Шымкент • 30 Тамыз, 2024

Этномәдени бірлестіктердің көмегі

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтіп, соның аясында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 200-ден аса жеткіншекке мектепке қажетті оқу құралы берілді.

Этномәдени бірлестіктердің көмегі

Шымкент қаласы ҚХА төраға­сы­ның орынбасары, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев Білім күні қар­саңында аталған акцияның өтіп отырғанының маңызы зор екенін айтты.

«Шыны керек, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, қазір мектепке қажет оқу құралдарын сатып алу – жағдайы орта отбасы­лар­дың өзіне қымбатқа түсіп отыр. Оның үстіне дәл оқу басталарда бар­лық ата-ана баласын мектепке дайындап, базар деген қазандай қайнап жатыр. Сондай кезде нарық заңдылығына сай, сұраныс артып, баға да өседі. Сондықтан кейбір ата-аналар балаларына оқуға қажетті дүниелерді толық сатып әпере алмауы мүмкін. Қоғам болғаннан кейін әлеуметтік деңгейі әр түрлі адам болады. Мүмкіндігінше, жағдайы төмен азаматтарға қоғам болып көмектесу – парыз. Мұндай акцияның жұртшылықтың бір-біріне деген жанашырлығы мен мейірімділік сезімін оятуда маңызы үлкен. Бұл ретте қазақ жерін мекен еткен қаншама диаспора өкілдерінің де қайырымдылыққа қосып отырған үлесі мол. Өйткені бәріміз де бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан Қазақстан дейтін алып мем­ле­к­еттің азаматымыз. Сол үшін де балалардың жүзіне қуаныш сыйлау баршамыздың міндетіміз», деді ол.

Өз кезегінде балаларына мектеп­ке қажетті оқу-құрал­дарын дайын­дап берген қайы­рымды жан­дарға алғысын жаудырған, алайда аты-жөнін атауды жөн санамаған көп­ба­лалы ананың да «Мектепке жол» акция­сына дән риза екенін жүзінен байқа­дық.

«Отбасылық табысымыз көп емес. Бірақ жыл сайын осындай ізгі жандардың арқасында балаларымызды сабаққа да­йындаудан онша қиналмаймыз. Шынымды айтсам, қазір мектеп жасындағы балаларға бар жағдай жасалып жатыр. Ешқан­дай ата-ана да, оқушы да далада қалмайды. Бір жағынан, бұл қайырымдылық акциясы еш­кім­ді бөліп-жарып отырған жоқ. Бар­лық баланы тең көреді. Соның өзі көңілге – демеу. Осындайда өзіңнің мемлекетке, қоғамға керек екеніңді сезінесің. Сондықтан балаларыма «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген бабалар өсиетін үнемі ұғындырып отырамын», деді ол.

Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы «Жомарт жан» орталы­ғының жоспарына сәйкес өткен «Мектепке жол» акциясына қалалық славян, корей, өзбек, түрік, әзербайжан, грузин, ұйғыр, күрді, еврей, шешен-ингуш, татар-башқұрт, грек этномәдени бірлестіктері белсене қатысып, ізгілікті іс-шараға бір кісідей атсалысты. Бұған қоса, шымкенттік этномәдени бірлес­тік­тердің белсенділері көпбалалы отбасылардың балаларын қажетті оқу құрал­дарымен қамтуды әлі де жалғастыруды көздеп отыр.

 

ШЫМКЕНТ