Өндіріс • 18 Қыркүйек, 2024

Классикалық киім шебері

86 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел экономикасы шатқаяқтап тұрған сонау 1998 жылы ағайынды Хилажевтер іргесін қалаған «Glasman» компания­сы осы күні отандық жеңіл өнеркәсіптің көшін бастап тұр. Сырттан ағылған сапасыз киімдерге тосқауыл қойып, бәсекелестікте бәсі артқан компания алғашқы жылдары-ақ ерлерге арналған классикалық костюм тігудің шебері атанған.

Классикалық киім шебері

Жұмыс үдерісі түгел автоматтандырылған

Жыл өткен сайын шеберлігін шың­дап, отандық кәсіпкерліктің дамуына сүбе­лі үлес қосып келеді. Талғар қала­сында орналасқан ірі тігін фабрикасы 10 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Негізгі 4 өндіріс желісінен (пиджак, шалбар, жейде және тоқылған бұйымдар) тұратын отандық фабрикада 250 жұмысшы бар. Он саусағы іске икемді шеберлер тәулігіне 2 мыңның маңайында киім тігіп, сауда сөресіне дайындап шығарады.

Талғар тұрғындарын тұрақты еңбек­пен қамтып отырған кәсіпорынның мектеп оқушыларына арнап тіккен формасы жоғары сапасымен сұранысқа ие. Соны­мен қатар әуе компаниялары мен ұлт­тық компаниялар, коммерциялық нысандар, банктер мен мейрамхана, кү­зет құрылымдары қызметкерлеріне ар­­­найы тігілген униформаларына елі­міз­­д­­ің әр түкпірінен тапсырыс түседі. Фаб­­ри­ка өнімдері елдің барлық аймағын қамти­тын 41 фирмалық дүкенде саудаланады.

«Компания еңбеккерлерін өз ісінің шеберлері деп айтуға негіз бар. Өнімділік артып келеді. Жұмыс тәртібі мен реті күнделікті қада­ғаланып отырады. Озық технология енгізілген кәсіпорын толығымен автоматтандырылған. Өткен жылы 41 мыңнан астам киім тігіліп, дүкен сөрелеріне жөнелтілді. Осы жылдың жоспары бойынша 120 мың бірлік киім тігу көзделген. Қыркүйек айында фабрика тігіншілері 7 мың бірлік киім тігіп шығарды. Дегенмен өндірісті өркендетуде шикізат мәселесі қол­байлау екені белгілі. Киім тігуге қажет маталар мен жіптер Түркия, Қытай, Еуропа елдерінен сатып алынады», дейді «Glasman» ЖШС директоры Анвар Хилажев.

ук

Отандық жеңіл өнеркәсіптің тасын өрге домалатып отырған фаб­рикада жұмыс үдерісі то­лықтай автоматтандырылған. Озық технологияларды пайдалану арқылы еңбек өнімділігі артып қана қойған жоқ, сонымен қатар жоғары сапаға қол жеткізу мүмкіндігі де туды. Фабрика өнімі сәнді де сапалы болып шығуы үшін бірнеше сатыдан өтеді. Айталық, киімге қажет мата алдымен жоғары температурада өңделіп, екі тәулік қозғалыссыз сақталады. Одан соң бақылаушы мамандар матада ақаудың бар-жоғын тексерістен өткізеді. Матаның әр орамына штрих-код беріліп, мәліметтер базаға жүк­тел­геннен кейін ғана дизайнер электронды түрде матаға өрнек салуды бастайды.

Фабрика тігіншілері матаны қол­мен кесу дегенді ұмытқалы қа­шан?! Заманауи құрылғы да­йын­далған үлгілерді автомат­ты түр­де әзірлейді. Соның нә­тижесінде кем­шіліктер мен қателіктерге жол беру азайған. Алайда мамандар дайын үлгіні тағы бір тексерістен өткізуді ұмытпайды. Осыдан кейін ғана кесілген мата үлгілері тігін цехына жіберіледі. Мұнда үлгілер жеке бөліктерге бөлініп, қалтасы, аксессуары, белбеуі мен түймесін тағу жұмыстары жүзеге асады. Сөйтіп, киім тігу үдерісі да­йын өнімді үтік­теу­мен аяқталады.

«Отандық бизнеске қолдау ауадай қажет. Технологиялық үдерістерді автомат­тандыруға жұмсаған шығын­да­рымыздың бір бөлігін өтеу үшін «Qazlndustry» АҚ-ға өтінім беріп, қолдауға ие болдық», дейді кәсіпорын басшысы.

 

«Адал азамат» қағидатына сай келеді

Ұжым басшылығының кәсіби маман тапшылығын жою және жергілікті колледж түлектерін өн­ді­рістік практикадан өткізу, олар­дың жұмыспен қамтылуына қолұшын беруде белсенділік танытып отыр­ғанын да атап айтуға тұрарлық. «Glasman» фабрикасымен Талғар поли­техникалық колледжі 2017 жылдан бастап тігін­ші мамандығы бо­йынша дуалды оқытуға келісімшарт жа­сасқан.

«Дуалды оқыту аясында жалпы оқу санының 60 пайызы меке­меде өткізіледі. Білім алу­шыларды бірінші курс­тан осы фабрикаға жұмысқа орна­ластыруға бағыттаймыз. Бұл мақсатта экскурсия өткізіп, таныс­тырамыз. Екінші курстан өндірістік практикаға барады. Әрине, барлық 25 білім алушы «Glasman» тігін фабрикасына орналастырылмайды, топтың 40-50 пайыз студенті практиканы тігін фабрикасында өтеді. Кейбір жақсы білім алушыларға ақылы төлем жасалады. Үшінші курста толық кәсіптік практика өндірісте өткізіледі, онда да «Glasman» фабрикасы жақсы көмек көрсетіп, практикаға қабылдайды. Нәти­же­сінде, білім алушылар заманауи жабдықтармен, озық технологиямен танысады және жұмыс барысын жете түсінеді», дейді Талғар по­ли­­­техникалық колледжінің кә­сіп­­тік оқыту ше­бері Айсалқын Теміржанқызы.

Биыл оқу орнын тәмамдаған түлектердің ішінен Ұлжан Асанова мен Тахминам Садырова фаб­рикада тұрақты жұмысқа орна­ласып, табыс тауып әрі шебер­ліктерін шыңдап келеді.

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған еді. «Адал әрі табанды еңбегімен табыс­қа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отыр­ған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына то­лық сай келеді» деген Президент сені­мі­не лайық азаматтардың бірі әрі бірегейі «Glasman» ЖШС директоры Анвар Хилажев десек, артық айтқандық емес. Ол бастаған ұжым­ның ширек ғасырдан бері жоғары сапаға ие брендтік өнім­дері тұтыну­шылар көңілінен шығып қана қоймай, импортқа тәуелділікті төмендетіп келеді.

 

Алматы облысы