
Депутат мектептер мен балабақшаларда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері тексеріспен келген кездегі жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары шынайы бақылаудың орнына көбіне формалды ғана тексеретін жүйе қалыптасқан.
Қазір білім беру ұйымдарындағы санитарлық тексерістер алдын ала келісіліп жүргізіледі. Депутаттың сөзінше, кей кездері директорларға тікелей кінәлі болмаса да және жағдайға ықпал ете алмаса да, айыппұл салынған жағдайлар болған. Мысалы, мектеп үш ауысымда оқытуға мәжбүр болса немесе сыныптағы оқушы саны белгіленген нормадан асып кетсе, мектеп басшысының оған ықпал ете алмайтыны белгілі.
«Балалардың қауіпсіздігі тек ата-аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жай ғана тексеріс емес. Бұл – елдің болашағын қорғаудың маңызды тетігі», деп жазды Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысындағы балалардың жаппай улануынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыруға мемлекеттік бақылауды күшейту туралы хабарлады.
Депутат айтып отырған жаңа ережелер балалар болатын нысандарға ерекше мәртебе беруге, тексерістер туралы алдын ала хабарлауды алып тастау арқылы объективті баға беруге, сондай-ақ нысандарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында мониторингтік сапарларды енгізуге бағытталған.