Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Болашақ жұмысшы мамандарының басқосуы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандықтары жылының жар­тыжылдық жұмысы қорытындыланды. Осыған орай Щучинск қаласында тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйым­дары­ның студенттеріне арналған респуб­ли­калық слет өтті. Ауқымды іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ах­метжанов және басқа да ресми тұлғалар, колледждердің қызметкерлері мен 100-ден аса білім алушы қатысты.

Болашақ жұмысшы мамандарының басқосуы

Жиында сөз алған Премьер-ми­нистрдің орынбасары ­Ер­мек­ Көшербаев слет қатысу­шы­ла­рына сәттілік тілей отырып, жұ­мысшы мамандықтарының ел дамуына қосар үлесінің ерекше екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл – тек бір салаға маман дайындау емес, ел экономикасының тірегі саналатын мамандықтардың ма­ңызын қайта бағалау. Бірне­ше жыл бойы жұмысшы маман­дықтарына деген көзқарас бір­жақты стереотиптер арқылы қалыптасты. Алайда бүгінде жағдай өзгерді. Жұмысшы – заманауи технологияны меңгерген, еңбек нарығында сұранысқа ие, білікті маман. Біз мемлекет ретінде еңбекке лайықты құрмет көрсету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Себебі жұмысшы мамандарсыз индустриялық даму, өндірісті жаңғырту мен экономикалық тұрақтылықты сақтау мүмкін емес. Бұл өзгерістің бел ортасында сіздер – жас мамандар тұрсыздар», деді Е.Көшербаев.

Оқу-ағарту министрлігі тарат­­қан ақпаратқа сүйенсек, Жұмысшы мамандықтары жы­лының жартыжылдық қоры­тын­дысы көңіл көншітеді. Айталық, жыл басынан бері 8 мыңнан көп кәсіби бағдар беруші педагог даярланды, жаңа оқу жылында 700-ден аса бейінді сынып ашылады, қазіргі таңда 352 сынып іске қосылды. 1300 мектеп оқушысы жұмысшы мамандықтарының базалық дағдыларын меңгеріп үлгерді. Қамқорлыққа алатын кәсіпорындар саны 7 есе өсті, ме­ке­мелермен жасалған дуалды келісім саны 2 есеге артты, бүгінде 18 мың кәсіпорын студенттер­ді дуалды оқыту жүйесімен даяр­лап жатыр. 185 колледждің материалдық-техникалық база­сы­ жаңартылады, студенттер­дің жа­тақ­ханамен қамтылуы 96%-ға жетеді. 1 қыркүйектен бастап тех­никалық және кәсіп­тік білім бе­ру ұйымдарына жан басына шақ­қандағы қаржылан­дыру көлемі 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін, яғни екі есеге ұлғаяды.

Слетте сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Бүгінде еңбек нарығында тек диплом ғана емес, нақты дағды маңызды. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қытай, Фран­ция, Түркия, Жапония, Ұлыбри­тания, Грузия және басқа да елдермен бірге 10 халықаралық жоба іске қосылып жатыр. Кол­ледждерді халықаралық серти­фи­каттау алғаш рет қолға алынды. Енді біздің студенттер өз құ­зыреттерін жаһандық стандарттар бойынша дәлелдеп, шет­елдік тағылымдамаларға, жұ­­мысқа және жаһандық еңбек на­­рығына шығу мүмкіндігіне ие болады», деді.

Слетке қатысушылардың арасында Жамбыл политехни­ка­лық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аяла Байболат та бар. Ол грантта оқиды, ал Аяланың білім алатын колледжі интерна­ционалдандыру жобасына ал­ғаш­­қылардың бірі болып енген.

«Президент жұмысшы ма­ман­­дықтары жылын жарияла­ған­­да мамандығымыз бен өз са­­ламыз бойынша істейтін жұ­мысымыздың шынымен де ма­ңызды екенін сезіндік. Қазіргі колледждер – болашағы бар таң­дау. Бізде заманауи шебер­ханалар ашылып жатыр, халық­аралық тағылымдамалар ұйым­дас­тырылып тұрады, ең бастысы нақты мүмкіндіктер бар. Бұл сенім мен қолдау үшін алғыс айтамын», деді колледж студенті.

Слет 3 күнге созылды. Қаты­сушылар мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары, интерактивті білім блоктарынан өзіне теориялық-іскерлік тәжірибе жинап, командалық тапсырмаларды орындау арқылы шыңдап, мазмұнды мәдени және спорттық бағдарламаға атсалыс­ты. Айта кетейік, елімізде 772 колледж бар, онда 550 мыңнан аса студент білім алып жүр.