Білім • 25 Қаңтар, 2025

Жеке мектеп: мүмкіндігі мен мәселесі

241 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Білімге ден қойған мемлекетте мектептер бір ауысым­да ғана жұмыс істейді. Ал біздің елде әлі күнге дейін үшауысымды оқу ошақтары бар. Бұған апатты жағдайдағы білім ұяларын қосыңыз. Мұның бәрі оқушы орнының тапшылығын тудырады, соған қоса білім сапасын төмендетеді. Бұл мәселені шешудің жолы – мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жеке мектептер желісін көбейту. Аталған жүйе осыған дейін 3–6 жастағы балаларды балабақшалармен қамтуды ілгерілеткен еді.

Жеке мектеп: мүмкіндігі мен мәселесі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Мәселенің мәнісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қыркүйегіндегі Жол­дауында дәл осы жекеменшік мектептер мәсе­лесін көтеріп: «Мемлекет кепілді төлем­дер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге бері­летін қаржы да бар. Мысалы, 250 мың­нан астам бала оқи­тын жекеменшік мек­тептер­ге биылдың өзінде бюджеттен 134 млрд теңге бөлінді. Ата-ана­лар мемлекеттің жекеменшік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осы­ған орай әр бала­ға норматив бойынша бөлін­ген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтары­мыз әлеуметтік бағ­дар­ламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады. Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақ­сар­ту шараларын қолға алған жөн», деген еді.

Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы ұсынған дерекке сүйенсек, елімізде 900-ге жуық жекеменшік мектеп бар, онда 250 мыңнан аса оқушы білім алып жатыр. 2022 жылы 500 жеке оқу ошағы болған, яғни екі жылда екі есеге жуық өсті. Оқу-ағарту министр­лігінің 2024-2026 жылдарға арналған бюд­жеттік бағдарламасына көз жүгіртсек, 2024 жылы жекеменшік мектептерде мем­лекеттік білім беру тапсырысын орындауға 182 895 орынға 133,9 млрд теңге бөлінген. Биыл 184 216 орынға 138 млрд теңге жұмсалатыны жоспарланған. Сонда бір балаға жылына мемлекет жеке мек­тепте тегін орта білім алуына 749 120 тең­ге­ден береді. Қаржылай көмек көр­сетілетініне қарамастан, түйткілдер де жоқ емес.

Жолдаудан кейін депутат Жұлдыз Сүлейменова Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сол сауалында айтылғандай, жеке мектептерге бөлінетін қаржының мөлшері, оның тиімді және ашық жұмсалуы, сондай-ақ білім беру сапасына қойылатын талаптар мемлекетіміздің болашағы үшін өзекті. Жекеменшік мектептерде білім алушылардың құқықтары мен мүдделері қорғалуы қажет, сондықтан мемлекеттік тапсырысты беру барынша әділ және ашық болуы шарт.

«Мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмін қайта қарау қажет. Себебі қазіргі жүйеде әр балаға арналған қаржы жалпы сипаттағы трансферттер бойынша қарастырылады. Алайда қандай да бір себептермен жекеменшік мектептерге бөлінетін қаражат республикалық бюджетке жүк­телген, ал өңірлердегі балалар саны өзгеріссіз жергілікті атқа­рушы билік органдарында, яғни білім басқармаларында қалып отыр. Бұл дегеніміз, өңірлерде балаларды мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге ауыстыра отырып, қаржыны өздеріне қалдырып отыр. Мем­лекеттік білім беру тапсырысы 677 жекеменшік мектепте 251,3 мың оқушыны қамтып, 2024 жылы республикалық бюджеттен 133,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алайда 2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, бұл соманың 103,5 млрд теңгесі игерілген, қалған 30,4 млрд теңге тек 1 айға қаржыланды­руға жеткілікті», деді депутат Ж.Сүлейменова.

в

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы сауалға Үкімет басшы­сы­ның орынбасары Тамара Дүй­се­нова: «Жыл сайын жаңа оқу жылының басында жекеменшік мектептердің саны мен ондағы оқушы контингентінің өсуіне байланысты қаржы тапшылығы бар. Осыған орай, жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс шығысының көлемін ұлғайтуға қосымша қаражат республика­лық бюджетті нақтылау, түзету кезінде қарастырылады. Биылдың өзінде де жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қосымша 66,7 млрд теңге қажеттігі анықталды», деп жауап берген болатын.

 

Себеп пен шешім

Жекеменшік мектептерге мемлекеттен қаржы бөлінетіні рас. Бірақ сол бөлінетін қаржының уақтылы берілуі қиын. Айтпақшы, Ж.Сүлейменова айтқан дүние биыл өзгермек, яғни жекеменшік мек­теп­терге қаражат енді респуб­ли­ка­лық бюджеттен бөлінбейді, жер­гілікті бюджетке беріледі. Мәжі­­лістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Ай­ма­ғамбетовтің жеке парақ­ша­­сында жазған пікірінше, бұл ше­шім жағдайды одан әрі қиын­датады.

«Қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген мектеп, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін­дері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес, бұл – мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салық­тар. Оның үстіне, көп­теген мектеп 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпа­рат­қа сәйкес, барлық әкімдік осы өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөл­ген жоқ. Бүгінгі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қара­жат жетіспейді. Жақын арада мәселе шешіліп, мектептер үздік­сіз қар­­жы­ландырылады деп үміт­тене­мін», деді А.Айма­ғам­бетов.

Осы мәселеге орай Жеке­меншік білім беру ұйымдарының рес­пуб­ликалық қауымдастығының прези­денті Роза Шәріпқызы «Қаржы орталығы» акционер­лік қоғамына арнайы хат жолдап, жекеменшік мектептерде қаржылық қиындық әлі де бар екенін, білім ұясы басшыларының 2025 жылды жоспарлай алмай отырғанын жеткізген. «Жан басына қаржыландыру тұрақты болмаған жағдайда мұндай мектептер жабылуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мектептерге қосымша үлкен жүктемені арттырады. Көптеген жекеменшік мектеп оқуға төленетін ақы мөл­ше­рін көтеруге мәжбүр болады, осыған қоса мемлекеттік мектептерде оқушылар орнына тапшылықты тудырады. Күрделенген жағдай­ға түсінік­теме беруіңізді сұрай­мын», делінген қауымдастықтың сұраныс хатында. Бұған орталық: «2025 жылға арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке ұйым­дарды қаржы­ландыру тәртібі өзгер­мей­ді. 2025 жылғы қаңтардан бастап қаржыландыру көздері республикалық және жергілікті бюд­жет­тер саналады. Жаңа прак­ти­ка қаржыландырудың жет­кі­­лік­сіздігі тәуекелін азайтуға мүм­кіндік береді. Тұрақты қар­жы­ландырумен қамтамасыз етуге қажетті барлық шара қабылданып жатыр. Біз мұның 2025 жылғы жұмысты жоспарлауға айтар­лық­тай қиындық туды­ра­ты­нын түсінеміз, десек те жағ­дай­­дың рет­­­­телетінін және қар­жы­лан­ды­руға қатысты барлық шаруаның уақтылы шешілетінін сеніммен айтамыз. Жалпы, жеке­мен­шік мектептерді қаржы­лан­­дыру мәселесі Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің, қоғамның әр­дайым ба­қы­лауында», деп жауап қай­тар­ған.

Байқасаңыздар, хатта жан басына қаржыландыру қашаннан бастап берілетіні жөнінде нақты уақы­тымен көрсетілмеген. Жеке­меншік мектептерге ең маңыздысы да осы еді. Себебі қауымдастықтың дере­гіне сүйенсек, жекеменшік мектептер 2023 жылғы желтоқсан айының және былтырғы жел­тоқ­сан айының жан басына қар­жы­ландыру сомасын толық ала алмай отыр. «Мәселе қиын. Құрыл­тайшылар мемлекетке сенді, қомақты ақшасын білімге салды, соңында тығырыққа тірелді. Жеке­меншік білім секторы­ның имид­жін қайтадан қалпына кел­тіру қиынға түседі. Ал бұл сапалы білім беруге залалын тигізіп отыр. Жеке мектепке балаларын берген ата-ана да ренжулі. Қал­тасы бос, жүйкесі тозуға шақ қал­ған ұстаздың жанайқайын мем­­лекеттік құзырлы органдар түсін­бейді-ау, өйткені өздерінің қарыны тоқ, жалақысын дер кезінде алып, жылы жерде отыр», дейді Р.Шәріпқызы.

 

Кадрлық әлеуеттің әлегі

Президент аталған Жол­да­уында жеке­меншік мектептерді қаржыландыру көзіне қатысты мәселеге қоса мұғалімдердің білік­тілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге де көңіл бөлу керегіне тоқталды. Дәл осы жерде қарама-қайшылық бар, себебі Білім туралы заңда барлық бала қандай да бір экономикалық, әлеуметтік жағдайына қара­мас­тан, сапалы орта білім алуға құқылы. Ал сапалы білімді білікті педагог бере алады. Білім әрдайым жаңарып тұратынын ескерсек, білімді беретін адам да үнемі өзінің білімін жаңартып, біліктілігін арттырып отыруы қажет-ақ. Алайда жекеменшік мектептердің мұғалімдері тегін біліктілікті арттыру курс­­тарынан өте алмайды.

Бұл туралы жоғарыдағы спи­керіміз Р.Шәріпқызы: «Жеке­меншік білім беру саласындағы кәсіби ұйымға айналған біздің қауымдастық жиырма жылға жуық барлық деңгейдегі мемлекеттік емес білім ұйымдарын біріктіріп, қызметін үйлестіріп, мүддесін қорғап келеді. Қазіргі кезеңде біз жекеменшік білім ұйымдарын мемлекеттік білім беру жүйе­сінің бөлігі мәртебесіне иеленгенімен, жағдайының мемлекеттік білім беру жүйесімен теңестіру туралы айтуға ертерек деп есептейміз. Десек те осы күнге дейін шешімін таппаған мәселелер жеке білім секторының жүйелі дамуына кедергісін тигізіп отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, жеке білім ұйымдарының педагог кадрларының біліктілігін арттыру үдерісінде мемлекеттік қолдау болмай тұр, жеке білім беру ұйымдарының педагогтерінде бюджет қаражаты есебінен біліктілікті арттыру мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, жеке білім беру ұйымдарының оқушылары мемлекет тарапынан мем­лекеттік жалпыға міндетті білім беру стан­дарты шеңберінде оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қам­тыл­маған. Үшінші, білім берудің жаңар­тылған мазмұнын енгізу және педагог мәр­тебесін арттыруды қамтамасыз ету жағ­дайында жеке әрі мемлекеттік білім беру секторларының қыз­меткерлері үшін әлеуметтік кепілдіктердің теңдігі қам­та­ма­сыз етілмеген. Мысалы, қолда­ныс­тағы мем­лекеттік бағдарлама бойынша жеңіл­дік­ті бағамен тұрғын үй сатып алу мүм­кін­дігі қарастырылмаған», деп ойын жеткізді.

 

Көмектің жаңа түрі

Ж.Сүлейменова осыған дейінгі қар­жылық түйткілдерге қоса барлық бала тең дәрежеде сапалы білім алуына мүмкіндік қарастырылып, жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс балаларды оқулықпен, ыстық тамақпен қамту мәселесін шешуге бағытталғаны керек екенін де атап өткен еді. Оқулық жайы анық емес, ыстық тамақпен қамту мәселесі толық болмаса да шешімін тауып үлгерді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі өткен айда хабарлаған-ды. Министрліктің дерегіне қарағанда, жеке мектептерде оқитын аз қамтылған отбасы балаларына мемлекет тарапынан оқу құралдарын алуға қаржылай қолдау көрсетілетін болды. Сенат 2024 жылғы 19 жел­­тоқсанда Білім және бала құ­қықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды мақұлдады. Сол заңда жекеменшік мектептерде осал отбасылар санатындағы балаларға әлеуметтік көмек көр­сетуді енгізу көзделген. Заң жобасында бес новелла ұсынылды, соның біреуі жекеменшік мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылар балаларына қатысты. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан көмек туралы: «Бұған дейін көмек тек мемлекеттік мектептердің оқушыларына ғана берілетін, ал енді жеке мектептерде оқитын балалар да осындай көмек алады. Бұл мектептің меншік нысанына қарамастан, барлық балаға білім берудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам», деп атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15