Елордада және еліміздің басқа қалаларында мереке қарсаңында сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады. Сахналарда сүйікті орындаушылардың концерттері өтсе, театрлар мен мәдени орталықтар мерекелік қойылымдар ұсынып, балаларға арналған ойындар, аттракциондар және әртүрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады.
Астананың алты ауданында 34-тен астам локацияда мұз айдындары, түрлі-түсті фотоаймақтар және шағын сәулеттік формалар орнатылған. Жалпы қала бойынша 57 сырғанақ пен мұз айдыны бар.
Сарыарқа ауданында 12 сырғанақ пен 4 мұз айдыны бар. Қалалық алаңда үлкен сырғанақ пен мұз айдыны орнатылып, мерекелік фотосуреттерге арналған тақырыптық аймақтар мен шынайы шырша қойылған. Бөгенбай батыр даңғылындағы гүлзарда ортасында үлкен шыршасы бар мұз айдыны ашылды. «Көктал» саябағында әртүрлі жас санатына арналған екі сырғанақ пен жаппай сырғанауға арналған үлкен мұз айдыны бар.
Байқоңыр ауданында негізгі ойын-сауық нысандары «Жастар» сарайының аумағында орналасқан. Мұнда мұз айдыны, сырғанақ және жаңа жылдық шырша қойылған. Ж.Тәшенев көшесіндегі Ататүрік атындағы саябақта мұз айдыны мен сырғанақ бар. Абай даңғылындағы «Қаламгерлер аллеясында» сырғанақ, шыршалар, жаңа жылдық инсталляциялар мен шағын сәулеттік формалар орнатылған.

Есіл ауданында қысқы серуеннің басты орталығы дәстүрлі түрде ЭКСПО аумағы болып отыр. Мұнда мұз айдыны, сырғанақ және мерекелік шырша қойылған. Сондай-ақ Пригородный және «Бағыстан» тұрғын алаптарында сырғанақтар жұмыс істейді. Жаңа жылдық шыршалар Түркістан көшесі жағындағы Ботаникалық бақта, Қазақ радиосы көшесінің бойында, Достық көшесі мен Нұржол бульварының қиылысындағы жаңа скверде безендірілген. «Жетісу» саябағында сырғанақ пен шырша орнатылған.
Алматы ауданында қысқы демалысқа арналған бірнеше орын ұйымдастырылған. «Sana» спорт кешенінің артындағы Ақбұлақ өзенінің жағалауында мұз айдыны мен сырғанақ жұмыс істейді. «Жерұйық» саябағында да сырғанақ пен мұз айдыны пайдалануға берілген.
Сарайшық ауданында сырғанақтар, мұз айдындары мен әртүрлі биіктіктегі шыршалар «Қазақ Елі» алаңында, Президент саябағында, Жұмысшы мамандықтары аллеясында және «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы аумағында орналастырылған.
Нұра ауданында тақырыптық шағын сәулеттік формалар қойылып, фотоаймақтар безендірілген. Сондай-ақ төрт мұз айдыны жұмыс істейді:
- ұзындығы 213 метр болатын шеңберлі мұз айдыны Орталық саябақта;
- «Астана-Арена» стадионы аумағында;
- «Ғашықтар» саябағында;
- Үркер тұрғын алабында.
Бұдан бөлек, Орталық саябақта, «Бухарест» саябағында, «Астана-Арена» аумағында және Үркер тұрғын алабында төрт мұз сырғанағы бар.

Ал, Алматы қаласындағы іс-шаралар келесідей:
31 желтоқсанда Астана алаңында сағат 18:00-ден 00:30-ға дейін басты жаңа жылдық концерт өтеді. Концертте Мақпал Исабекова, Әлішер Каримов, Ақылбек Жеменей, Бейбіт Қорған, Ringo тобы, Ninety One тобы, Ayree, Astra тобы, Dakelot, Дәулет Жанболат сынды танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Концерттің ерекше бөлімі – DJ BATTLE. Бұл жерде диджейлер жаңа жылдық әуендер мен танымал хиттерді заманауи әрлеуде орындап, кешке ерекше динамика мен атмосфера сыйлайды.
Қазақ мемлекеттік циркінде 11 қаңтарға дейін «CHRISTMAS STARS» атты жаңа жылдық шоу-премьера көрсетіледі. Бұл қойылым мейірім, достық пен ғажайыпқа толы сюжетке құрылған және ересектер мен балаларға арналған. Бағдарламада қолға үйретілген экзотикалық құстар мен жануарлар – тотықұстар, шимпанзелер, аттар, шағын тұқымды иттер және аю қызы Яна өнер көрсетеді.
29 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Мемлекеттік қуыршақ театрында «Мульти Жаңа жыл» атты мерекелік ойын-сауық бағдарламасы өтеді. Балалар түрлі ғаламдарға саяхат жасап, Лило мен Стич, Эш пен Пикачу, Кики мен Наруто сияқты танымал кейіпкерлермен танысып, мейірімді Аяз Атаның көмегімен ертегілер әлеміне жол тартады.
Сонымен қатар, қаланың 8 ауданында арнайы безендірілген орындарда күн сайын Аяз Ата мен ертегі кейіпкерлер қатысатын мерекелік концерттер, ойын-сауық бағдарламалары мен интерактивті ойындар өтеді.
Айта кетейік, 19 желтоқсан күні Астанада бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды. Қаланың барлық ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары, жәрмеңкелер және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Осылайша, жаңа жыл мерекесі қала тұрғындары үшін тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар достарымен, отбасы мүшелерімен бірге есте қаларлық сәттерді өткізуге таптырмас мүмкіндік.