Сурет: instagram.com/kazlt_nu/
Жиынның ашылуында Назарбаев университетінің студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Гонсало Хортелано мен Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамильоғлы сөз алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шара аясында халықаралық деңгейдегі жетекші ғалымдар баяндама жасады. Негізгі баяндамашының бірі – АҚШ-тың «Coastal Carolina» университетінің профессоры Анна Олдфилд «Талқылаудан тәжірибеге дейін: Орталық Азия әдебиетін оқуда, оқытуда және аударуда постколониялық теорияны пайдалану» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Сонымен қатар ол «Жасанды интеллект дәуірінде әдебиетті оқыту» атты арнайы семинар өткізді. Сондай-ақ онлайн форматта баяндама жасаған АҚШ-тағы «Michiga университетінің профессоры, антрополог Роз Уэлман бірлескен авторлық пен этнографиядағы постколониялық зерттеу әдістеріне тоқталды. Ал Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры Айнаш Мұстопаева еліміздегі гуманитарлық ғылымдағы постколониялық дискурс мәселесін жан-жақты талдады.
Сонымен бірге жиын аясында тіл, әдебиеттану, түркітану ғылымы: мәдени және тарихи сабақтастық, қоғамдық құндылықтардың тарихи, антропологиялық және философиялық негіздері секілді бағыттар бойынша сессия ұйымдастырылды.