
Жоғарыда атап өтілген ғылыми тұжырымға жүгінсек, ұршықтың тарихы тым тереңде көрінеді. Біз білетін бір дәлел Ботай қонысына жүргізілген қазба жұмысы кезінде ұршықтың қыш басы табылғаны. Десек те – бұл затты басқасын білмеймін Шыңжаң және Бай-Өлке қазақтары күні бүгінге дейін қолданады. Тіпті кейбір әулеттерде енеден келінге жалғасып келе жатқан өте көне түрлері де кездесіп жатады. Қазіргі таңда алтын, күміс, қола, тас ұршықтар ондағы әрбір әулеттің сандығында жатқаны анық.
Ұршық бірнеше бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – басы. Ол ағаш, мүйіз, тас, сүйек, қыш, қорғасын сияқты әртүрлі заттан жасалып, дөңгелек пішінді дәл ортасында тесігі болады. Осы тесікке сап өткізіледі. Сап ұршық басынан жартысүйем шығып тұрады. Саптың ұшар тұмсығын тесіп, иірілген жіпті қозғалтпай ұстап тұратын тиек істетті кішкентей ағаш мұрындық өткізіледі. Мұны кейбір өлкеде «ұршық сірге» деп те айтады. Сол сияқты дөңгелек ұршықбастың бір шетін керіп, жіп сусып кетпейтін тетік жасайды. Ұршықтың иірілген жіп жиналатын тұсын, яғни сабының бауырын алқым дейді. Осы алқымға толған жіпті «бір көз толма» деп атайды. Арқа өңірінде «ұршық толма» деп те айтады екен.
Ұршық жоғарыда біз айтқан бөліктерден кездейсоқ құрала салмайды. Оның өз есебі, қисыны, өлшемі бар. Мысалы, басының салмағы үлкен болған сайын тесігі зораяды да, сабы жуан болады. Жуан сапқа берік мұрындық бекітіледі. Яғни иірілетін мата немесе жүннің түрі мен сапасына байланысты ұршықтың ауыр, жеңіл, орташа түрлері қолданылады. Яғни ұршықты күрделі геометриялық формасын білетін адам ғана жасайды. Нақтырақ айтсақ, сабы мен басының қозғалыс үйлесімі дәл келуі шарт. Олай болмаса, ұршық дұрыс айналмайды да, иірілген жіп ширатылмай жүнжиді.
* * *
Ұршық – қолданбалы өнер туындысы болудың сыртында, халқымыздың фольклоры мен әдебиетінде кеңінен көрініс тапқаны байқалды. Атап айтқанда, үлкен жазушы Шерхан Мұртаза «Жарамазан» атты әңгімесінде: «Дүлей боран құйын соққандай пергенде қосақталған екі соқырды шыр айналған ұршықтай иіріп әкетті» деп жазса, ғұлама-ғалым атамыз Мәшһүр Жүсіп «Шайхы Бұрқы диуана» атты еңбегінде: «Мұса пайғамбардың заманында Шайхы Бұрқы деген диуана болыпты. «Құдайға құлшылықты жан аямай қыламын!» деп, иірген ұршықтай қырық күн, қырық түн шыр айналған екен дейді.
Сол сияқты, Қазақстанның халық ақыны марқұм Әселхан Қалыбекова: «Шыр айналған ұршықтай, Ширығудың мәні бар, Еңбек қылсаң тәубе деп, Тәңірдің атар таңы бар» деп жырласа, ақын Әбубәкір Қайран:
Өнер мен ғылым, білім дүниесін,
Бірлік бар, ұршықтай ғып иіретін.
Елміз ғой шалқайғанға шалқаятын,
Елміз ғой еңкейгенге иілетін, – дейді.
Ал қазақтың белгілі жазушыларының бірі Оралхан Бөкейдің «Күлпәштың ұршығы» атты шағын әңгімесі барын көпшілік жақсы біледі. Күлпәш – юморлық әрі реалистік образ. Автордың айтуы бойынша, Күлпәш – өте қарапайым кейіпкер, ешкімге ұқсамайтын, есте оңай сақталатын әйел. Иіретіні – ұршық. Ұршықты жанынан тастамайды. Түнде басына жастанып ұйықтайды. Яғни шығармадағы негізгі символдық бейне – ұршық. Күлпәштің ұршықша иірілуі – «зыр жүгіріп кетер еді, үйіне қарай құстай ұшып, безіп бара жатқан (үйден шығарда сүт алғанға дейін белі айналып, аяғын әрең қозғайтын), қолтығына қысқан олжасын зыр жүгіріп апарып тастап, сүйектен жонып істеген ұршығын алып, құстай ұшып қайтып келе жатқаны, етті жеп алған соң ұршығын сұратып жібергені суреттеледі. Бұл жерде ұршық – жеңіл, ойсыз, бірақ ақкөңіл жанның мінезінің бейнесі. Екінші жағынан ұршық – зыр айналған өмір және түрлі жағдайда түрліше сөз сөйлейтін өзгеше типтегі адамдардың құйтырқы мінезі.
Осы әңгіме жайлы ой қорытқан әдебиеттанушы-блогер Томирис Есқали: «Оралхан Бөкейдің «Күлпәштің ұршығы» – суреткерлік шеберлігін жаңа бір қырынан танытатын қызықты сюжетке құрылған шығарма. Қолында ұршық, өзі ұршықша иірілген Күлпәштің юморлық образы арқылы жазушы қоғамда белең алып бара жатқан өтірік көлгірсу мен жағымпаз мінездің ауылынан шалғайлатып, жасанды әрекеттерсіз қарапайым тірлік кешкен ауыл адамының ұлттық болмысымен жақындаса түсіруді мақсат тұтқандай», деп түйіндепті.