
Кенеп бетінде тағы бір сұлба. Таңсық емес, тамырын басып көрсеңіз өнерден алшақ жан еместей. Киім кию әдебі, үлкен көзілдірігі, шалт қимылы һәм саусақтарына дейін оның өмірінен хабар беріп тұрғандай. Портретке жан берген суретшінің шеберлігіне сұқтана қарап, кейіпкерінің кім екенін аңдауға болады. Адамның артына қарап-ақ алдындағы жолын бағдарлау оңай. Бізді осындай пікірге жетелеген картина иесінің шешімі өз орнын тапқандай көрінеді.
«Мүсінші Е.Мергеновтің портреті». Туындының толық атауы осы. Кімнің қолынан шыққан десеңіз? Халық суретшісі Леонид Леонтьевтің еңбегі. Шебердің жеке шығармашылығына тоқталудың қажеті жоқ шығар, ойлы оқырман осы есімнің өзін суреткерліктің үлкен үлгісі ретінде құрметтейді.
Вертикаль форматтағы кенеп бетіне көрерменге арқасын беріп тұрған мүсінші бейнеленген. Ол – Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихы мен дамуына өз қолтаңбасын қалдырған алпысыншы жылдары шыққан талантты буын өкілі. Мәселе мұнда емес. Портрет нағыз мүсіншінің тұлғасын тарту етеді. Жеке толғанысты үстей отырып, келесі бір әлемнің есігін ашады.
Суретші өз картинасында бейдәстүрлі амалды қолданады. Міне, ең ғажап сәт. Қараңызшы, мүсіншінің портретін арқасынан қарап жазған. Еркін Мергенов басын жанына бұрып тұр. Біз атақты мүсіншінің қырынан қарағандағы байсалды таныс бейнесін көреміз. Бұл жерде көлемнен гөрі таңба басым. Қара шаш пен қоңыр желетке және ақ жейде мен ашық түсті шалбар қарама-қарсылық. Мүсіншінің өмірдегі қайшылықтары десек болатындай.
Қандай да болсын кездейсоқ элементтер жазылмаған. Біртүсті жазықтағы мүсіннің сұлбасы ерекше көңіл аудартады, осы арқылы ол фоннан бөлініп тұр. Өткір, кей жерлері жатық сұлба тіксызықты торлардың ішіне кіргізілген, содан мүсініміз аздап рабайсыз және тұлғалы көрінеді.
Шынтуайтында Еркін Мергенов мүсін өнерінде осындай дара болған. Ол – авангардшы және модернші, туындылары ешкімді де бейжай қалдырмайды. Біреулерді тәнті етіп таңғалдырса, енді біреулерді қабылдай алмаса да, барлығының жадында қалып өнер және өмірдің мәңгілік құндылықтары туралы ойлануға мәжбүрлейді.