Пікір • Кеше

Мұнай өндірісіне икемділік керек

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз мұнай өндірісін арттыра отырып, аймақтық тұрақтылықтың тіре­гі­не айналуға тиіс. Эконо­мист Расул Рысмамбетов әлеует пен тәжірибе бұл мис­сияға толық жетеді дейді.

Мұнай өндірісіне икемділік керек

Шілде айында әлем­дік мұнай нары­ғын­да қозғалыс күшейеді. ОПЕК+ ұйымына мүше 8 мемлекет – Сауд Ара­бия­сы, Ресей, Ирак, БАӘ, Ку­вейт, Қазақстан, Алжир және Оман мұнай өндірісін арттыру туралы шешім қабылдады. Ұйымның виртуалды отырысында қабылданған бұл шешім 2024 жылғы желтоқсандағы жоспар аясында іске аспақ. Нақ­тырақ айтқанда, келесі айдан бастап осы елдер бұрын өз еркімен қысқартқан өндірісті біртіндеп қалпына келтіре бастайды. Жалпы өсім – тәулігіне 411 мың баррель.

Елімізге бөлінген шілде айын­дағы квота – 1,514 млн баррель. Бұл мау­сым айымен салыс­тыр­ған­­да өсім бар екенін көрсе­теді. Мә­селен, Ресей 9,24 млн, Сауд Ара­биясы 9,53 млн, Ирак 4,12 млн баррель мұнай өндіреді.  Де­ген­мен ОПЕК+ осы шешімді аб­солютті емес, икемді қадам ре­тінде сипаттап отыр. Егер нарық­та жағдай күрт өзгерсе, өндірісті арт­тыру уақытша тоқтауы да мүмкін.

Экономист Расул Рысмамбе­тов мұнай өндірісіндегі бұл өз­ге­рістерді еліміз үшін маңыз­ды кезеңнің бір бөлігі деп бағалайды.

– Мұнай өндірісін икемді түрде реттеу арқылы нарық­тағы тұрақтылықты сақтаймыз. Сонда еліміздің сенімді серіктес ретіндегі беделі арта түседі. Бірақ бұл рөлге қол жеткізу үшін тек өндіріс емес, ішкі құ­ры­лымдық өзгерістер де қа­жет. Елі­мізді көршілермен са­лыс­тырып, бәсекеге итер­мелеу – қате көзқарас. Өйт­кені әр елдің даму кезеңі, экономикалық мүмкіндігі мен бағыты әртүрлі. Бірі жаңа ғана экспорттық саясат құрып жатса, енді бірі экономикалық оқшауланудан шыққан жоқ. Қа­зақстан – 30 шақырымдық марафонды артта қалдырған ел. Біз қа­теліктерден сабақ алдық, ре­фор­маларды бастан өткердік, инс­титуционалдық негіз қалып­тастырдық. Сондықтан жарысқа түсу емес, аймақты үйлестіретін экономикалық платформа болу міндеті жүктеліп отыр, – дейді экономист.

Экономист ел болашағы үш бағытта айқындала түседі дейді: өңдеуші өнеркәсіп, агросекторды жаңғырту және логистикалық хабқа айналу.

– Шикізат тасымалдаушы ел болып қала берсек, ұзақмер­зімді дербестікке қол жеткізе алмаймыз. Тау-кен және металлургия саласында терең қайта өң­деуге көшуіміз керек. Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділік пен бәсекеге қабілеттілік артады. Логистика – географиялық артықшылығымызды капиталға айналдыратын құрал. Қытай мен Еуропаның арасында отыр­ған елдің толыққанды транзит­тік ойыншы бола алмауы – үл­кен мүмкіндікті уыстан шығарып алумен тең, – дейді Р.Рысмамбетов.

Мұнай өндірісіндегі икемді қадамдар, ішкі реформалар және аймақтық кооперация – Қа­зақстанды Еуразия экономика­сының өзегіне айналдыратын негізгі тіректер. Егер тиімді пай­да­лана білсек еліміздің стра­те­гиялық мүмкіндігі бізді сөз­сіз сенім мен тұрақтылықтың орталығына айналдырмақ.