
Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, қазіргі кезде камералдық бақылау аясында 260 мың кәсіпкерге ескерту жіберілген. Себебі олар түбіртек бермей, табысын жасыруға тырысқан. Азық-түлік дүкендері, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлер секілді халық көп жиналатын бизнес нысандардың жұмысы қайта қаралып, тексеру нәтижесінде 6,2 мың кәсіпкер декларациясын түзетіп, 43,7 миллиард теңге табысын заңдастырып, 1,1 миллиард теңге салық төлеген.
– Мұндай көлемдегі жасырын табыс – өте алаңдатарлық жағдай. Бұл, бір жағынан, заң бұзушылық болса, екінші жағынан – бюджетке келтірілген нақты шығын, – дейді сарапшы.
Дмитрий Казанцев Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тіркелген бір дүкеннің әрекетін мысалға да келтірді. Аталған дүкен бір жыл бойы күніне тек 7 мың теңгеге бір ғана чек берген. Бұл – кассалық-бақылау машиналарын дұрыс қолданбаудың және тұтынушы құқықтарының өрескел бұзылуының нақты дәлелі. Сарапшының сөзінше, заң бұзған кәсіпкерлерді екі топқа бөлуге болады: табысты әдейі жасырып келгендер; күні бойы түскен табысты жинақтап, кешке бір-ақ чек бергендер.
– Заңға сәйкес, әрбір қолма-қол төлемнен кейін бірден чек берілуі керек. Бұл салық есептілігін ғана емес, тұтынушының да құқығын қорғаудың бір жолы. Егер күні бойы ешқандай чек берілмей, соңында бір ғана чек жасалса – салық заңнамасын айналып өтуге тырысқан әрекет деп бағаланады, – дейді ол.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин түбіртек талап етудің негізінде тек салық төлетіп жатқан жоқ дейді.
– Оның мәні терең. Біз ертең қандай мемлекет боламыз? Болашақ қалай болады? Азаматтық қоғам белсенді бола ма? Мысалы, мейрамханаға барғанда төлем жасауға бірнеше POS терминал ұсынады, біреуімен тағамды төлейсің, екіншісімен сусынды төлейсің, тағы сол сияқты. Бұл дегеніміз – ірі бизнесті ұсақтау. Қонақүйге барасың, әрбір қабатта – бөлек компания, бірақ қожайыны бір адам. Бұл – дұрыс емес, бірақ бұған заңмен тыйым салынбаған, сондықтан сондай әрекеттердің болуы мүмкін, – деп түсіндірді ол.
Бұл мәселе шешімін таппай келеді. Салдары да ауырлап барады. Сондықтан да Үкімет салық жинау жүйесін жетілдіріп, көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға жаңа цифрлық құралдарды енгізуді қолға алып жатыр. С.Жұманғариннің сөзінше, алдағы уақытта елімізде «ұлттық тауарлар каталогі» толық енгізіледі. Бұл – кассалық тәртіпті реттеуге, түбіртек беру мәдениетін орнықтыруға, салық түсімін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Каталог дегеніміз не? Жаңа жүйе – барлық тауарды бірыңғай сипаттамалармен қамтитын цифрлық база болмақ. Каталог арқылы әр тауар нақты сипатталып, кассалық аппараттарда дәл осы мәліметпен салықтық түбіртек беруге мүмкіндік туады. Министрдің пікірінше, бұл – сауда операцияларының ашықтығын қамтамасыз етіп, салықтан жалтаруға жол бермейтін құрал.
– Түбіртек берудегі тәртіптің бұзылуы – көлеңкелі экономиканың кеңеюіне себеп болып отыр. Каталог бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді, – деді С.Жұманғарин.
Министр азаматтарды түбіртек алуға ынталандыруға креативті тәсілдер ұсынды. Соның бірі – чек арқылы жүлде ойнату жүйесін енгізу. Бұл шара Kaspi.kz секілді банктер мен ұлттық лотерея операторларының көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін. «Біз халықпен әрі бизнеспен кеңесе отырып, «қалай қызықтыруға болады?» деген сұраққа жауап іздейміз. Жүлде ойнату – бір жолы. Бұл әрі әділетті, әрі тартымды тәсіл», деді ол. Сәйкесінше, Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе бұл бастаманы жылы қабылдады.
Елімізде кәсіпкерлерге қатысты салықтық бақылау күшейді. Кассалық тәртіпті бұзғандарға ескерту ғана емес, нақты шаралар да қолданылады. Салық органдарының әрекеті енді бірреттік тексерулермен шектелмейді – табысты жасырған кәсіпкерлерге қатысты хронометраждық бақылау тәрізді қатаң тетіктер іске қосылады.
Хронометраждық бақылау деген не? Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, егер кәсіпкер табысын жасырып, ескертуге құлақ аспаса, салық органдары хронометраждық тексеру тағайындайды. Бұл – салықшылардың кәсіпкердің жұмыс орнында бір ай бойы нақты табыс көлемін бақылауы.
– Олар күн сайынғы кірісті есептеп, бір айдың орташа табысын шығарады. Сосын осы мәлімет негізінде бұған дейінгі кезеңдер үшін де салық есептейді. Бұл салықты міндетті түрде төлеуге тура келеді. Қазір бақылау бір жылға жүргізіліп жатыр. Алайда бұл мерзім ұзаруы мүмкін. Әзірге бір жылмен шектеліп отыр, өйткені жаңа әдістің тиімділігін бағалау керек. Кейіннен өткен жылдарға да таралуы мүмкін, — дейді ол.
Нәтиже қандай? Маманның мәліметінше, камералдық бақылаудан кейінгі ескертулер 80 пайыз жағдайда нәтиже береді. Кәсіпкерлер жасырған табысын мойындап, қосымша декларация тапсырады. Әйтпесе, бақылау күшейіп, салықты мәжбүрлі түрде төлеуге тура келеді. Расында, бұл – кассалық тәртіптің өрескел бұзылуы. Сондықтан заңды айналып өтпек болғандарға бұл жүйе үлкен соққы болып тиері анық.
Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды тұтынушылық құқықтарын қорғау үшін фискалдық чек талап етуге шақырады.