
Ауқымды іс-шараның ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген университет ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев алдымен халықаралық конференцияның қазақтың көрнекті геолог-ғалымы, Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтпаевтың туған күніне орайластырылғанын атап өтіп, жиында қаралатын мәселелердің бүгінде әлем ғалымдарының назарын аударып отырғанын айтты.
– Бүгінде климаттың өзгеріп бара жатқаны, өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрінің азайып кетуі, тіпті жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғандығы, жаңа аурулардың пайда болуы жұмыр жердің бетін мекен еткен барша адамзат баласын алаңдатып отыр. Бүгін Ахаң университетінің қабырғасында 7 елден 140 ғалым бас қосып, осы өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірнеше бағыт бойынша қарастырмақ, – деді Ербол Исақаев.
Конференцияға қатысушылар отыз жылдан астам ғұмырын Солтүстік Қазақстанның орнитофаунасын, жыртқыш құстар миграциясы мен ұя салу ерекшеліктерін зерттеуге арнаған белгілі орнитолог Евгений Брагинді еске алды. Ғалым 2020 жылы коронавирус індетінен көз жұмған болатын. Профессормен бірге әр жылдары Науырзым қорығы мен Алтын дала табиғи резерватында зерттеу жұмыстарын жүргізген шетелдік ғалымдар Евгений Александровичтің әлемдік орнитология ғылымына қосқан үлесі елеулі екенін атап өтті.
– Евгений Александрович Науырзым қорығындағы құстар әлемін зерттей жүріп, 2002 жылдан бері Қостанай мемлекеттік университетінің студенттеріне дәріс оқи бастады. 2012 жылы біржола университетке жұмысқа келді. Орнитологиялық зерттеулерін осы жерде жалғастырды. Ол жыл құстарының көшу жолын зерттеу үшін Қазақстанда алғашқылардың бірі болып спутник белгі бергіш құрылғыларды пайдаланды. Ал қанатты жыртқыштардың бір-бірімен өзара қатынасын және басқа да құстармен қарым-қатынасын зерттеу үшін шетелдік әріптестерімен бірлесіп молекулалық-генетикалық әдістерді жиі қолданды, – деді ғалымның жары, биология ғылымдарының докторы Татьяна Брагина.
Конференцияның негізгі бөлімінде техногендік агроэкожүйе жағдайындағы дала өсімдіктері, Қазақстанның далалық ландшафты және оның туристік әлеуеті, Қазақстандағы дала экожүйесі және оның қорғалуы деген мәселелер сөз болды. Ғалымдардың айтуынша, далалық ландшафтардың адамзат өркениетінің даму тарихындағы орны ерекше. Сондықтан дала табиғатының ерекшелігін жан-жақты зерттеу маңызды. Осыған орай, 2008 жылы Қазақстанның далалық аумақтары ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізіліп, Науырзым және Қорғалжын қорықтары халықаралық деңгейде зерттеле бастаған. Конференцияда осы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін жинақтап, жоғары білім беру бағдарламасына енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Қостанай облысы