Халық • 08 Сәуір, 2024

Көмектің алғы шебінде – әскери ұшқыштар

55 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен тәулікте апаттан құтқару шараларына Қарулы күштердің 450 әскери қызметшісі, 23 көлік техникасы, төрт тікұшақ және әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды.

Көмектің алғы шебінде – әскери ұшқыштар

Ақтөбе қаласының Әуе қорғанысы күштері мен ұшқыштар дайындайтын институттың ұшу экипаждары жергілікті халықты эвакуация­лау, мамандарды тасымалдау және гума­нитарлық жүктерді жеткізу шараларын жал­ғастырып жатыр. Әскери авиация бортымен 50 адам тасымалданды.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға Сол­түстік Қазақстан, Қостанай облыс­та­рының аумақтық қорғаныс бригадалары жұ­мыл­дырылды. Қызылжар ауданы Теп­лич­ное аулында әскери қызметшілер бөгетті кү­шейтумен айналысты. Қостанайда Тобыл өзе­нінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. Қостанай облысының Арқалық қаласынан 85 шақырым жерде Қызыл жұлдыз елді мекенінде әскерилер әкімдіктің жедел шта­бына 20 орындық армия шатырын орналастырды.

Қарағанды облысында «Астана» өңірлік қолбасшылығы 44803, 55524 әскери бөлімдерінің және мотоатқыштар бригадасының әскери қызметшілері құм салынған қаптарды да­йындап, төсеумен, су айдаумен, каналдарды тазалаумен, үйлердің айналасындағы қарды тазалаумен және бөгеттер айналасына үйінділер жасаумен айналысты. Жұмыстар Көбетей, Нұра, Егінді, Мыңбай, Кертінді елді мекен­дерінде жүргізілді.

Орал қаласында аумақтық қорғаныс брига­да­сының әскери қызметшілері Бәйтерек ауданының «Жырау» саяжай алабында 1200 қап құм және «Аз ауыл» шағын ауданында 1300 қап дайындады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы 41433 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Аты­рау облысының Құлсары қаласында Құл­сай өзе­нінің жағалауын күшейтуге кө­мек­тесті, ал Индер ауданының Қарабал аулында Ойыл өзе­ні жағалауын күшейтуге 1500 қап құм төсел­ді.

Жалпы, 27 наурыз бен 4 сәуір аралығында Қарулы күштерден барлығы 1255 әскери қыз­метші, 69 көлік техникасы, армия авиа­циясының 10 тікұшағы, әскери-көлік авиациясының 2 ұшағы жұмылдырылды. Екі мыңнан аса адам эвакуацияланды, оның ішінде 590 бала. 66 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданып, 42 мыңнан аса қап құм төселді, бір жарым шақырым ағын су кәрізі тазартылды.