Саясат • 03 Қазан, 2023

Елдік бірлікке ұйыстырған

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалы­ғымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Елдік бірлікке ұйыстырған

Кеңес отырысының күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бір­лік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселелері, сондай-ақ «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан хал­қына Жолдауын іске асыру үшін құрылған Парламенттегі «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының қызметі талқылан­ды. Бұл депутаттық бірлестік өз жұмысын биыл маусым айында бастады. Оны сарапшылар парламентаризм дамуының жаңа кезеңі деп бағалап отыр. Себебі жалпыұлттық бірлік­ті нығайту мәселелері бойын­ша палатааралық және пар­тияаралық өзара іс-қимылдың нақты құралы қалыптасты.

сми

Кеңес отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, сондай-ақ Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Закиржан Күзиев баяндама жасады. Жиынды ашқан ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның маңызына тоқ­­та­ла келе: «Елімізде өткен конс­титуциялық реформа, Пре­зидент, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, Ұлттық құрылтай форумдары, «Әділетті Қазақстан» идея­сы ел дамуына жаңа серпін берді. Бұл әділеттілік векторы, азаматтардың мемлекетті бас­қаруға қатысуының жаңа мүм­кіндіктері, қосымша әлеу­меттік және саяси баспалдақтар», деп атап өтті.

Бірлік пен ынтымақты ту қылған ел қоғамының әртүр­лі­лігі – жекелеген бөліктерден тұра­тын құрылым емес, бөлінбей­тін біртұтас ағза екендігін атап өткен ол мемлекеттік тілдің халықты біріктіруші күшін арттыру қажеттігіне тоқталды. «Біз «Адал азамат» тұжырымын тек идеологиялық конструктор ретінде емес, қоғамның негізі және қозғаушы күші деп танытуымыз керек. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің халқы­мыз­ды біріктіруші фактор ретін­дегі рөлін күшейту – уақыт талабы. Елімізде барлық ұлттың мүддесін көздейтін салиқалы тіл саясаты жүргізіліп келеді. Бұл – бәріміздің құндылығымыз, жетістіктеріміздің кілті. Қазақ тілін дамыту басқа тілдерге нұқ­сан келтіру арқылы жүр­гізіліп жатпағанын ұмытпау керек. Ол – біздің азамат­тық бірегейлігіміздің символы. Қазақстан халқы Ассаблеясының осы бағыттағы еңбегі өз жемі­сін беріп келеді», деді Марат Әзілханов.

Ел халқының этносаралық бірлігін арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталған Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев елімізде биыл­­ғы оқу жылынан бастап тәрбие жұмыстарын күшейту мақсатында біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. «Бағдарлама шең­берін­де 2023-2026 жылдарға ар­нал­ған жоспарға сәйкес ассамблея жастарымен бірлесіп, білім орындарында арнайы педагогикалық, психологиялық түсініктерін жетілдіру бойынша біліктілікті арттыру курс­тары, бейбітшілік пен келісім сабақтары, мотивациялық келі­сімдер, өзара қарым-қатынас әдебі тақырыбында кездесулер өткізіледі», деді ол.

Сонымен қатар білім алу­шыларға мемлекеттік тілді үй­рету бойынша жүйелі қадам­дар іске асып жатқанын әңгі­мелеген оқу-ағарту министрі мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз», «Бір­лігіміз – әралуандықта» қағи­даттарына негізделген ауқым­ды іс-шаралар ұдайы ұйым­да­с­тырылып отырғанын атап өтті. «Осы бағыттағы нақты іс-шараның бірі – «Қазақша ойлау» жобасы. Балабақшадан басталып, одан әрі бастауыш сыныптарда жалғасатын бұл жоба арнайы әдістеме негізін­де барлық оқушының ерте жас­тан мемлекеттік тілді меңгеруіне жол ашады. Бүгінгі таңда жоба мектептерде апробациядан өтіп, жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Жоба осы оқу жылынан бастап ел мектептерінде кезең-кезең­мен енгізу көзделген», деді министр.

Сонымен қатар кеңес барысында өзге қатысушылар да бірқатар ұйымдастырушылық мәселені талқылады. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Пар­ламенттегі өзі жетекшілік ететін «Бір ел – бір мүдде» депу­тат­тық тобының мақсаты мен жұ­мысына тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобын құру туралы бастама көтерген болатын. «Сенат бюросы осы топты құр­ды. Еліміздегі қоғамдық келі­сім мен ұлттық бірлік сала­сын­­дағы мемлекеттік сая­сатты заң­намалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселесін келісу – топтың басты мін­деті. Жұмыстың бұл түрі Парламент пен Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара тиімді іс-қимылына және аза­мат­тық қоғам институттары ара­сындағы этносаралық қатынас­тарды үйлестіруге ықпал етеді. Топтың құрамында Парламенттің 30 депутаты бар», деді сенатор.

Сонымен бірге, Нұртөре Жүсіп жиын басында көтеріл­ген негізгі мәселе – мемлекет­тік тіл­дің еліміздегі ұлтаралық тіл­ге айналуына қатысты да ойын білдірді. «Қазіргі күні ақ­параттық жүйе қарқынды дамып келеді. Соның ішінде жасанды интеллекттің орны ерекше. Оқу-ағарту министрі мен Ғылым және жоғары білім министрі бұл бағытта ойлары мен бастамаларын ортаға салды. Оның бәрін депутаттар қолдайды. Расында, біз тілімізді заман көшінен қалдырмаймыз десек, осы бағытқа көңіл бөлуі­міз керек. Бұл жерде ІТ маман­дары­мен бірлесіп жұмыс жүр­гізуі­міз қажет. Сонымен қатар ассамблея жастары қолға алып отырған «Үйде сөйле» жобасын ерекше айтқым келеді. Біз Парламент депутаттары тарапынан оған қызу қолдау көрсетуге дайынбыз», деді ол.

Кеңес отырысы аясында ұйымдастырылған Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлерінің ҚХА Кеңесінің мүшелерімен кездесуі барысында қатысушылар еркін форматта өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, этно­мәдени бірлестіктердің өкіл­дерін қызықтырған мәселелерді талқыға салды.