
Дәстүр бойынша мерекелік іс-шара Кеңес Одағының батыры генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Содан соң аты аңызға айналған әскери қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұған оқу орнының жеке құрамы, жергілікті әкімдік қызметкерлері мен қоғам белсенділері, сондай-ақ қарулы күштер ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Әрі қарай Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов пен қала басшысы Ғ.Сыздықбеков оқу ғимаратының басты кіреберісінде қызыл лентаны қиды. Осынау салтанатты рәсімді әскери оркестр музыкамен сүйемелдеп тұрды. Қорғаныс саласына жауапты министр салтанатты іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтады.
– Жаңа колледж батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің өнегесі болған даңқты командир, кеңес одағы тұсындағы тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Сабыр Рахымов – абырой мен батылдықтың биік үлгісін көрсеткен қазақтың перзенті. Сендер оқитын орынға ерекше міндет жүктелген. Ол міндет – қиын жағдайларда жылдам шешім қабылдай алатын, кәсіби қабілеті жоғары және әрбір ісін жауапкершілікпен атқаратын білікті сержанттарды даярлау. Гарнизонның әскери қызметшілеріне жан-жақты көңіл бөлгені, қолдау көрсеткені және әскери бөлімдер мен мекемелерді абаттандырып, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне жіті назар аударғаны үшін Шымкент қаласы әкіміне шынайы алғысымды білдіремін, – деді авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов.
Қорғаныс министрі ризашылығын білдіру мақсатында Ғабит Сыздықбековке «Ел қорғаны» салалық медалін табыс етті. Министр оқытушылар мен командирлерге арнаған сөзінде тәрбиеленушілерге кәсіби дағдыларды үйретіп қана қоймай, олардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтар, ұлттық рухты және патриотизмді сіңіруге талпыныңдар деп атап өтті. Сондай-ақ ол болашақ сержанттарға мықты денсаулық пен оқуда озат болуды және тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолында толағай табыстар мен биік мақсаттарға жетуді тіледі.
Ашылу салтанаты барысында әскери колледж ұланы Сабыр Қошқарбай сөз сөйлеп, студенттердің алаңсыз білім алуына жасалған жағдай үшін басшылық құрамға алғысын білдірді. Әскери мамандықты игеруге бел буған курстастары да оның сөзін қостай жөнелді.
– Әскери маман болу менің бала кезден арманым еді. Сондықтан осы оқу орнына түскенде қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды. Ең таңдаулылар түскен колледжде енді сабақты жақсы оқуымыз керек. Ата-анамыздың үмітін ақтап, ел қорғайтын нағыз әскери маман болып шығамыз деген үміттеміз. Сол үшін оқу орнының ішкі тәртібін бұзбай, жақсы білім алып, ұстаздардың айтқанын бұлжытпай орындаймыз. Еліміздің дамуы жолында әркім шамасына қарай еңбек етіп жатыр. Әр саладағы мамандардың жұмысы туған жерді түлетуге үлес қосып жатыр деп есептеймін. Соның ішінде қызметі Отан қорғауға арналған мамандардың еңбегі ерекше деп білемін. Олар әрдайым елі мен жері үшін жанын бірінші қиюға даяр тұрады. Әскери адамның қызметі сонысымен де қадірлі, – деді С.Қошқарбай.
Осыдан кейін білім ұясында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі өтті. Колледждің жеке құрамының салтанатты шеруі мен әскери техниканың үлгілері қойылды. Сондай-ақ алаңда қоян-қолтық ұрыстың тәсілдері көрсетілді. Ұландармен болған кездесуден соң қонақтар оқу ғимаратын, казарма, кітапхана, мұражай, асхана, спорт залы мен стадионды аралап шықты. Әскери оқу ордасының материалдық-техникалық базасы талапқа сай екеніне көзі жеткен қонақтар мұндай білім ұясы еліміздегі бірегей оқу орындарының бірі деп мақтанышпен айтуға болатынын жеткізді. Расында да, жас әскери сарбаздардың сапалы білім алуына мұнда бар жағдай жасалған. Колледжде дене тәрбиесі жаттығуларына да ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан спорттық құралдардың барлық түрімен қамтамасыз етілген. Арнайы дәрігерлер студенттердің денсаулық жағдайын жіті қадағалап отырады.
Әскери қызметкер тек физикалық тұрғыдан мықты болумен қатар атыс қаруларын жақсы меңгерген, ой-өрісі дамыған зерек адам болу керек. Осы жағынан келгенде оқу орнында шәкірттердің білім алуына, қарулы күштер техникасының тілін біліп, ұрыс жүргізудің тәсілдерін үйренуге барынша жағдай қарастырылған. Бұл – бірінші кезекте білікті ұстаздардың беретін арнайы дәрістері. Олардан тәлім алған студенттер келешекте нағыз білімді әскери қызметкер болып шығады. Өз кезегінде ұстаздар шәкірттерге сабақты барынша қызықты өткізуге тырысады. Сол үшін арнайы оқыту тәсілдерін қолданып отыр. Білім алушыларға түсінікті болу үшін көрнекі құралдарды да көбірек пайдаланады. Ол жас сарбаздың өтілген сабақты тез ұғынып, түпкі мәнін түсіну үшін керек. Екіншіден, колледжде бай кітапхана қоры бар. Ол жерден әскери саладағы оқулықтардан бастап түрлі жанрдағы әдебиеттерді табуға болады. Студенттер анда-санда көркем әдебиетті де қолына алып, рухани сусындап тұрады. Болашақ әскери қызметкер бір жақты емес, жан-жақты ойлай білетін, көзі ашық көкірегі ояу азамат болу үшін көп оқып терең білім алу қажет. Осы тұрғыдан алғанда колледжде шәкірттердің зейінін ашып, оқуға деген ынтасын арттыруға әскери педагогтер тарапынан көп жұмыс жасалып жатыр. Келешекте оқу ордасын тәмамдаған түлектер еліміздің әскери саласын нығайтуға, қорғаныс күштерін берік етуге аянбай үлес қосады.
Айта кету керек, әскери колледж техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша кіші командалық құрамды даярлайды. Оқу мерзімі 2 жыл 10 айды құрайды. Осы мерзім аралығында жасұландықтар мотоатқыштар, танк, зымыран және артиллериялық бөлімшелерді басқару мамандықтары бойынша диплом алып шығады. Колледжді сәтті аяқтаған түлектерге кіші сержант әскери атағы беріледі. Әскери колледжге 15 пен 17 жас аралығындағы еліміздің кез келген азаматы қабылданады. Осы жылы конкурс нәтижесінде генерал Сабыр Рахымов атындағы әскери оқу ордасына 168 жас талапкер қабылданды.
Жұмыс сапары аясында Қорғаныс министрі Шымкент гарнизонында жауынгерлік дайындық пен қызмет жағдайларын тексерді. Авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов Шымкенттегі бірқатар әскери бөлімдер мен мекемелерді аралап, олардың қызметімен, инфрақұрылымымен және әскери қызметшілерге жасалған жағдаймен танысты.
2 қыркүйекте елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Осыған орай министр қалалық шақыру пунктіне барып, әскерге шақырылушылардың жағдайы қалай екенін, медициналық комиссиядан өту тәртібін зерделеді. Сондай-ақ алғашқы шақырылушылар мен Қарулы күштердің ардагерлерімен сұхбаттасты. Қорғаныс саласының басшысы Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің инфрақұрылымында болып жауынгерлік дайындық деңгейін бағамдады. Оқу-жаттығу кешенінде министр ғимаратты шабуылдау мен қала жағдайында ұрыс қимылдарын жүргізудің әдістерін тамашалады.
Қалалық аумақтық қорғаныс бригадасында министрге резервтегі әскери қызметшілерді қайта даярлау іс-шарасының орындалуы жөнінде баяндалды. Сала басшысы тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған инфрақұрылыммен, соның ішінде арнайы шабуылдау жолағымен танысып шықты. Д.Қосанов өз сөзінде мұндай жаттығулардың жеке құрамның кәсіби дайындығын арттырып, күрделі жағдайларда үйлесімді әрі тиімді әрекет етуіне ықпал ететінін атап өтті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің ең ірі құрамаларының бірі – механикаландырылған бригадада министр мерзімді әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға ерекше назар аударылғанын көзбен көрді. Мәселен, сарбаздар жеке гигиеналық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Әрбір шағын жиһазда қажетті заттардың толық жиынтығы сақталған. Сонымен қатар еліміздің қорғанысына жауапты сала басшысы жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудағы оң тәжірибеге де ерекше тоқталып өтті.
Әскери мамандардың айтуынша, бөлімде әрбір сарбазға арналған жеке медициналық карта жүргізіледі. Онда денсаулық жағдайы туралы барлық мәлімет тіркеліп отырады. Бұл жүйе сарбаздардың қажеттіліктерін анықтап, оларды тиісті дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Министр төтенше жағдайлар кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларының маңыздылығы айрықша екенін жеткізді.
Сонымен, іссапар қорытындысында Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды сапалы іріктеу мен жеке құрамды оқыту және жауынгерлік дайындық әдістерін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.