Үкімет • 03 Сәуір, 2024

Су апатының сұрауы болады

108 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқынына қатысты жағдай қаралды. Моноқалаларды дамыту перспективасы да Үкімет талқысына түсті. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов министрлік су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырып жатқанын айтты. Алғашқы сағаттан бастап министрлік (ТЖМ), әкімдіктер, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.

Су апатының сұрауы болады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Зардап шеккендерге көмек беріледі

Жалпы, су тасқыны жағдайы күр­делі болып отыр: батыс өңірлерде су­дың шамалы төмендеуі байқалады. Ел­дің орталық, солтүстік және шығыс бөлі­гінде өзендер деңгейі қарқынды түрде көтеріліп келеді. Бес облыс су басу аймағында қалған. Әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай (ТЖ) жариялады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай әлі де күрделі. Министрліктің күші мен құралдары дереу жұмылдырылып, сол жерлерге жіберілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су тасқыны кезеңінің басында республикалық меншіктегі 94 су қоймасында тасқын суларды жинау және оларды өткізу үшін бос сыйымдылықтар құрылғанын айтты. 1 наурыздағы жағдай бойын­ша су қоймаларының орташа бос сыйым­дылығы 60%-ды құрады. Өңірлерде апаттық-құтқару жұмыстары тынымсыз жалғасып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар, әйелдер мен балалар ТЖ аймақтарынан бірінші кезекте эвакуацияланып жатыр. Су тасқыны кезін­де барлығы 15 786 адам құтқарыл­ды. Оның ішінде 6 187-сі – кәмелеттік жасқа толмаған бала. Қазір уақытша орналастыру бекеттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала бар. Су тасқыны бел­сенді кезеңге өтпеген елді мекендер­де су басудың алдын алу шаралары күшейтілді.

Премьер-министр Қорғаныс министріне ТЖМ-ға техникалық көмек және жеке құрам түрінде барлық қажет­ті қолдауды көрсетуді тапсырды. Биыл мұндай су тасқыны бұрын-соңды болмағанын айтты. Үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқанына да тоқталды.

«Ел азаматтарын әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқау­ларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бере­ді. Эвакуациялау – бірінші кезекте, сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қам­та­масыз етуге бағытталған», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы зардап шеккендер­дің ешқайсысы мемлекет тарапынан көмек­сіз қалмайтынын атап өтті. Жедел ден қою және үйлестіру жұмыстарын жақсарту үшін Премьер-министрдің басшылығымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жұмыс істеп жатыр.

Премьер-министр отырыс қоры­тындысында бірқатар нақты тапсырма берді:

  • ТЖМ Қорғаныс министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алдын ала эвакуация­лау жұмыстарын жүргізе отырып, адам­дардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және оларды құтқару жөнінде қажетті шараларды қабылдауы керек;
  • ТЖМ басқа да күштік құры­лымдармен бірлесіп, су басқан елді мекендерде уақтылы апаттық-құт­қару және кезек күттірмес шұғыл жұмыс­тарды жүргізу үшін жеткілікті күштер мен құралдар көлемін тартуы керек;
  • Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы су тасқынына ден қоюды ескере отырып, елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су тасқынына жол бермеу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауға тиіс;
  • ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тас­қынының алдын алу жоспарын әзірлеуі керек;
  • Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация министрліктері мен өңір әкімдіктері стихия келтірген залал көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуді дереу бастауға тиіс.

 

Кешенді шаралар қабылданады

Отырыста моноқалаларды дамыту­дың перспективасы да күн тәртібіне қойылды. Расында 1,3 млн-нан аса тұрғыны бар 20 моноқала еліміздің өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру бағытында 23 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын айтты. Өткен жылдың қорытындысында өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құрады. Моноқалаларда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырмен салыстырғанда 92,3 мыңнан 100,2 мың бірлікке дейін өсіпті.

Экономиканың нақты секторын дамыту және инфрақұрылымдық мәсе­лелерін жүйелі шешу мақсатында Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамы­тудың 2023-2027 жылдарға арнал­ған кешенді жоспары бекітілді. Бар­лығы 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара қарастырылған. Моноқалалар инфра­құрылымын дамытуға биыл 62,8 млрд теңге жоспарланған. Экономиканы әртараптандыру және экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өндірістер құру аясында 10 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 41 жоба іске асырылып жатыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев моноқалалар экономикасына инвестиция тарту мәселе­сіне ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Мәсе­лен, биыл 100 млрд теңгеге 4 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде, мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады екен.

Моноқалаларды дамытуға қосымша инвестиция тарту мақсатында геология саласында бірқатар жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр. 2020-2022 жылдар ара­лы­ғында жүргізілген мемлекеттік геоло­гиялық зерттеу нәтижелері бойынша, моноқалалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурстар табылды. Сонымен қатар моноқалалар төңірегін барлауға 28,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Биыл Абай, Курчатов, Балқаш, Алтай қалаларында 5 перспективалы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.

Отырыста моноқалалардың әлеумет­тік ахуалы көп жағдайда ондағы ірі кәсіпорындардың жұмысына байланыс­ты екені айтылды. Өндіріс көлемі­нің төмендеуі әлеуметтік және демо­гра­фиялық мәселелердің әлеуетті көзіне айналуы мүмкін. Кейінгі 20 жылда ондағы тұрғындардың саны екі еседен астам азайып кетті. Мұның басты себептері жұмыс орындарының тап­шылығы, жалақының аздығы және тұрмыс сапасының төмендігі болып отыр.

«Біз моноқалаларды дамытып, жас­тар үшін тартымды еткіміз келеді. Ол үшін табысты арттырып, жұмыс орындарын көбейту қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек. Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік туралы ұмыт­пағаны дұрыс. Оның ішінде, жұ­мыскерлердің құқығын қорғауға, өндірісті кеңейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеу­меттік бастамаларға бірінші кезекте назар аудару қажет», деді О.Бектенов.

Моноқалалардың инженерлік инфра­құрылымын жаңғырту барысы туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев әңгімелеп берді. Айтуынша, Степногорск жылу электр орталығы жөндеу-қалпына келтіру және Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту жұмыс­тары іске асыру кезеңінде тұр. Сондай-ақ Степногор, Риддер, Темір­тау, Шахтинск, Рудный, Екібастұз, Кентау қалаларында 28 қазандық пен 11 турбинаны жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Сонымен бірге, 11 қаланы газбен жабдықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл игі шара келешекте 600 мыңға жуық тұрғынды көгіл­дір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы моноқалалардағы инфрақұрылым нысандарының тұрақты жұмысына ерекше назар аудару керек екенін айтты. Сонымен қатар халықты негізгі қызметтермен қамтамасыз етуге ден қою керек: инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласында елді мекеннің дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік беретін индустриялық аймақ құру нәтижелері туралы баяндады. Жыл соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары қалаларында осындай индустриялық аймақтар құру тапсырылды. Келешекте бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек.

Шағын қалаларды дамыту бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет басшысы мынадай тапсырмалар берді:

  • Жуық арадағы нақтылаулар мен түзетулер аясында инфрақұрылымды қаржыландыру лимиттерін ұлғайту жұмысы жандандырылсын. Бұл ретте, жергілікті бюджеттің әлеуетін толық пайдалану қажет;
  • Жылу электр орталықтарын­да, сон­дай-ақ жылу, су және электр желі­­лерінде жоспарланған жөндеу жұмыс­тарының толық көлемде орындалуы кестелерді сақтай отырып, қам­тамасыз етілсін. Келесі жылыту мау­сымына дайындық бойынша әкімдерге талап қатаң болады;
  • Отандық өндірісті ынталандыру үшін осы жылдың соңына дейін моно­қалалардағы ірі кәсіпорындармен бірге оффтейк келісімшарттар санын кемінде екі есе арттыруды тапсырамын;
  • Екі аптаның ішінде моноқала­лар­дағы бос тұрған алаңдарда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға байланысты нақты ұсыныстар енгізілсін;
  • Техногендік-минералды түзі­лімдерді қайта өңдеу үшін инвесторлар тартылсын. Биыл моноқалалар маңында геологиялық барлау жұмыс­тарын жүргізу қажет.