
Осы ретте ғалымдардың заманауи әзірлемелерінің маңыздылығын атап өткен жөн. Жуырда Қ.Сәтбаев университетінің ғалымдары табиғи көздерден алынған суды тазартып, залалсыздандыратын әрі белсендіретін инновациялық көпсатылы сүзгі әзірлеп шығарды. Өндіріске дайын тәжірибелік үлгіні таныстырған ғалымдар пікіріне сүйенсек, әмбабап сүзгі таза су алу мүмкіндігін барынша арттыра түседі.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қоры мен бизнес қауымдастығының қолдауымен жүзеге асып отыр. Ғылыми әзірлеменің өндіріске енуімен жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы су қауіпсіздігін күшейтуге болады. Жоба жетекшісі, инженер-эколог, PhD Үмбетәлі Сәрсембин ауыз суды көпсатылы өңдеуге арналған көпфункционалды «Аквакөз» қондырғысының өндірістік ерекшеліктерін айтып берді.
«Бұл технология үш кезеңнен тұрады. Ең алдымен сүзгілеу мен сорбция жасау үрдісі арқылы механикалық және органикалық қоспалар жойылады. Содан кейін озондау үдерісі жүреді. Оның барысында су құрамындағы микроағзалар жойылып, суға антиоксиданттық қасиет береді. Соңғы кезеңде ауыр металдар мен ластағыш қалдықтар жойылады. Нәтижесінде тап-таза және қауіпсіз су алынады» дейді Үмбетәлі Сәрсембин.
«Аквакөз» қондырғысы – судың табиғи минералдық құрамын сақтай отырып тазартады. Сүзгі арқылы тазартылған судың денсаулыққа пайдасы да зор. Сүзгіден өткен судың қышқылды-тотықсыздану потенциалы –130-150 мВ-қа дейін жетеді. Бұл көрсеткіш судың биоактивтілігінің көрінісі. Ал судың pH деңгейі 7,4-ке тең.
Жаңа құрылғыны тұрғын үйлерде және ауылдық елді мекендерде, медициналық мекемелерде, тамақ өнеркәсібінде және төтенше жағдайларда қолдануға болады.
Алматы