
CNN арнасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Д.Трамппен бірге жұбайы Мелания Трамп пен ұлы Баррон да бункерге жеткізілген. Ақ үй басшысының мұндай қадамына бүкіл елде жүріп жатқан шерулер әсер етті. Әсіресе аптаның аяғында Вашингтонда мыңдаған наразы Ақ үй маңына жиналып, Д.Трамптың атына қарғыс жаудырып, ғимаратқа қарай кірпіш, бөтелке лақтырған. Шерушілердің екпінінен секемденген «Құпия қызмет» өкілдері президент пен оның отбасын протоколға сәйкес қауіпсіз камераға апарған.
The New York Times газетінің хабарлауынша, Ақ үй маңындағы митинг кезінде Д.Трамп қауіпсіз бөлмеде отырып, туиттердегі парақшасына жазбаларды қарша боратыпты. Наразылардың әрекетін заңсыздыққа теңеген ол елдегі демократтарға да тиісіпті. Дегенмен, аталған басылым президент айналасындағылар шерушілердің әрекеті тікелей Д.Трампқа бағытталмағанын, керісінше елдегі нәсілдік бөлінуге байланысты туындағанын жеткізуге тырысқанын келтіреді.
Естеріңізге салсақ, АҚШ-та қара нәсілді Джордж Флойдтың полиция қолынан қаза табуына байланысты халық шеруге шығып, көшелерді қиратып, тонап, полициямен қақтығысып, бірнеше адам жарақаттанған-ды.
Миннеаполис қаласында 25 мамырда полиция қызметкерлері жалған банкнот қолданған-қолданбағанын тексеру үшін Джордж Флойд есімді қара нәсілді азаматты тоқтатады. Ол көліктен шығудан бас тартқан. Құқық қорғаушылар оның қолына кісен салғанда жағдайы нашарлағанын байқап, ауруханаға жеткізеді. Әйтсе де, Флойд ауруханаға жетпей демі үзіледі.
Осы оқиғадан көп ұзамай әлеуметтік желілерде Флойдты тұтқындау сәті бейнеленген видео тарады. Онда полиция қызметкері қара нәсілді азаматты қылқындырып, мойнын тізесімен басып отырғаны байқалады. Видеода Флойдтың бірнеше рет «Дем жетпей барады!» айқайлап, «Мені өлтірмеңдерші» деп жалынғаны естіледі.
Осы оқиғадан кейін Флойдтың өліміне қатысы бар 4 полиция қызметкері жұмыстан қуылса, оны қылқындырған Дерек Шовин есімді полицей тұтқындалған. Оған күш қолданып, бірақ қастандықсыз адам өлтірді деген айып тағылып отыр.
Флойдтың өлімінен кейін АҚШ-тың көптеген қаласында әлеуметтік теңсіздік пен нәсілшілдікке қарсы жаппай наразылық шерулері басталған-ды. Бірнеше қалада митин соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Наразылық білдірушілер көшелерде от жағып, арнайы жасақ қызметкерлеріне тас лақтырған. Наразылық акцияларына байланысты Миннеаполис, Вашингтон, Лос-Анджелес, Майами, Портленд, Сан-Франциско, Чикаго, Атлант, Индианаполис, Филадельфия секілді бірқатар қалада комменданттық сағат енгізілді. Сондай-ақ АҚШ-тың ұлттық гвардиясы тәртіпті сақтауға бес мың сарбазды жұмылдырған. Олар Вашингтон қаласы мен 15 штатты өз қарауына алған.