Форумда бас қосқан АҚШ, Германия, Түркия, Ресей, Англия, Моңғолия, Марокко, Литва, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және тағы басқа елдердің қаламгерлері, аудармашылары, сыншылары мен публицистері «Әлемді ашу – әлемге ашылу. Көркем әдеби аудармалар мен жазушылар байланысының проблемалары» атты тақырыпта әдеби көркем аудармадағы ортақ мәселелердің шешімін бірлесе іздеді. Осылайша Алматы тағы да әдебиет туралы маңызды әңгіменің орталық-өзегіне айналды.
Алғашқы баяндаманы жасаған Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, форумды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Бигелді Ғабдуллин халықаралық жиынның мақсатына тоқтала келе, бүгінгі қазақ әдебиеті бастан кешіп отырған дағдарыс пен тоқырау салдарының сан жылдарға созылып бара жатуының негізгі себептерін саралады. Оның басты себебі – аударма ісінің ақсауы. Талантты қолдан шыққан тәржіманың келмеске кетуі талай классик жазушыны тасада қалдырды.
«Қолына қалам ұстаған кез келген жазушы күндердің күнінде аударма мәселесімен бепе-бет кездеседі. «Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды» деген сөз бекер айтылмаған. Ұзақ уақыт бойы қазақ әдебиетінің бірегейлік қасиеті көпұлттылық идеясын ұстанған саясаттың көлеңкесінде қалып келді. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тіліне аудару ісі өте баяу жүрді. Тәржіма мәселесі туралы айтылып, қолға алына бастаған кезі кешелі-бүгін ғана. Нью-Йоркте ағылшын тілінде қазақ әдебиетінің классигі Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабы жарық көрді. Сондай-ақ қазақ ПЕН клубы тағы да он кітаптың, оның ішінде, М.Мақатаевтың өлеңдер топтамасы, М.Әуезовтің, Б.Соқпақбаевтың, О.Сүлейменовтің, С.Елубайдың, Ә.Кекілбаевтың, Г.Бельгердің, О.Бөкейдің таңдамалы шығармаларының аудармасын ұйымдастырды», дейді ПЕН клуб президенті. Оның айтуынша, Қазақ ПЕН клубы ұлттық әдебиет классиктерінің шығармаларын ағылшын тіліне аударуды кездейсоқ қолға алмаған. Кеңес Одағы ыдыраған соң бүкіл әлемде посткеңестік елдер қаламгерлерінің шығармаларына қызығушылық күрт кеміген. Соңғы 25 жылда екі-үш қазақ қаламгерінен өзгесі әлемдік деңгейге шыға алмаған.
Б.Ғабдуллин танымы ұлттық құндылықтан нәр алған, ой жүйесі қатпар-қатпар, пәлсапалық орамға негізделген, тілі құнарлы келетін қазақ қаламгерінің шығармасын шет тілге аудару оңай-оспақ шаруа емес екенін орынды еске салды. Ортаңқол түгілі, «мен» деген кәсіби шебердің өзіне құрық салдыра қоймайтын образға, ойға, стильге құрылған қазақ жазушыларының шығармалары нақты әрі дәйекпен жазылатын еуропалық, батыстық әдебиетке қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ тілін аудармаға икемдеу үшін тәжірибемен шыңдалған дайындық керек.
Сондай-ақ Қазақ ПЕН клубының жетекшісі, кітаптардың қағаз нұсқасын ғана шығарып қоймай, электронды нұсқамен «Амазон» желісі арқылы сатыла бастағанын да айтты. Кітапты басып шығару бір мәселе, түпкі мақсат – кітапты шетелдік оқырманның қолына тигізу. ПЕН клуб президенті бұл мәселені бес бағытта шешуге талпынатынын жеткізді.
Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлемнің жетекші тілдеріне аудару мәселесінің мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асуы әрқашан тиімді нәтиже көрсете бермейтіні де баяндамашы назарынан тыс қалған жоқ. Шығармаларды аудару құқығы тендерді ұтып алған ұйымдарға тапсырылғанда, аудармашылардың, редакторлардың кәсіби қабілеті ескеріле бермейді. «Сондықтан бірде-бір адам ең басты сұраққа, «бұл кітаптардың аударылу сапасы қандай деңгейде, ол әлемдік оқырманды тарта ала ма?» деген маңызды сұраққа бас қатырмайды», дейді Б.Ғабдуллин. Осыған байланысты ол мынандай мысал келтірді. Өткен жылдары Испанияның белгілі әрі беделді аудармашыларының бірі біздің елімізге сапарлап келеді. Шығармасы сол елдің тіліне аударылған Смағұл Елубай: «менің кітабым испан тіліне қалай аударылыпты? Оқып, ойыңызды айтыңызшы» деп кітабын әлгі жазушыға ұсынады. Кітаппен танысып шыққан жазушы: «кешіріңіз, бұл испан тілі емес. Мұны испан тілін білмейтін адам аударған», дейді. «Міне, мемлекеттің ақшасы осылай құмға кетіп жатыр», деді ПЕН клуб президенті. Қандай кітап қай тілге аударылады – бұл да маңызды сауалдардың бірі.
Смағұл Елубайдың айтуынша, аударма – қазақ әдебиетінің бетке ұстар жазушыларын не мақтайтын, не таптайтын деңгейде ше- телдік оқырманға жеткізетін өнер. Мақталып жатқанын оқырман құлағы көп естімейді, ал тапталғаны туралы мысалдар бар. Өз шығармасының басынан өткен сорақылық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынбай тұрған кезде, аударма ісі мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеген тұста болған жағдай екенін атап өтті. «Ұлттық аударма бюросы» қызметі де аударма ісінде осындай олқылық орын алмау үшін қолға алынды деп ойлаймын. Аударылатын кітап өз еліндегі оқырмандардың бағасын алған, уақыт сынынан өткен кітап болу керек. Өз елінде мойындалмаған шығарманы шетел қалай мойындамақ? Осындай қатаң сұрыптаудан өткеннен кейін ғана «аударатын адам кім?» деген сұрақ туындауы керек. Шетелде бұл мәселемен әдеби агенттіктер айналысады, еңбегі үшін ақы алатын болғандықтан, шығарма аударылғаннан бастап жарыққа шыққанға дейінгі жауапкершілікті толықтай мойнына алады. Ал Қазақстанда әдеби агенттің кім екенін, агенттіктің не екенін білмейтін жазушылар да бар», дейді қаламгер.
Әлемдік кеңістікте өтетін талай әдеби басқосуларға қатысып жүретін ақын Олжас Сүлейменов дүниежүзілік әдебиеттің ахуалын, бүгінгі деңгейі мен тынысын бір қаламгердей сезінетінін байқатты. «Аудармаға бөлінген мемлекет қаржысы орынды жұмсалуы керек. Бірақ тендер ойнатып, төмен ақыға келіскендерге әдебиеттің тағдырын, аударма ісін сеніп тапсыру ақылға сыймайды. Әдебиеттің мәселесін осындай жолмен шешуге бола ма? Аудармашы әлсіз болған соң еңбегін төмен бағалап тұрғанын түсінбегеніміз өкінішті», деді Олжас Омарұлы ренішін жасыра алмай. Аударманың сапасына ақын мен жазушының, тұтас шығарманың тағдыры байлаулы екенін мына бір мысалмен дәлелдей түсті. Ол Ресейдің теңдесі жоқ прозаигы, Кеңес Одағының 1960-1980 жылдар аралығындағы кезеңінде жарқырай көрінген Юрий Казаковты еске алды. Ю.Казаков кеңестік республикаларды өзі аралап, аударылуы қажет автор мен шығарманы өзі тауып алатын көрінеді. Себебі кереқарыс кітапқа төленетін қаламақының да жоғары болатыны белгілі. О.Сүлейменовтің айтуынша, Ю.Казаковтың аудармасы – нағыз сапа кепілі. Ол аударған Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері» Мемлекеттік сыйлық алды. Қазақ классигінің шығармасымен француз тілінде танысқан Францияның атақты жазушысы «Қан мен тер» туралы тамсанып тұрып пікір айтыпты. «Екінші Казаков енді қайтып тумайды», деді Олжас ақын. Ол сондай-ақ «кімдер аударылуы керек?» деген әңгімені де қозғады. Қазақ әдебиетін жаңа, биік белесіне көтеріп, өткен ғасырдың отызыншы жылдары атылып кеткен Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытовтардың шығармаларын шет тіліне аудару ісі ұмыт қалмауы тиіс. Ақынның айтуынша, «атылып кеткен» деген сөздің өзінде оқырман тартатын күш бар.
Б.Ғабдуллиннің пікірінше, әдеби форум осындай қолайсыздықтардан арылуға көмектеседі, әдебиет туралы әңгіме жалаң пікірталастарға құрылмай, нақты тәжірибеге бейімделе бастайды. Нақтырақ айтқанда, әдеби алаңға жиылған қаламгерлер бір-бірінің шығармашылығына кәсіби қызығушылық танытып, басқа елдердің заманауи әдебиетімен жақынырақ танысып, осы басқосу үстінде өздеріне аудармашылар таба алады. Форумның екінші күнінде шетелдік қонақтар қазақ қаламгерлерімен танысу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарымен, оқырмандармен, студенттермен кездесу өткізді.
Мұндай ауқымды шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауынсыз өтуі мүмкін емес еді. Форум тікелей Елбасының мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды. Бағдарламада «Егер біз ұлт болып қалғымыз келсе... «Жаһандық кеңістіктегі заманауи қазақстандық мәдениет» деген тағы бір жобаны жүзеге асыруға тиіспіз» делінген. Халықаралық жоба да дәл осы мақсатты көздеді.
АЛМАТЫ