Аймақтар • 02 Сәуір, 2024

Батыс Қазақстан облысында 4525 адам эвакуацияланды

71 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында су тасқынымен күрес және апаттан құтқару жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында 4525 адам эвакуацияланды

Соңғы мәлімет бойынша облыс аумағында қауіпті жерлерден 4525 адам эвакуацияланды, оның 1771-і – бала. Қауіпсіз орындарға 1425-тен астам ірі қара, 2004 бас ұсақ мал және 33 бас жылқы айдалған.

Барлығы 764 мың метрден астам еріген су сорылып, 161 мыңнан астам қап төселді.

«Қазір облыс бойынша 1 мыңнан астам адам тасқынға қарсы күресіп жүр, 300-ден аса техника және 100-ден аса мотосорғы жұмылдырылған», деп хабарлады Төтеншеліктердің баспасөз қызметі. Олар күшейтілген режімде жұмыс жүргізіп жатыр.

Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті, Бұлдырты өзендеріндегі су деңгейі көтерілуі нәтижесінде 4 ауданның 9 ауылындағы тұрғын үйлерді су басқан. Барлығы 515 тұрғын үй су астында қалды. Бұл сан әлі нақтыланып, тексеруден кейін жергілікті атқарушы органдар комиссиясы залалды бағалайды. Оның нәтижесі бойынша су басқан үйлердің нақты саны айқындалады.

Қ. Құттымұратұлы

Бөрлі ауданында 2 сәуірде сағат 07:00 шамасында бөгеттің екі жерінен су толғаны анықталып, дереу шаралар жасалды. Соңғы мәлімет бойынша, облыста 25 жерде автожолдардың үстінен су өтіп кетсе, 32 тұста су шайып, жолды бүлдіргені анықталды.

Тәулік бойы қызмет етіп тұрған БҚО ТЖД жедел штабына 2 мыңнан аса, «қауырт желі» телефонына 296 қоңырау түсті. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты күрделі болғанымен, тиісті мекемелер бақылап отыр.

«Қазгидромет» филиалы бүгіннен бастап күн жылынатынын, ауа температурасы көтерілетінін хабарлады. Осыған орай су тасқыны қаупі сақталады. Қазір тиісті мамандар жағдайға мониторинг жүргізіп, су басу қаупі болған жағдайда эвакуациялық шараларға кірісуге даярлық жасап жатыр.