
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра ауылында жергілікті бапкер Алмас Қажыақпаровтың қол астында жаттыққан Қайрат Күнсафин бірден дара талантымен оқшауланды. 1991 жылы Алматыда өткен халықаралық турнирінде бас жүлдені иеленгеннен кейін Керей Қойшыбеков пен Мерей Көшкінов сынды майталман мамандардың назарына ілікті. Арада бір жыл өткеннен кейін ел біріншілігі мен мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында бірінші орынды жеңіп алды. Осы табыстарының арқасында ол Қазақстан құрамасына қабылданды.
1994 жылы Қ.Күнсафин Литваның астанасы Вильнус қаласына аттанды. Балтық жағалауында жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының тұсауы кесілген еді. Алыс сапарға алғаш рет шыққанына қарамастан ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Жарыс барысында бес белдесу өткізген қандасымыз қола медальді мойнына ілді. Дәл сол жылы Югославияның Нови Сад қаласында әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. Жас өрендер бас қосқан дүбірлі додада 60 кг салмақ дәрежесінде күрескен Қайрат қарсылас шыдатпады.
1995 жылы Қ.Күнсафин жастар арасында әлем чемпионы атанды. Болгарияның бас шаһары – Софиядағы жарыстың жартылай финалдық бәсекесі кейіпкеріміздің есінде ерекше сақталыпты. Төреші белгі берген бетте белсеңділік танытқан ресейлік самбошы төрт ұпайлық әдіс жасады. Содан кейін де Қайратты құрсауынан босатпай, тағы төрт ұпайға иелік етті. Бәсеке бел ортаға таяғанда 8:0 есебімен алға шықты. Өзінің басымдығын сезінген Ресей балуаны қазақ балуанын айқын ұтуға ұмтылды. Бір мезетте жерлесіміз қарсыласын құлатты да, қолын қатты қайырып жіберді. Оның кілемді тоқпақтағаннан басқа амалы қалмады. Таза жеңіс! Финалда Украинаның өкілін ұтқан Күнсафин чемпиондық атақты иеленді.
Арада бір жыл өткеннен кейін семейлік өрен Ресейдің Красноярск қаласынан Азия чемпионы атағымен оралды. Ақтық айқаста сіңірінің созылғанына қарамастан жергілікті балуанның уысынан жеңісті жұлып әкетті. Қазақ жігітінің жанкештілігіне риза болған Дүниежүзілік самбо федерациясының сол кездегі президенті оны «Жеңіске деген жігері үшін» деп аталатын арнайы жүлдемен марапаттады.
1996 жылы Қайрат ересектер қатарына еркін қосылды. 62 кг салмақта ешкімге дес бермеді. Тіптен, қазақ самбосының академигі Керей Қойшыбековтің өзі «Күнсафинге қарсы тұру енді қиын болады» деп топшалады. Көпшілік бұл пікірге қосылды. Бірақ «Адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады» демекші, дәл сол тұста Қайрат өкпе дертіне шалдықты. Дәрігерлер оның спортпен айналысуына қатаң тиым салды. Осындай жағымсыз әңгімені естігенде жалындапр тұрған жас жігіт қатты қиналды. Ол небары 20 жаста еді. Арманы асқақ балуанның спорттық жолы енді ғана басталған еді ғой...
– Қапияда жабысқан дерт бүкіл арман-қиялымды жермен жексен етті. Сол жылдар мен үшін өте ауыр болды. Сол кезде ғана денсаулықтың қадірін білдім. Айналамдағы адамдарды екенін ажыратата бастадым. Бұрындары арқамнан қағып құрмет көрсетіп жүрген ағаларым бойларын аулақ ұстай бастады. Сансыз достар мен жора-жолдастардың қатары күрт кеміді. Ең ақыры, команда сапынан шығарып тастап, жалақыдан қақты. Істің мән-жайын түсіндірейін деп, басшылардың алдына бардым. Бірақ сол жердегі шіренген шенеуніктің бірі «Сен енді кімге керексің?» деп кеудемнен итерді. Қатты намыстандым. «Мен сендерге кімнің кім екенін көрсетімін, өзімнің мықтылығымды әлі де мойындатамын» деп есікті тарыс жауып шығып кеттім. Сол кезде өзімді жапан далада жалғыз қалғандай сезіндім. Қоғамға да, адамға да керегім болмай қалдым. «Енді не істеймін?» деп талай таңды атырдым. Күресуден басқа амал қалмады. Бозкілемдегі талай тартысты айқас барысында ұтылып жатып, жеңісті қарсыласымның уысынан жұлып әкеткен кездерім жетерлік. Сол секілді тіршілікте де «оңайлықпен берілмеймін» деп өз-өзімді қайрадым. Қапияда жабысқан дертпен төрт жыл бойы арпаластым. Ақыры одан айыққаннан кейін қайта бозкілемге оралдым, – деп Қайрат өткен күндерді еске алды.
Біраз уақытқа созылған үзілістен кейін Қ.Күнсафин үлкен спортқа қайта оралды. Ол босағада қалып қоймай, бірден төрге ұмытылды. Жанкештілігінің арқасында жаңа белестерді бағындыра бастады. 2000 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарып, республикалық Спартакиадада бас жүлдені олжалады. Басқа да турнирлерде топ жарды. Айтулы салмақтың бұрынғы көшбасшылары қайсар ұлға еріксіз жол берді. Сол жылы Оралда Азия кубогы жолындағы жарыста жеке-дара шықты. 2001 жылы Ташкенттен Азия чемпионы атағымен оралды. 2002 жылы Әлем кубогі мен 2003 жылы әлем чемпионатында қола медальға қол созды.
2005 жылы самбодан әлем чемпионаты Астана қаласында өткені белгілі. Сол жарыста алтын алуды армандаған Қайрат іріктеу турниріне қатысты. Алайда бәзбіреулер жылдың басты жарысына Күнсафинды қатыстырмауды көздеді. Сөйтіп, кейіпкеріміз Астанадағы жарыстан шет қалды. Содан кейін ол қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында бақ сынады. Талдықорғанда өткен жарыстың жартылай финалында қарсыласын едәуір ұпай санымен ұтып жатты. Бұл жолы да араға төрешілер түсті. Оған жөн-жосықсыз килігіп, жүйкесін әбден жұқартты. Әділетсіздікке әбден мезі болған намысқой жігіттің төрешіге қол жұмсаудан басқа амалы қалмады. Ол «соттатамын» деп байбалам салды. Алайда сол салада жүрген басшылардың бірі «Бәріне де өздерің кінәлісіңдер! Төрелік дұрыс болған жағдайда спортшының ондай әрекетке бармайтыны анық. Әңгімені осымен доғарайық», – деп кесімді сөзін айтты.
– Спорттық жарыс барысында әділетсіздікке жиі ұрынатынымыз рас. Кей-кездері ұяттан безген ағаларымыз шектен тыс кетеді. Үйге келгенде әріптестерімізбен бірге сондай жайттарды әңгімелейміз, ортаға салып талқылаймыз. Бірде жұбайымның «Өздерің ұтыласыңдар да, бар кінәні төрешілерге артасыңдар» деп қалмасы бар емес пе. Содан Талдықорғандағы жарысқа әйелімі әдейі ертіп әкелдім. Әділдігін айтуға тиіс қазылар қандай арсыздыққа баратынын сол кезде ол өз көзімен көрді. Тіптен, менің жоғарыдағы әрекетіме байланысты жұбайым еш қынжылыс білдірген жоқ. Керісінше «Дұрыс істедің!» деп тіл қатты, – деп Қайрат ақтарыла сөйледі.
35 жасында үлкен спорттан қол үзген Қайрат Күнсафин бірден бапкерліктің қамытын киді. Талай дарынды жастардың томағасын сыпырып, оларға жол сілтеді. Бағыт-бағдар берді. Оның шәкіріттері арасында халықаралық додаларда дараланған сайыпқырандар аз емес. Өмірінің соңғы жылдары Күнсафин Абай облысындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты басқарып, республикалық самбо федерациясының вице-президенті қызметін қоса атқарды. Сонымен қатар, Қайрат Маратоллаұлының спорт және мәдениет саласына қатысты талай игі істердің басы-қасында жүргенін Абай облысының жұртшылығы жақсы біледі.