
«Smart Bridge» деп аталатын автоматтандырылған жүйе су деңгейінің шектен тыс көтерілуіне жол бермейді. Көпірге төніп келе жатқан қауіпті су көтеріле бастағаннан-ақ анықтап, алдын ала тіркейді. Ал арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін «Arduino» микробақылағышы көпірді көтеретін тетікті бірден іске қосады.
Оныншы сыныпта оқитын Виктор мұнымен өткен жылы көктемгі су тасқынынан кейін айналыса бастаған.
«Біз ойлап тапқан жүйемен қорғалған көпір қандай дүлей ағысқа да төтеп бере алады. Былтырғы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан кейін жалпы тұрғындардың, инфрақұрылымның су тасқынына қашанда дайын болуына көмектесетін жүйе жасап шығарғымыз келді. Жобаны жасау барысында көпірді көтеретін қуатты тетікті таңдау біраз қиындық тудырды. Алайда ұзақ ізденістің нәтижесінде бұл қиындықты да еңсеріп, жобамызды сәтті аяқтап шықтық», дейді дарынды оқушының ұстазы Виталий Базаркин.
Алдағы уақытта Виктор өз өнертабысын көпір сатылы түрде көтерілетіндей етіп және жедел қызметтерге автоматты түрде хабарлама жіберетін радиоқұрылғымен жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл қауіп төнген сәтте дер кезінде сақтық шараларын қабылдап үлгеруге мүмкіндік береді.
Аталған жоба қазірдің өзінде жоғары бағаланып, «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» республикалық инновациялық идеялар байқауында «Өнеркәсіп саласындағы техникалық құрылыс» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды.
Қостанай облысы