Жиналғандар алдында Керей мен Жәнібектің тарихта қалған ерлігі мен мәмілегерлігі, басқа да құнды деректер жайына аудан әкімі Әлихан Тойбаев жан-жақты тоқталды. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге болған тұғырдың тиянағын келтірген аудандық мәслихат депутаттары мен хандардың бейнесін түсіріп, әрлеген сәулетші Әбдікерім Әбдуәливке және халықтың бірлігін мұрат тұтқан баһадүрлердің ескерткішін жасауға қаражат бөлген Атымтай жомарт, түрік азаматы Зиядин Қасановқа ақ алғысын жеткізді.
Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі қол жеткен табыстар жайлы тебірене сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, академик Қазақбай Қасымов, Ұлы Отан соғысының ардагері Жолдан Иманқұлов, №6654 әскери бөлім командирінің орынбасары Жасқайрат Дабылбеков, Абылай хан атындағы орта мектептің оқушысы Абай Сейдін және басқалар хандардың тағылымын ұрпаққа ұран етіп, жастарға үлгі ету, ел болашағының жарқындығын бабалар өсиетімен сусындату қажеттігін баяндады. Сондай-ақ, олар жиналғандарды Елбасымен бірге болуға шақырды. Әскери борышын өтеу кезіндегі қырағылығы үшін Елбасы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін иеленген Ділшат Имамүсенұлының ерлігі дәріптеліп, жастарға үлгі етілді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.