Мәдениет • 22 Мамыр, 2025

Алматыда Ескен Сергебаевтың 85 жылдығына арналған көрме ашылды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің кавалері, академик, кәсіби суретші-мүсінші Ескен  Сергебаевтың 85 жылдығына арналған «Ұстазға тағзым» атты шәкірттер көрмесі мен ғылыми-шығармашылық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда Ескен Сергебаевтың 85 жылдығына арналған көрме ашылды

Бүгінгі таңда Ескен Сергебаевтың қолынан шыққан мүсіндер ел көлеміндегі маңызды ескерткіштерге айналған.  Атап айтқанда, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай тұлғасы мен Әуезов бейнесі, Жамбыл ауданындағы Н.Тілендиев, Ақтөбедегі Әбілхайыр хан, Павлодардағы С.Торайғыров, «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған ескерткіштері мен тарихи жанрлық үлгімен жасалған Абылай хан, Қазақстанның халық әртісі, режиссері А.Тоқпанов, халық әртісі Қ.Қуанышбаев, композитор Ә.Бейсеуов мүсіндерінің авторы. Сонымен қатар, І.Жансүгіров, К.Әзірбаев, Д.Қонаев ескерткіш бюсттерімен қатар, Өнер академиясы аланындағы Т. Жүргенов бюсті де Е.Сергебаевқа тиесілі. Бұлар  мүсіншінің қолтаңбалық ерекшеліктері мен көркемдік тұжырымын танытатын  ерекше туындылар.

мүсін

Академияның галереясында ашылған көрмеге Ескен Сергебаевтің әр жылдардағы шәкірттері, бүгінгі таңда танымал болған отандық суретшілер мен мүсіншілер Бауыржан Байділда, Болат Тұрғынбай, Эдуард Казарян, Нұрғалым Исабаев, Талғат Серікбаев, Қазыбек Дулатов, Дәурен Мұхамеджанов, Ақылбек Орманбеков, Сабыр Қонарбаев, Талғат Жұмағұлов, Тимур Ермұхаметов, Айдос Бүркітбаев, Гаухар Қасенбай, Данияр Сарбасов, Тұрсын Қапақов, Бахтияр Қайранбаев және тағы басқа авторлардың шығармашылық жұмыстары қойылды.

«Е. Сергебаев –  ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап еліміздегі кәсіби мүсін өнерінің бағыт-бағдарын айқындаған, өзіндік авторлық қолтаңбасы қалыптасқан суретші. Оның шығармаларының тақырыптық ауқымы кең: тарихи тұлғалар мен халық қаһармандарының бейнесінен бастап, заманауи образдар мен символикалық шешімдерге толы бағытта ізденіс жасаған.  Автордың еңбектерінде монументалды тұтастық, пластикалық нақтылық пен терең философиялық мән үндесіп жатады. Ол ұлттық рухты, тарихи жадыны, адам болмысының ішкі мәнін көркем тілмен бейнелеген суреткер ретінде танымал. Оның әрбір туындысы өз дәуірінің көркем шежіресі іспеттес»,- дейді өнертанушы-ұстаз  Ләйлә Кенжебаева.

Академиктің шәкірттері мен әріптестері ұйымдастырған мәдени әрі ғылыми маңызы зор іс-шараға  қатысқан зиялы қауым, ұлттық бейнелеу өнерінің өткені мен бүгініне қатысты өзекті мәселелерді саралады.