Футбол • 21 Маусым, 2024

Жастардың жігері тас үгіп тұр

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Германия сән-салтанатын келістіріп, дақпыртын асыра өткізіп жатқан футбол додасы тартысты ойындармен тарихқа еніп жатыр. Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі 2-турды орталаған құрамалардың кейбірі плей-оффқа шығуға әлі де үмітін сөндірген жоқ. Құрлық додасына негізінен жігері тас үгетін көкөрім жастары келген Испания құрамасы да күні бұрын плей-офф кезеңіне өтіп қойды.

Жастардың жігері тас үгіп тұр

С тобында 2-турында Сло­вения футболшылары Сербия құрамасын ұтқандай еді. Иә, 69-минутта Жан Карничник гол соғып, командасын алға шығарып, тіпті 90-минут түгесілгенге дейін басымдықпен өткізген. Алаңдағы бас қазы румын Иштван Ковач негізгі уақытқа 6 минут қосып берді. Соңғы секундтар сырғып жатқанда бұрыштамадан жет­кен допты Лука Йович голға ұластырып, құрамасын жеңіліс­тен құтқарды. Матчтан кейін Сербия құрамасының бас бапкері Драган Стойкович Йовичтің талантты футболшы екенін айтты. Бірақ негізгі құрамда алаңға шығарған жоқ, тек 64-минутта Влаховичтің орнына жіберді.

«Ойынның өне бойында допқа иелік етуде біздің жігіттер басым болды. Шабуылдаушы құрама екенімізді айқындап бердік, негізгі мақсатымыз жеңіске жету еді, тең нәтижені де қанағат тұтамыз. Біз әршқашан да со­ңына дейін тартысқа барып табандылық танытатынымызды көрсеттік», деді Сербия ұлттық құрамасының бас бапкері Драган Стойкович.

Словения құрамасының бас бапкері Матяж Кек шәкірттерінің Германияға серуен үшін кел­мегенін, сербтерге қарсы тартыс та Словения футболының тарихына алтын әріппен әдіп­телетінін баса айтты.

«Біз Словения футболының мінезін көрсеттік. Сербия құра­масының стандартты шабуылдарда өте қатерлі екенін де білдік. Меніңше біз сербтердің соңғы шабуылында айылымызды сәл ерте босатып алдық. Алда шешуші матч тұр, еңсемізді тіктеп, сол ойынға барымызды саламыз», деді Матяж Кек.

Бұл топтың фавориті санал­ған Англия құрамасы Да­ния футболшыларымен тең түсті. Ағылшындар дат футболшыларын еркін жеңеді деп болжаған жауырыншылардың дегені дөп келе қоймады. 18-минутта Харри Кейннің голынан кейін басымдықты қолға алған ағыл­шындардың қорғанысы көп өтпей-ақ сыр берді. 34-минутта Мортен Юльманн таразы басын теңестірді. Қос команда осы нәтижені қанағат тұтты. Бұл топтан плей-офф кезеңіне өтуге Англия құрамасы бір табан жақындай түсті. Дания құрамасының да топтан шығып, плей-оффқа өтуге үміті зор.

В тобындағы 2-турды қоры­тын­дылаған Испания мен Ита­лия құрамалары арасындағы тартыстың тағдырын Рикардо Калафьоридің автоголы шешті. Испания құрамасының жас перілерінің кезекті шабуылын тойтарам деген Рикардоның өз қақпасына автогол соғуының арқасында Испания құрамасы 1/8 финалға өтті. Бұл осы Еуропа чемпионатындағы бесінші автогол болып тіркелді.

Италия құрамасының жар­ты­лай қорғаушысы Брайан Крис­танте Испания футбол­шыларының тамаша ойнағанын жеткізді. «Рас, бізді олар әбден қыспаққа алды. Бұл елдің футбол ойнау мәнері өзгеше, бізді әбден титықтатты. Олар үнемі допты өз иеліктерінде ұстап, басымдықты жібермеуге тырысады. Бізге де қарсы шабуылдарды өрістетіп, гол соғатын орай туғызудың сәті келген, бірақ қарсыластарымыз адым аштырмады», деді жартылай қорғаушы.