Спорт • 21 Мамыр, 2024

Джеруто жолдама алды

29 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңіл атлетикадан Қазақ­стан ұлттық құрама коман­дасының мүшесі Нора Джеруто АҚШ-та өткен USATF Los Angeles Grand Prix турнирін қола медаль­мен қорытындылады.

Джеруто жолдама алды

3000 метрге кедергілер арқылы жүгірген Джерутаның нәтижесі – 9:22.45 секунд. Олимпия ойындарының лицензиясына иелік ету үшін осы көрсеткіш оған жеткілікті болды. Бұл – еліміздің жеңіл атлеттер ко­мандасының қоржынындағы әзірге екінші жолдама. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Нидер­ланд­тың Роттердам қаласында ұйым­дастырылған марафоншылар жары­сының қорытындысы бойынша Жанна Мамажанова Париж Олимпиадасына қатысушылардың тізіміне қосылды.

Ал Нора Джерутоның өзіне келер болсақ, ол 1995 жылы Кенияда дүниеге келді. 2016 жылы Африка чемпионатында топ жарды. 2017 жылдан бері Норамен бірге тағы екі кениялық желаяқ Өскеменде іргетасы қаланған «Алтай Атлетикс» клубының намысын қорғап келеді. 2022 жылы олар Қазақстан ұлттық құрамасы сапына қабылданды. Дәл сол маусымда Джеруто АҚШ-тың Юджин қаласында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Еліміздің жеңіл атлеттері бұған дейін бірде-бір рет дәл осы додада жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілмеген еді. Содан кейін ол сәбилі болды. Арада бір жарым жылдай өткеннен соң Нора Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті.