Отандық музыканттар Солтүстік Африканың ең ірі сахналарының бірі – Opéra d’Alger-де өнер көрсетіп, Алжир операсының симфониялық оркестрімен бірге шығармашылық тәжірибесін ортаға салды. Концерт бағдарламасында Астор Пьяццолла мен Антонио Вивальдидің классикалық туындылары, сондай-ақ ұлы Абайдың рухынан шабыт алған француз композиторы Пьер Тиллуаның «Абайдың арманы» атты симфониялық шығармасы бар.
Алжирдің Мәдениет министрлігінің шақыруымен әрі Қазақстанның Алжирдегі елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан сапар аясында трио мүшелері «Higher National School of Music of Algiers» оқу орнында шеберлік сабақтарын өткізіп, жас музыканттармен тәжірибе бөлісті. Отандық орындаушылық дәстүрді таныстыру – гастрольдік сапардың маңызды бір бөлігі болып тарих қойнауына енді.
«Forte trio» мемлекеттік триосы – еліміздегі фортепиано, скрипка, виолончельден тұратын алғашқы һәм жалғыз мемлекеттік ансамбль. Ұжымның көркемдік жетекшісі – белгілі пианист, профессор Тимур Урманчеев. Құрамында халықаралық байқаулардың лауреаттары Мақсат Жүсіпов (скрипка) пен Мұрат Нарбеков (виолончель) өнер көрсетеді. Құрылғанынан бергі 13 жыл ішінде трио халықаралық сахналарда Қазақстанның орындаушылық мектебін танытып, әлемнің түкпір-түкпірінде музыкалық диалог орнатты. Гастрольдік картасына Канада, Италия, Франция, Германия, АҚШ, Аустрия, Чехия, Бразилия, Қытай және басқа елдер кіреді.
Иә, музыка шекараны білмейді. «Forte trio» дәл осыны көрерменге сездіріп, жүректерге ұмтылмас әсер қалдырды.