
Көркем картина көңілден шықса, ойыңызда шыр көбелек айналып жүріп алады. Суретші Иван Фомичтің «Макинка қысы» шығармасы санада өткен қыстың естелігін жаңғыртқандай болды. Уақыт ұршығы қанша дөңгелесе де әр мезгілде бір сағыныш қалады. Қылқалам шебері балалық шағының баянды сәтінен бір үзік сыр тарқатқандай. Бұл туындыда да бір қасірет бар.
Кенептен әркім әртүрлі түс көреді. Бұл қыстың да қысқа болғаны даусыз. Ұзаққа созылғандай көрінгенімен көктем келген соң көрген түстей ғана болып қалды. Өнер иесінің өткен өмірінің бір өрнегіндей мәңгі баянына айналары анық. Киіз үй тектес пішінде берілген үй шатырлары өткен ғасырдың кескін-келбетін көз алдыңызға әкеледі.
Шынында, суретші «Макинка қысы» картинасында тың игеруге келген еріктілер мен энтузиастардың алдынан шыққан тұрмыс қиындықтары мен қатал табиғатты беруге тырысқан. Біз картинадан қар басқан түнгі ауылдың жай-күйін көреміз. Ол Макинканы кенеп бетіне қараңғы аспан, аласа үйлер, мұржадан будақтаған түтін арқылы бейнелеген. Жапалақтап жауған қар үлпілдеп, айналаның бәрін ақ мамықпен жауып тастаған. Бақсаңыз, картина суыққа шомылғандай, ызғырық атып тұрған табиғаттың көрінісін сыйлайды.
Иван Фомич салқын, тынық түстерді қолдана отырып, тып-тыныш әрі жайлы кішкентай ауылдың бірқалыпты тіршілігін жеткізген. Еңбек адамдары қақаған аязды да жеңіп шығуға қауқарлы екенін баяндайды. Тұрмыс тауқыметін тартқан пенде иесі азапты суықты да, қанды соғысты да, қараорман қайғыны да еңсерер күшке ие. Мольберттегі бояумен жазылған мақаланың мәні осы.