
Сурет: ru.freepik.com
Кәсіпкерлердің мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлері «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Ветеринария туралы» заңдардың жаңа редакциясында ескеріледі.
Шешім бір жарым жыл көлемінде жүргізілген ауқымды жұмыстың оң нәтижесі екені анық. Осы уақыт ішінде салалық бірлестік өкілдері мемлекеттік органдармен, сарапшы мамандармен, барлық мүдделі тұлғалармен бірқатар кездесу ұйымдастырып, талқы жасаған еді. Нәтижесінде, Парламентаризм институты сарапшыларымен және Мәжілістің Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің қолдауымен отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қорғауға, өз өнімдерін саудалауы үшін қолайлы жағдай тудыруға мүмкіндік беретін сауда әрекеттерін реттеу мәселелері бойынша 30-дан астам түзету мен ұсыныстан тұратын блок жасақталды. Түзетудің негізгі бөлігін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ұсынған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізу жоспарланды.
«Бұл дүкен сөресіндегі отандық өнімді ығыстырып, тұтынушы таңдауын түгел жаулап алатын импорт азық-түліктермен тең дәрежеде бәсекеге түсу үшін әділетті шарттың жасақталуына түрткі болатын, отандық өндірушілер еңбегін қорғайтын аса маңызды қадам деп білемін. Отандық кәсіпкерлер осы заң жобасын депутаттар да бірауыздан қолдайды деп үміттенеді. Геосаяси ахуалды ескерсек, бүгінде мемлекет үшін импорттық өнімдерге деген мемлекет пен тұтынушы бағыныштылығын азайту аса маңызды екені сөзсіз», деді «Қазақстанның сүт одағының» басшысы Владимир Кожевников.
Тамақтану секторы өкілдерінің айтуынша, отандық өнімдерді бөлшектеп сату, әсіресе сауда жүйесінде өте төмен деңгейде. Өйткені сауда кәсіпорындарына арзандатып берілетін, көп ретте бағасы отандық өнім бағаларынан төмен болатын шетелдік азық-түлік өнімдерін сату әлдеқайда тиімді. Көрші елдерде азық-түлік өнеркәсібіне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Сондықтан отандық өнімдер импорттық өнімдермен салыстырғанда өндіру мезетінің өзінде артықшылықтарға ие болады. Бұған қоса, көп ретте импорт азық-түліктердің сапасы сын көтермейді.
«Салалық бірлестік ұсынысын жұмыс тобында қарастырып, оларды «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгіздік. Бұл түзетулер отандық өндірушілердің ғана емес, тұтынушылар құқығын да қорғауға арналған», деді депутат Нұржан Әшімбетов.
Азық-түлік секторының салалық бірлестіктері мен оларға қатысушылардың отандық бөлшек сауда сөрелеріндегі импорт пен отандық өнімдердің арақатынасына қатысты бағалары ресми деректерден айтарлықтай ерекшеленеді. Сауда және интеграция министрлігі мәліметіне қарасақ, шекаралық аймақтардағы жекелеген категориялар бойынша отандық өндірістік азық-түлік өнімдерінің үлесі – 80–90%. Кей өнімдер бойынша тіпті 100%-ды құрайды. Салалық бірлестік өкілдері нарықтағы жағдайды толыққанды сипаттауға қауқарсыз, дегенмен өз сегменттеріндегі жай-күйді, мәселен, құс еті, сүт өнімдері, шұжық өнімдері және сол секілді тағам түрлері бойынша шынайы көрсеткіштер ресми ақпараттармен мүлдем сәйкес келмейтінін алға тартады. Мұны кез келген супермаркетке кіріп, сөрелердегі өнімдерді зерттеу арқылы да оңай түсінуге болады. Оның үстіне, дәл осы ресми деректерге сәйкес 2023 жылы еліміз экспортталатын азық-түліктен екі есе көп азық-түлік импорттаған.