның мерзімі келісімшарт жасалған күннен бастап есептеледі әрі бүкіл мерзімді толық қамтиды деген норманы ұсынып, бүгін жұмыс тобын­да қабылдадық», деген депутат.

Осы өзгеріске сәйкес, енді егер шарт қарашада жасалса да, жоба толық 36 ай жұ­мыс істейді. Қаражат та сол 36 айға толық көлемде сақталады. Ештеңе қысқармай­ды, жоғалмайды. А.Аймағамбетовтың айтуын­ша, соның нәтижесінде ғалымдар­да тұрақтылық пен жоспарлау мүмкіндігі артады, зерттеу сапасы жақсарады, жалақы мен шығындар толық қамтылады, елге қажет ғылыми нәтижелер толық көлемде іске асады, Қазақстан ғылымы жүйелі түрде нығаяды.

Ал Математика және математика­лық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, PhD Берікбол Төребектің пікірінше, бұл – қуанатын нәрсе емес. «Мұнда бір мәселені ескеру керек. Егер конкурс сәуірде емес, тамызда жарияланып, грант жеңіп алғаны келесі жылғы тамызда белгілі болса, осы аралықтағы жұмыс істейтін адамның еңбек өтілі жазылмай қалады, сәйкесінше зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына ақша жіберілмей, жұмыс істемеген адам сияқты болады. Мұныңыз – үлкен кедергі. Осы тұрғыдан алғанда мәселенің шешімі – жоғарыда депутат айтқандай, шарт жасалған уақыттан бастап мерзімді, қаржыны есептеу емес, конкурсты уақытында жариялау, дер кезінде лайықтыны анықтау. Әйтпесе жыл сайынғы «жыр» жалғаса береді. Уақтылы конкурсты жарияламау неге үрдіс алып кеткен? Себебі министрліктің, соның ішінде Ғылым комитетінің конкурсты кеш жариялағанына ешкім жауап бермейді», дейді профессор Б.Төребек.

Оның ойынша, ғылыми жобаларды рецензиялау деңгейі тым төмендеді. Бұдан рецензияның сапасы күрт түсіп кеткен, бәрі бірізді, танысқа тарту жағдайлары бар. Үш жыл бұрын рецензия беретін адамдарға берілетін қаржының көлемін азайтып тас­тады, содан болуы мүмкін, қазір көбіне шетелдіктер емес, қазақстандық­тар рецензиялайды. Екіншіден, ғылы­ми жетекшіге қойылатын талап та әлсіреп кетті, бұған дейін бұл жоғары болатын. Қазір ғылыми дәрежесі бар кез келген адам жоба жетекшісі бола бере алады.

«Меніңше, гранттық қаржыландыру мерзімі 3 жылға жарияланатын болған­дықтан, осындай мәселелер туындап жатыр. Ғылымның көптеген саласында зерт­теудің нәтижесін 3 жылда көру мүмкін емес. Оның бір жылы жоғарыда айтылғандай бюрократияға кетсе, ғылым қайда қалады? Мысалы, мен 4 жыл Бель­гияда жұмыс істеп келдім. Сонда байқа­ғаным, онда грант­тық жобалар 7 жылға беріледі. 7 жыл мер­зім өткен соң тиісті коми­сия жобаны сәт­ті орындалды деп есептесе, тағы 7 жылға жаңа конкурссыз жалғастыруға ұсыныс береді. Әлемдік тәжірибе дегеннен шыға­ды, шетелдерде де гранттық қаржыланды­ру конкурсының өткізілу мерзімі 7-8 айға созылады, мұны табиғи құбылысқа балау­ға болады. Бірақ ең маңыздысы әрі басты ерекшелігі – онда конкурс уақытында ­бас­талады. Ғылымдағы қаржыландыру­­дың тұрақсыздығы салда­ры­нан салаға жас­тар­­ды тарта алмай жа­тыр­­мыз, қызықпайды,­ ­ынталанбайды, табы­сы жо­ғары жаққа кете­ді», деді ғалым Б.Төребек. 

Уәж

Біз Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігіне «Неге гранттық қаржы­лан­дыру конкурсы бұйрыққа бекітілгендей ­15 сәуірге дейін емес, жыл сайын кеш жария­ланады?» деп сұрау салдық. Министр­лік бізге берген жауабында ғылыми жобалар мен бағдарламалардың іске асыры­лу мерзімін келісімшарт жасалған күннен бастап есептеу жөнінде ұсыныс енгізгенін, аталған  ұсыныс қазіргі уақытта Парла­мент Мәжілісінде қолдау тауып, тиісті заң­на­малық және ұйымдастырушылық шаралар қабылданып жатқанын жазған.

«Гранттық және бағдарлама­лық-ныса­налы қаржыландыру қаражатын тікелей Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырмайтынын атап өтеміз. Қар­жы­ландыру Қаржы министрлігі арқы­лы белгіленген тәртіппен бөлінеді. Осы бағыт­тағы жұмыс жалғасып, мәселе заң­намаға тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешілетін болады», делінген министрлік жауабында.

Жалпы, бюджеттен қаржы алатын жұрт­тың бәріне белгілі, қаражат 1 жыл бұрын жоспарланады, алдын ала сұрау салынады, Қаржы министрлігі қарайды, дұрыс-бұрысын тексереді, сметасында сұрақтар болса, түзетуге қайтарылады, ақша сұраған ұйым оны дұрыстап тағы жібереруі керек. Түптеп келгенде қағаз жұмыстары ғой қол байлайтын.

Түйін: Сонда ғылыми жұмыс өзінің жарқ етер сәтін күтіп қос министрліктің ортасында допша домалап жүреді екен ғой. Рас, Үкімет отырыстарында жиі айтылатындай, ғылымға берілетін қаржы бұрын­ғыдан бірнеше есе ұлғайды. 2024-2026 жылдарға 703 млрд теңге бөлін­ген. Қысқасы, сан бар, сапа қайда? Бұл іспен дәлелденетін, әйтпесе сөзбен сиырқұйымшақтана беретін мәселе болып-ақ тұр. 

Соңғы жаңалықтар