
Сурет: kaz.zakon.kz
- «Fox News» арнасының мәліметіне сүйенсек, кездесуден кейін Трамп сұхбат беріп, онда ол Ресей мен Украинаның мәмілеге жақын екенін мәлімдеді. Алайда Трамп бұл келісімнің шарттары қандай екенін, сондай-ақ Путиннің қай шарттармен келіскенін айтпады. Десе де «ендігі шешім президент Зеленскийдің қолында», деді Трамп. Америка президенті келесі аптада Путин мен Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыруға дайын екенін де жеткізді. Ол Еуроодақ, НАТО және Владимир Зеленскийге телефон соғып, кездесудің қорытындысы туралы өзі хабардар ететінін мәлімдеді.
«Ең бастысы, бізде бейбіт келісімге келуге өте жақсы мүмкіндік бар. Біз бұған әлі қол жеткізген жоқпыз, бірақ мен президент Путинге және оның командасына оны жүзеге асыру үшін қажеттінің бәрін жасағаны үшін алғыс айтамын», деді Трамп.
Сонымен қатар АҚШ басшысы Ресейге және оның сауда серіктестеріне қарсы жаңа санкциялар енгізуді жоспарламағанын жеткізді.
- Ал ВВС-дің мәлімдеуінше, баспасөз мәслихатында Путин: «Президент Трамп екеуміз өте жақсы, іскер және сенімді байланыс орнаттық. Осы жолмен жүріп, біз Украинадағы қақтығыстың аяқталуына неғұрлым тезірек қол жеткізе аламыз деп сенуге толық негіз бар. Осы кездесудегі уағдаластықтар Украина мәселесін шешуде ғана емес, сонымен қатар Ресей мен АҚШ арасындағы іскерлік, прагматикалық қарым-қатынастарды қалпына келтірудің бастамасы болады деп үміттенемін», деді.
Сонымен қатар Ресей президенті Киев пен Еуроодақ ешқандай кедергі жасамайтынына үміттенетінін де білдірді.
- АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің айтуынша, Аляскадан Вашингтонға қайтып бара жатқанда Трамп Зеленскиймен 1 сағат телефон арқылы сөйлескен. AFP (Франс Пресс агенттігі) мәліметіне сүйенсек, Трамп пен Зеленскийдің әңгімесіне Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кирр Стармер, Германия канцлері Фридрих Мерц, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен және НАТО бас хатшысы Марк Рютте қатысқан.
- Украина президенті Владимир Зеленский кеше АҚШ-қа ұшып келді. Ол туралы Зеленский Тelegram арнасында хабарлады. Ал Трамп «Truth Social» арнасында Украина басшысы Қырым мен НАТО мүшелігінен бас тартса, қақтығысты дереу тоқтата алатынын жазды.
- Жексенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, әріптесін АҚШ Президенті Дональд Трамппен Анкориджде өткен кездесу қорытындысымен құттықтады.
Президенттің пікірінше, келіссөздер Ресейдің Украина жөніндегі ұстанымын америкалық тараптың жақсы түсінуіне септігін тигізді. Бұл күрделі мәселенің шешімін іздеуде ортақ тіл табысуға көмектеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев Аляскадағы саммитті Ресейдің халықаралық позициясын және әлемдік аренадағы өзара түсіністікті нығайту тұрғысынан айтулы кездесу болды деп санайды.
- Сондай-ақ саясаттанушы, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртазаның пікірінше, Аляска сапарынан кейінгі өзгерген құбылысты Ресей президентінің дүниежүзілік қауымдастық алдындағы легитимизациясы деуге болатындай.
«Ресей өзінің талап етіп отырған территориялық, саяси талаптарын шегелеп алғанын түсінді. Аляскадағы кездесу Словакия, Мажарстан, Сербия сияқты мемлекеттерге сигнал болды деуге болады. АҚШ-тың өзі сөйлессе, демек «сөйлесуге болады» деген түсінікті көптеген ел аңғарды. Келесі жаһандағы саясаттың қадамы – В.Зеленскийдің АҚШ президенті Д.Трамппен кездесуі болмақ. Алайда Ресей де, Украина да өз позициясында қалады. Ал қақтығыстың тағдыры тек Еуропаның қаржыландыруына байланысты болады», дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Еуропаның 27 елі өз бюджетінен жырып ақша бөлсе, қақтығыс жалғасады, егер 27 мемлекеттің арасында іріткі пайда болып, қаржы мәселесі қордаланып қалса, онда Ресей бүгінгіден де ілгері жылжуы ықтимал. Қысқаша айтсақ, ендігі салмақ Лондон, Париж, Берлинге түсейін деп тұр.