Өнер • 22 Мамыр, 2024

Қайта түрленген «Нотр-Дам де Пари»

46 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

XX ғасырдың әйгілі хореографы Ролан Петидің Морис Жарр­дың музыкасына қойған «Париж Құдай анасының соборы» атты аңызға айналған балеті – бекзат өнер жанкүйерлері­нің қай кезде де асыға күтетін қойылымы. Айтулы туынды елорда тұрғындары мен қонақтарына «Астана опера» театрының Үлкен залы сахнасында ұсынылды.

Қайта түрленген «Нотр-Дам де Пари»

Виктор Гюгоның көпшілік жақ­сы көретін классикалық рома­нының желісі бойынша жасалған спектакль өзінің бірегейлігі мен өзектілігін әлі күнге дейін бәсең­сіткен жоқ. Керісінше ол кө­рермендердің өшпес махабба­­тына ие болып қоймай, үнемі театр сыншыларының да оң баға­сын алып келеді.

«Астана опера» балет труп­пасының орындауындағы спек­такльді 2016 жылы зор табыс­­пен өткен премьерасынан бас­тап елордалық көрермендер ғана ұна­тып қойған жоқ, сонымен қатар оған Абай атындағы театр сахнасында Алматының және Мария театрының сахнасында Санкт-Петербургтің талғампаз кө­рермендері де таңдай қаға қол соқты. Өйткені Ролан Пети қо­йылымды алғаш рет Париж опера театрында сахналаған сәттен бастап оның даңқы асқақтай бер­ді. Алпыс жыл бойы сан алуан балет труппаларының интерпретациясында әлемдік же­текші ­театр сахналарында қойылып ке­ле жатқан спектакль сиқырының сырына әлі ешкім толық бойлай алған жоқ. Десе де әр ұжым түрлі тәжірибе­лер­ге барып, әлемдік классиканы өзінше түрлендіруге бейілді. Соның бірі де осы – «Астана опера». Елорда театрындағы бұл балет франциялық «Ролан Пети балеттері» қорымен бірге жүзе­ге асырылған, қойылым үйлес­тірушісі әрі жарық бойынша суретші – Жан-Мишель Дезире.

см

Осы тұста ескере кететін бір жайт, айтулы балетті орындау кез келген ұжымға сеніп тапсырыла бермейтінін баса айтқымыз келеді. Оны репертуарға қосу үшін әртістер жоғары кәсібилік пен керемет актерлік шеберлікті паш етуге тиіс.

Ролан Петидің бірегей туындысы «Астана операға» әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова­ның бастамасымен әкелінген болатын. Өз уақытында Алтынай Әбдуахимқызы маэстро Ролан Петидің шақыруымен 5 жыл бойы оның труппасында еңбек етіп, француз майталманы­ның көптеген хореографиялық жау­һарларындағы басты партияларда жарқын өнер көрсеткен.

Кейін өзі еңбек ететін «Астана опера» театры сахнасына алып келуді мақсат етіп қойған биші осы балетті қою үшін Франциядан арнайы маман шақырады. Ол – әлемдік музыкалық қауымдас­тық биыл жүз жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан маэстро Ролан Петидің досы, ассистенті әрі дәстүрлерін сақтаушы маман Луиджи Бонино. Аталған балет хореографиясының авторлық нұсқасының мінсіз тазалығын сақтау үшін елімізге ат терлетіп жеткен балетмейстер «Париж Құдай анасының соборы» спек­такліне шын мәнінде соны серпін сыйлады.

«Мен Қазақстанға, Астанаға осынау керемет спектакльмен қайта келгеніме, сонымен қа­тар «Астана опера» балет труп­пасымен және оның көр­кемдік жетекшісі Алтынай Асыл­мұ­ра­товамен тағы да жұмыс істеп жат­­­қаныма қуаныштымын. Ол ме­­нің жақын досым, талантты жан. Алтынай ханыммен бірлесе өнер тудыру – жанның рахаты. «Астана опера» сахнасына шық­қан «Па­риж Құдай анасының собо­ры» ба­ле­тінің қойылу деңгейіне қою­шы балет­мейстер ретінде көңі­лім толды. Расымен де Ролан Пети­дің сти­лін орындау өте қиын, себе­бі ол классикалық бидің техника­сы­нан айтарлықтай ерекшелене­ді. Дегенмен бұл қиындықты талантты труппа ә дегеннен еңсере білді. Әртістер тапсырманы тамаша орындап шықты. Осы орайда театрдың жетекші солистерін атап өтпеске болмайды. Ғажап биші Бақтияр Адамжан Ролан Пети­дің көптеген спектаклінде өнер көр­сеткен және осы балеттегі бас­ты партияны жиі орындаған, со­ның ішінде Бақтиярдың Италияда та­­ныстырған Квазимодосын тал­ғампаз көрермен зор қошеметпен қарсы алды. «Париж Құдай ана­сының соборы» балетінің Астана халқының көңілінен шыққанына өте қуаныштымын. Бұл – сөзсіз еңбегіміздің ақталғаны, деді Луид­жи Бонино.

Аталған қойылым туралы Thoughts on Papyrus. Exploration of Literature, Cultures & Knowledge сайтында жарияланған сын мақа­лада: «Осынау авангардтық спектакль өзіне балеттің дәстүрлі эле­менттерін заманауи би техникасымен біріктіре отырып, үш түрлі жігіттің: қатал дін қызметшісі Клод Фролло, ұсқынсыз, бірақ ақкөңіл қоңыраушы Квазимодо мен келбетті капитан Фебтің ғашықтық ынтызарлығының нысанына айналған кедей сыған қызы Эсмеральданың хикаясын баяндайды. Әлдебіреу емес, Ив Сен-Лоран жасап шығарған жарқын, сәнді костюмдер, сондай-ақ компози­тор Морис Жаррдың музыкасы осы­­нау қойылымды нағыз көз қуан­тар­лық мерекеге айналдыруға кө­мек­те­се­ді. Оның үстіне, балет дін­ге берілушілік, парыз, романти­ка­лық махаббат пен құштар­лық сынды тақырыптарды қозғай­ды», деп бағалай келе: «Париж Құдай анасының соборында» Ролан Пети хореографияның дамуындағы өзі­нің ең үлкен дарынын – тарихи реализм мен фантастикалық хикаямен біріктіре алатын қабілетін паш етеді. Топтық билердің де, қуатты солоның да хореография­сы шыңына жеткізілген, ал музыка өріс алып жатқан драма­ның маңыздылығы туралы жиі ескер­тіп отырады. Мәселен, ол сыған қызы туындатқан құштарлық, Эсмеральда немесе Квазимодо кез келген сәтте тап болатын қауіп ­болуы мүмкін», деп тұшымды түйін жасалыпты.

Елімізде ғана емес, әлем көрер­мендері ортасында да жоғары ба­ғаға ие болған балетте «Астана опера» театрының симфониялық оркестрі, балеті, хоры және мимансы «Құрмет» орденінің ка­валері Руслан Баймурзиннің же­текшілігімен өнер көрсетті. Ал спек­такльдің басты бейнелерін елордалық театрдың танымал әр­тіс­тері таныстырды. Атап айтсақ, нә­­зік Эсмеральданың партиясын қос құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Өнербаева орындаса, Квазимодоның рөлінде сахнаға Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Бақтияр Адам­жан, Серік Нақыспеков шықты. Фрол­ло – Арман Оразов, Айбар Тоқ­тар, Феб – Диас Құрманғазы (де­бют), Еркін Рахматуллаев сарапта­уын­да көрерменімен қауышты. 

Соңғы жаңалықтар