Спорт • Бүгін, 10:30

Жеңімпаз балуанға білім гранты берілді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастыұлын еске алуға арналған турнир өтті, деп хабарлайды  Egemen.kz Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңімпаз балуанға білім гранты берілді

Қазақ күресінен өткен республикалық турнирде ересектер түйе балуан атағы үшін белдессе, 2008-2009 жылдары туған жасөсіпірімдер 9 салмақ дәрежесі бойынша күшін сынады. Екі күнге ұласқан дүбірлі додаға барлық өңірден 187 балуан кілемге шықты. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың құттықтау сөзінен кейін, соғыс ардагерінің ұлы Марат Ізбастин, грек-рим күресінен Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің бірнеше мәрте жеңімпазы Айбек Нұғымаров спортшыларға сәттілік тіледі.

Осы өңірде қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Qazaq Kuresi Ассоциациясының Алғыс хаты табысталды.

Түйе балуандар додасында Павлодар облысының балуаны Мұхтар Дәлелханұлы финалда маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты жығып, чемпион атанды. Қола жүлде Жамбыл облысынан күрескен Айдар Бескемпірге бұйырды. Алыптар тартысының жеңімпазына 2 миллион, күміс белбеу иегеріне 1 миллион, қола белбеу олжалаған балуанға 500 мың теңге берілді.

Аса тартысты өткен жасөспірімдер тартысында І, ІІ және ІІІ орындардың иегерлеріне сыйға 100 000, 50 000, 30 000 теңге сыйақыға қоса медаль, дипломмен марапатталды. Үздіктерді марапаттауда 60, 65 және +82 кг салмақ дәрежесінің жеңімпаздары Абай Құнанбайға, Серғазы Қайыркеновке және Әлішер Салыққа Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, С.Торайғыров университетінің және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқу гранттары табысталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Рымтай Ізбастыұлы Павлодар облысындағы Баянауыл ауылының тумасы. Ол әр жылдары бөлім нұсқаушысы, аға инспектор, Баянауыл МТС партия бюросының, «Алексеев», «Александров», «Баянауыл» кеңшарлары партия комитеттерінің хатшысы, нұсқаушы-партия ұйымдастырушысы, идеологиялық бөлімінің меңгерушісі, кәсіподақ төрағасы қызметтерін атқарған. «Жапонияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл», Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың мерейтойлық медальдарімен марапатталған.