Энергетика • 11 Маусым, 2025

Елімізде жаңа энергетикалық жобалар іске қосылады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Электр энергиясына деген сұраныстың тұрақты өсімі мен өндірістік инфрақұрылымның тозуы еліміздің энергетикалық жүйесіне жүктелетін жауапкершілікті арттырып отыр. Осыған байланысты Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі кезеңде жаңа генерация қуаттарын іске қосу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту бойынша нақты іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде жаңа энергетикалық жобалар іске қосылады

Аталған жоспар аясында жалпы қуаттылығы 26 гигаваттан асатын жаңа энергетикалық жобаларды кезең-кезеңімен іске қосу көзделген. Бұл бастама елдегі қуат тапшылығын болдырмауға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

2024 жылдың қорытындысына сәйкес еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде (БЭЭЖ) электр энергиясын өндіру көлемі 117,9 млрд киловатт-сағатты құрады. Ал тұтыну көлемі 119,9 млрд киловатт-сағатқа жетті. Осы аралықтағы айырмашылық электр қуатына деген сұраныстың ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, электр энергетикасы саласындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейі бүгінде 56 пайызды құрап отыр. Бұл – жаңа қуаттарды енгізу мен қолданыстағы станцияларды жаңғырту қажеттігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі.

Энергетика министрлігі әзірлеген 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары мынадай бағыттарды қамтиды:

  • 5,5 ГВт – жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту арқылы;

  • 12,4 ГВт – әртүрлі пысықтау сатысындағы жаңа генерация жобалары есебінен;

  • 3,8 ГВт – инвесторлармен бірлесіп іске асырылатын ірі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобалары арқылы;

  • 4,5 ГВт – ЖЭК бойынша аукцион нәтижелері негізінде іске қосылуы жоспарланған қуаттар.

2024 жылдың өзінде министрлік жалпы қуаты шамамен 2 гигаватты құрайтын қондырғыларды жаңғырту, кеңейту және жаңарту бойынша энергия өндіруші ұйымдармен 14 инвестициялық келісімге қол қойды.

Энергетикалық жобаларды іске асырумен қатар, министрлік декарбонизация бағытына да ерекше көңіл бөлуде. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелер аясында экологиялық тұрғыдан таза технологияларды енгізу бойынша шетелдік және отандық инвесторлармен тығыз ынтымақтастық орнатылып жатыр.

Аталған шаралар кешені еліміздің электр энергетикасы жүйесінде туындауы мүмкін тапшылықтың алдын алуға, қажетті қуат резервін қалыптастыруға және ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – ұлттық экономиканың сенімді өсуіне негіз болатын басты бағыттардың бірі.