Саясат • 13 Қыркүйек, 2024

Еңбек адамына ерекше көзқарас

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Президент Жолдауын талқылауға арналған кездесу өткізді. Басқосуда Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру тетіктері, ҚХА-ға қарасты этномәдени бірлестіктердің жұмыс жоспары сараланды.

Еңбек адамына ерекше көзқарас

Суретті түсірген – автор

Кездесуге Қазақстан халқы Ассам­блея­сы төрағасының орынбасары – Прези­дент әкімшілігі ҚХА Хатшылығының мең­герушісі Марат Әзілханов, қалалық мәсли­хат депутаттары, Қазақстан халқы Ассам­б­леясының мүшелері, этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері мен «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері қатысты.

Іс-шараны ашқан М.Әзілханов Жол­дауда айтылған міндеттердің жүйелі жүзе­ге асуына бір шаңырақ астына жинал­ған тату ұйым ретінде ассамблея айшықты үлес қосуы керек екенін айтты. Татулық пен тұрақтылық, рухани даму біздің басты бағдарымыз деген ол Жолдауда айтылған бірқатар бағытқа тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезек­ті Жолдауында ел дамуына серпін беретін негізгі салаларды дамытудың маңызды қадамдарын атады. Лайықты нәтижеге қол жеткізу үшін кәсібилік пен адалдық басты құндылық екенін баса айтты. Алдағы 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, кәсіби білім жүйесін реформалауға қатысты бастама көтерілді. Президенттің жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттайтынын айтқаны – миллиондаған қарапа­йым еңбек адамдарына бағытталған үлкен құрмет. Адал әрі табанды еңбегімен табыс­қа жеткен азаматтардың қоғамдағы мәр­тебесін көтеру – орынды іс. Барша ҚХА мүшелері Отанымыздың өркен жаюына еңбек етуіміз керек, – деді М.Әзілханов.

Жолдауда айтылған тақырыптарға жеке­лей тоқталған этномәдени бірлестік­тердің жетекшілері де ойын ортаға салды. «Барбанг» күрдтер қауымдастығы Алматы филиалының жетек­шісі Анвар Надировтің сөзінше, дәс­түрлі Жолдау елдегі экономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге бағыттал­ған бастамалармен қатар, заң мен тәртіп саласына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.

– Президент кейінгі жылдары ауыл шаруашылығына көп көлемде қаржы бөлініп жатқанын айтып, елде 2 млн ірі қара мал мен 3 млн уақ мал санда бар да санатта жоқ болып анықталды деп саладағы шикілікті атап көрсетті. Мал шаруашылығы маманы болғаннан кейін, осындай шикіліктің Президент назарына іліккені олқылықтың орнын толтырады деп үміттенемін. Сондықтан бұл Жолдауды жаңа мүмкіндіктер мен бола­шаққа деген сенімнің көрінісі деп қабыл­дауға болады. Әрқайсысымыз ел дамуына үлес қосу мақсатында Жолдауда қамтыл­ған бас­тамаларды қолдап, өз саламыз бойынша міндеттердің орындалуына үлес қосуымыз қажет. Әлеуметтік-экономикалық даму, қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер елді өркендетуге негізделген ілгері қадам деп есептеймін, – дейді А.Надиров.

Кездесуде қоғамда қызу талқыланып жатқан атом электр стансасын салу мәселесі де талқылаудан тыс қалмады. Ел аумағындағы ірілі-ұсақ стансалардың қуат-көзі қажетті сұранысты қамтуға қауқарсыз деген бірқатар сарапшы мәселеге сауатты көзбен үңілуіміз қажет деп пікір білдірді.

– Атом электр стансасын салу мәселесі – қоғамда үлкен сұраныспен талқыланып жатқан тақырып. Президент Жолдауында бұл жіті айтылып, халықтық референдум негізінде шешім қабылданатын болды. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Неге десек, дамыған мемлекеттер бұл бағытта әлдеқашан оңтайлы қадамға барған. Біз де сол көшке ілесуіміз керек. Өндірісімізді өркендетіп, экономикалық қуатымызды арттыру үшін энергетикалық тәуелділік мәселесін түбегейлі шешіп алғанымыз жөн. Энергия тек өндіріске ғана емес, қоғам өміріндегі барлық саланың дамуы, біздің сапалы өмір сүруіміз үшін қажет. Кәсіпкер ретінде Бельгия, АҚШ, Еуропа елдерін жиі аралаймын. Мұндай стансалардың талайын өз көзіммен көрдім. Орынсыз фобиядан арылып, нақты қадам жасайық дер едім. Энергия тапшылығының рет­телуі шетелдік инвесторларды көптеп тар­ту­ға, халықты тұрақты жұмыс орнымен қам­ту­ға, энергия қорын көбейтуге жол ашады. Техникалық талаптар ескеріліп, жоба сала ғалымдарымен кеңесе жүзеге асса игі – деп атап өтті Қазақстан ұйғырлары этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше