Энергетика • 23 Мамыр, 2025

Жаңғырмалы энергия көздері жаңарады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар басшылығы, энергетика секторы компаниялары және энергетика саласындағы сарапшылардың қатысуымен жаңғырмалы энергия көздерін (ЖЭК) дамыту мәселелеріне арналған Энергетикалық кеңестің отырысын өткізді.

Жаңғырмалы энергия көздері жаңарады

Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде белгіленген қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 ЖЭК нысаны жұмыс істейді, бұл – жел, күн, гидро және биогаз электр стансалары. 2024 жылы ЖЭК генерациясы сағатына 7,6 млрд кВт-ны құрады. 2025 жылға қуаты сағатына 450 кВт-дан астам тоғыз ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған.

Бұл ретте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың баяндамасына сәйкес, «жасыл» энер­гетиканы дамыту бойынша көр­сеткіштер белгіленген мақсаттардан асып түсті. Егер 2020 жылға жоспарланған бағдар электр энергиясын өндіруде жалпы көлемнің 3%-ын құраса, онда 2024 жылдың қорытындысы бо­йынша бұл көрсеткіш 6,4%-ға жетті. Осылайша, «Жасыл» энергети­каға көшу тұжырымдамасында бекітілген аралық міндеттерге қол жеткізілді.

Премьер-министрге жел, күн, гидро және биогаз энергетикасын қоса алғанда, ЖЭК-тің әрбір бағытының ағымдағы жай-күйі мен даму келешегі туралы баян­далды. Ауқымды жобаларды іске асыру үшін халықаралық стратегиялық инвестор тарту мәселесіне назар аударылды.

Жалпы, 2030 жылға дейін жиын­тық қуаты 2,3 ГВт болатын 93 ЖЭК жобасын пайдалануға беру жос­пар­ланып отыр. 2035 жылға дейін электр энергетикасын дамы­ту жө­ніндегі іс-шаралар жоспарын­да кемін­де 8,4 ГВт ЖЭК енгізу көздел­ген. 2024–2027 жылдары 6,7 ГВт-қа аук­циондық сауда-саттық өткізу бекі­тілді, оның 3,1 ГВт-тан астамы қа­зірдің өзінде бөлінген. 2025 жыл­дың сәуірінде алғаш рет жел гене­ра­циясының ірі жобалары бо­йын­ша аукциондық сауда-саттық өткізілді.

Қазақстанда ЖЭК секторы жос­парлы түрде дамып, мемлекет тарапынан белсенді қолдау тауып отыр. Бүгінгі таңда ЖЭК секторын қолдау шаралары аукциондық баға бойынша электр энергиясын кепілдендірілген сатып алуды, жыл сайынғы индекстеуді, желілік алымдардан босатуды және инвестициялық преференцияларды қамтиды. Бұл қолайлы инвестициялық орта құруға, жаңа жобаларды дамытуға ықпал етеді әрі жалпы энергия теңгеріміндегі «жасыл» энергия үлесінің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр ЖЭК жобаларын қолдауды күшейтуді тапсырды. Оларды енгізу мен іске асыруға ғылы­ми тұрғыдан көзқарастың қажет­тігі айтылды. Ашық және бол­жам­ды тарифтік саясаттың маңыз­дылығы, сонымен қатар жеке сектор­дың  ЖЭК нысандарын салу мен пай­далануға неғұрлым кең қаты­суы үшін жағдай жасаудың маңыз­дылығы атап өтілді. Сондай-ақ Олжас Бектенов инвесторлардың кел­уін және бастамаларды іске асыру­ды тежейтін әкімшілік кедер­гілерге жол берілмейтінін атап көрсетті.