
Автордың «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты монографиясында ғұлама негізін қалаған музыкалық аспаптардың орта ғасырлардан бері қарай қазақ топырағында қалыптасу үдерістеріне шолу жасалған. Зерттеуші осы еңбегінде әл-Фараби сипаттаған музыкалық аспаптар қазақтың көнеден келе жатқан сазды аспаптармен тамырластығын сараптаған. Дәріс-концертте ол тарихи суреттермен, сызбалармен сабақтастыра баяндалды.
«Журналистикада «журналистік айғақтама» деп аталатын ақиқатты ашу әдісі бар. Онда журналист беймәлім болып келген нысанның шындығын ашуға бел буады. Айғақтарын іздеп, табады. Зерттеу нәтижесінде табылған деректерді, өз көзқарастары мен пайымдарын кәсіби мамандар мен сол сала ғалымдарының назарына ұсынады. Сала мамандары оларды теориялық таным таразысына салып, әрі қарай өз тұжырымдарын жасайды. Бұл еңбек те сондай ізденістен туған. Сондықтан, бұл монографияға музыкатанушы немесе музыкалық аспаптанушы ғалымның еңбегі деп емес, журналист-ғалымның зерттеуі деп қараған орынды», – деді монография авторы Сағатбек Медеубекұлы.
Бұдан әрі әңгіме Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабының» қазақ ұлттық музыка аспаптарына қатыстылығы турасында тарқатылды. Жалпы, бұл тақырып таным тұрғысынан қазақ музыкатанушыларының ғылыми зерттеуін қажет ететінін атап айтты. Ғұламаның кітабындағы музыкалық аспаптарды ұлттық аспаптармен салыстыра отырып, ұқсастығына талдау жасады.
«Мысалы, «шахруд» аспабы біз әлі толық жетілдіре алмай жүрген адырнаға ұқсайды. «Мизаф» – жетіген аспабына өте жақын. Ал «танбур» қазақтың домбырасынан аумайды. «Уд» аспабы – қазақтың шертері сипаттас. «Сурнай» аспабы – кәдімгі сырнай тектес. «Рабаб» аспабы – ұлтымыздың қылқобызына жақын. Ең бастысы, әл-Фараби тілге тиек еткен аспаптардың барлығы дерлік қазақ музыкалық аспаптарымен туыстас екендігі бірден байқалады», – дейді өнертанушы.
Дәріс-концертте Мәдениет қайраткері, профессор Талғат Мұқышев, өнертану ғылымдарының магистрі Қорлан Картенбаева, «Халық аспаптары» бейінінің білім алушылары Ақнұр Батырхан мен Аймара Сайлаубаева домбыра, қобыз, қылқобыз, шертер аспаптарында ойнап, тыңдармандарды сазды әуенге ұйытты.
«Журналист әрі халықтық өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлының «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты кітабы өткен жылы жарық көргенімен, тұңғыш рет біздің академияда таныстырылып отыр. Жалпы, Сағатбек ағамыз өнер саласында қалам тартып жүрген бірден-бір зерттеуші. Бұл кісінің еңбектері бұдан бұрын да жарыққа шыққан. Жетісудың күйшілік, әнші-композиторлық мектебіне байланысты осы өңірде өмірге келген барлық өнер иелерінің шығармашылық еңбегін зерттеп, тарихтың қатпарында қалып қойған талай тұлғаларды «тірілтіп», халықпен қайта қауыштырған қаламгер. Бүгінгі еңбегін де іргелі еңбек деп бағалаймыз. Себебі, әл-Фараби – әлемдік деңгейдегі ғалым. Музыканың алғаш теориясын зерттеп, ноталық жүйені жасаған ғұлама-ғалымның музыкалық аспаптарымен қазақ ұлттық аспаптарын шендестіре зерттеуі Сағатбек Медеубекұлының тыңға түрен салғанымен тең. Фараби атамыздың музыкалық трактаттарын, музыкаға қосқан күрделі еңбегін қазақы көркем тілмен кестелеп, келешек ұрпаққа жеткізуі – үлкен еңбектің жемісі. Бұл еңбек осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар мен ұстаздар, студенттер үшін таптырмас құрал деуге болады. Осы зерттеудің түрткі болуымен басқа да зерттеу жұмыстары жарыққа келуі, соған жол ашуы мүмкін. Бұл студенттердің қызығушылығын арттырады», дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, күйші, өнер зерттеуші Мұрат Әбуғазы.
Өз кезегінде ақын Алмасбек Ахметбекұлы да өнер зерттеушісінің бұл монографиясын жоғары бағалап, қазақ музыка аспаптарының қоржынын толтырған құнды еңбек екенін ерекше атады. Сағатбек Медеубекұлы халқымыздың ауыз әдебиетіне, фольклорына, музыкасына қатысты мұраларды жинау және жариялау, сондай-ақ зерттеумен айналысып келеді. Музыка саласында «Жетісудың күйлері» және «Жетісу әуендері» (Б.Мүптекеевпен бірге, 1998 жыл) академиялық жинақтары, «Алатауым менің» атты авторлық әндер мен күйлер топтамасы (2018 жыл) оқырманмен қауышты. Сонымен қатар қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеу нәтижесінде «Сазды аспаптар сыры» (О.Бейсенбекұлымен бірге, 1995 жыл) және «Домбыра» атты еңбектері жарық көрген.
Өнер зерттеуші, ғалым 30 жылдан астам уақыт бойы Әбу Насыр әл-Фараби және оның музыкалық еңбектері туралы мерзімдік басылымдарға бірнеше тақырыпта ғылыми-танымдық мақалаларын үзбей жариялауымен де танымал.
Алматы