Туризм • Бүгін, 18:28

Алакөлге жету жеңілдеді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын Алакөл көліне қатынау мүмкіндіктері жақсарып келеді. Биыл туристер үшін бірқатар жаңа көлік бағыттары іске қосылмақ, деп жазады Egemen.kz.

Алакөлге жету жеңілдеді

Солардың бірі – Үшарал әуежайы мен Ақши ауылы арасында қатынайтын облыс әкімдігі субсидиялаған автобус маршруты. Бұл бастама – туристердің көптен күткен тілегінің бірі болатын.

Соңғы жылдары Үшарал қаласына қатынайтын әуе рейстерінің саны едәуір артты. Қазір Алматы мен Астанадан күнделікті «Алматы–Үшарал» және «Астана–Үшарал» бағыттарында субсидияланған рейстер ұшады. Билет құны – небәрі 20 000 теңге. Ал жаңғыртудан өткен Үшарал әуежайы ірі ұшақтарды қабылдауға қауқарлы. Әуежай директоры Айдын Байбазаровтың айтуынша, бұл туристік маусымда жолаушылар ағыны арта түспек.

Теміржол көлігімен жетуді қалайтындар үшін де мүмкіндік мол. Биыл Алакөл бағытына 13 пойыз қатынайды. Олардың қатарында Астана мен Алматыдан шығатын жүрдек «Тальго» да бар. Сонымен қатар, Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Семей және Ақтоғай қалаларынан қатынайтын бағыттар қосылды.

Автобус қатынасы да жолға қойылған. Алматының «Сайран» және Талдықорған автобекеттерінен Ақши мен Көктұма ауылдарына тұрақты автобустар жүреді. Билет бағасы – 5 000-9 000 теңге аралығында.

Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдиновтың айтуынша, Үшарал әуежайынан Ақши ауылына қатынайтын жаңа автобус бағыты жуырда іске қосылады. Қазіргі таңда барлық конкурс рәсімдері аяқталған.

Айта кетейік, бұған дейін «Талдықорған–Үшарал», «Үшарал–Достық» бағыттарындағы автожолдар жаңартылып, қолданысқа берілген болатын. Бұл өңір туризмін дамытуға үлкен серпін беріп отыр.