
Талдықорғанда өткен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.
«Жалпы, біздің өңірде 5 негізгі стратегиялық бағыт бойынша, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, туризм, жер қойнауын пайдалану және баламалы энергетика салаларына жаңа инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Жетісу облысында ең алдымен, су, жел және күн энергиясы бағытындағы жаңартылған энергия көздерінің айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өткім келеді. Өңірдің қолайлы табиғи-климаттық жағдайы туристік саланы дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жетісудың топырағы құнарлы, суы мол, сондықтан ауыл шаруашылығын белсенді дамытып келеміз, қазір біз ылғал үнемдейтін технологияларға баса назар аудара бастадық. Бизнесті дамытуға, инвестициялар тартуға қажетті жағдай жасаймыз. Америкалық инвесторларды ынтымақтастыққа шақырамын», деді Б.Исабаев.
АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін қатысушыларға өзінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Сэмюэль Фонтела мен Бас консулдың көмекшісі Зульфира Садықжанованы таныстырды. Сонымен қатар ол өңірдегі баламалы энергетиканы, әсіресе күн энергетикасын дамыту мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты, сондай-ақ облыс әкімдігінің теңгеріміне бұрын берілген «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА қызметіне қатысты өздерін қызықтырған мәселелер жайлы сұрады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту саласына да қызығушылық танытты. Жазда Алакөл ауданында жыл сайын өтетін «Lepsi» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға ниет білдірді. Бас консулдың бұл ұсынысына облыс әкімі қолдау білдіретінін айтты.
Кездесу соңында қос тарап алдағы уақытта сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға дайын екендіктерін білдірді.
Жоғарыда айтқанымыздай, туризмді дамыту – Жетісу өңіріндегі басым бағыттардың бірі. Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Қытайға барып, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында туристік нысандар бойынша симпозиумға қатысты.
Аталған іс-шарада Қытай-Қазақстан туризмінің келешегі туралы талқыланды. Екі мемлекет те туристік ресурстарға бай және даму үшін үлкен әлеуетке ие. Еліміз өңдеу мен игеруде бірегей экологиялық ресурстарға бай. Сондай-ақ қаржылық салымдар бойынша табысты іске асырылуы мүмкін көптеген жоба бар. Алайда Қытай-Қазақстан туризмін дамытуда кедергілер кездеседі. Сол себепті халықаралық іс-шарада оларды шешу жолдарының мүмкіндіктері қарастырылды.
Екі ел арасында визасыз режім қолданылады. Онда азаматтардың мемлекеттер аумағында болу мерзімі 30 күннен аспауы керек. Қазір екі ел үшін де туристік сала бойынша туындаған мәселе көп. Шекарада туристік маршрут жоқ. Туристердің өтуі жалпы арнайы жүру орны арқылы жүзеге асырылады, бұл өз кезегінде маршруттардың өтуін қиындатады. Сондықтан да туристер үшін жеке көлік түрі қажет. Осы ретте кедендік бақылаудан жедел өту үшін туристік компаниялардан тізімдерді алдын ала беру туралы ұсыныс енгізілді.
Бұл мәселемен қатар электронды коммерция бөлігінде туындайтын қиындықтар да талқыланды. Қазір елдің көптеген азаматы онлайн тауарлар сатып алады. Бірақ тауарлардың транзиті қиын. Елдердің шекараларында кідіріс бар. Қауіпсіздік тексерулерінен өту, тауарды бөлу, «Қазпошта» арқылы пошта-логистикалық қызметтерден өту көп уақыт алады. Жеке компаниялар тауарларды бөлек тасымалдай алмайды. Электронды коммерцияның дамуы бизнестің өрлеуіне мүмкіндік береді.
Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, айтылған проблеманың бәрі хаттамаларда көрініс табатынын және табысты әріптестік алдымен оларды шешу жолдарын іздестіруде құрылатынын жеткізді.
Жетісу облысы