Айбын • 16 Мамыр, 2024

Тарихи деректер диорамасы

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуе қорғаныс күштерінің офи­цері Рамазан Бақтияров соғыстағы әскери қимылдардың диорамасын жасайды. Диора­маны 3D форматындағы картина десек те болады. Офицер кішкентай пішіндегі солдат ойыншықтарды, түрлі әскери ұрыс техникасына негіздеп жа­са­ған макеттерді пайдалана отырып, соғыс алаңындағы сұра­пыл қимылды бейнелейді.

Тарихи деректер диорамасы

Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сұрапылдағы әр сұмдықты дәлме-дәл көрсете білудің өзі үлкен із­де­ністі қажет етеді. Диорамадан снаряд тиіп қираған жау шебін, қозғалт­қы­шы­нан қою қара түтін будақтаған жүк көліктерін байқайсыз. Оқ тиіп, құлап бара жатқан, окопта жаумен арпа­лысқан солдаттарды шынайы бей­не­леген.

Офицер Рамазан Бақтияров мек­тепті тәмамдаған бетте Ресейдегі Георгий Жуков атындағы әскери әуе-ғарыштық қорғаныс академиясына оқуға түседі. Зениттік-зымырандық кешеннің мамандығына оқиды. Одан кейін Қарағандыға келіп, әскери қызметке орналасады. Әлі осы салада қызмет етіп жүр.

ыв

«Бір күні ойыншықтардың дү­ке­ніне кіріп, сөрелерді қарап тұр­ғанмын. Мектеп оқушысы кіш­кентай ойыншықтарды сұрас­тырып, диорама жасайтынын айтты. Содан мен де қызықтым, осы қызықты өнерді игеріп алдым. Бәрін ғаламтордан қарадым», дейді диорама жасауды қалай бастағанына тоқталған офицер.

Офицердің кез келген диорамасына үңілсеңіз, әр детальды әбден орынды орналастырғанына көз жеткізуге болады. Белгілі бір тарихи айқастарды суреттейтін болса, солдаттардың киім­­дері де, қолдарындағы қарулары да, әскери техника үлгілері де сол уа­қыт­тан хабар береді. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғысқа жасаған диораманы әуелі әбден зерттеп алған. Ол туралы офицердің өзі былай дейді.

– Екінші дүниежүзілік соғыстың ауқымы өте үлкен. Жер шарының жартысы қамтылған соғысты түгелдей суреттеп шығу мүмкін емес. Мен тек белгілі бір ұрыстарды бейнеледім. Мәселен, Курск шайқасына тоқ­тал­дым. Курск шайқасын диорама етуге тарихи оқулықтарды ақтардым. Сонымен қатар сол уақытта фашис­тер­дің, кеңес әскерінің ұстаған қару­ларының, зеңбіректерінің, киген киімдерінің, ұшақтарының үлгісін толықтай зерттедім. Гитлершілерге сол кезеңде жақтас болған елдерді де елеусіз қалдырмадым. Одақтас елдердің солдаттары бар мұнда. Менің диорамамда ешқандай деталь жөн-жосықсыз қойылмаған. Вьетнамдағы соғысты да суреттедім. Вьетнам әскері туннельдер арқылы соғысқан. Менің диорамамда сол көрсетілген. Жерасты жолдарында кәдімгі қару-жарақ қоймалары болған. Казармалары да сонда. Осы деректерді барынша қамтуға тырыстым. Маған соғыс туралы түсірілген фильмдер көп көмектесті. Жұмысқа кіріспес бұрын фильмдерді мұқият көріп шығамын. Вьетнамдағы айқастар туралы туынды өте көп. Қарамағымдағы өзіме көмектесетін сарбаздармен жиналып көреміз. Олар да сол аураға енуге тиіс. Сонда жұмыс шынайы шабытпен істеледі. Бір сөзбен айтқанда, диорамамыз жай ғана қиялдың қуатымен жасалмайды. Тарихқа жүгінеміз, – дейді ол.

Бір диораманы жасау үлкен ізденісті қажет етеді. Онда қойылатын макеттерді, әр детальды, ойыншықты табудың өзі де – үлкен шаруа. Басқа қаладан тапсырыспен алдырып жататын кезі де болады. Бағалары да қымбат екенін айтады. Мұндайда қасындағы достары қаржылай көмек көрсетеді.

Мәселен, Бородино шайқасы бейнеленген диорамаға 300-ден астам ойыншық жұмсалған. Оның 90 пайызы – сарбаздар. Бұл шайқасқа қазақ әскерінің де қатысқанын ескеріп, әр әскердің ұрыс тактикасын бейне­леу­­ге күш салған. Бір айта кететін жайт, әр диорама қорабының сыртында тарихи деректер жазылған.

Еліміздің Қарулы күштеріне ар­нал­ған диораманы жасау өзі осы сала­ның маманы болғаннан соң әлдеқайда оңай болды дейді. Бұл диорама оқушыларға ерекше ұнай­тын көрінеді. Әскери салаға әбден қызыққандары «Есейгенде мен де сарбаз боламын, осылай ұшақпен қа­­лық­таймын», деген армандарымен бөлі­­седі екен.

Мұнымен қоса Рамазан Бақтияров мектепке барып, балаларға сабақ береді. Оқушыларға дәп осы диораманы пайдаланып, әскери-патриоттық тақырыпта дәріс оқиды.

– Менің өткізген сабағым бала­лар­ға өте ұнайды. Диорамаға қарап тұрып, соғыс туралы, сондағы әскери техникалар туралы айтып беремін. Соғыс тактикалары туралы да кеңінен тарқатамын. Мұндай үлгіде берілген ақпарат жадыға жақсы сақталады. Айтып тұрған әңгімеңіз көз алдыңызда болып жатқандай әсер аласыз, – дейді офицер мырза.

 

Қарағанды облысы