
Тартыстың өн бойында басымдық танытқан бельгиялықтар дүркін-дүркін шабуылдаумен болды. 42-минутта Кевин Де Брёйне есеп ашса, 44-минутта Жереми Доку есепті еселеді. Екінші таймда да алаң иелері қарқынынан танбады. 52-минутта Николас Раскин үшінші голды тоғытса, 60-минутта Доку еншісіне екінші голын жазды. 84-минутта Кевин Де Брёйне де дубль жасады. 87-минутта қорғаушы Тома Мёнье Мұхамеджан Сейсен қақпасына алтыншы голды салды. Белгиялықтар 4 қыркүйекте сырт алаңда Лихтенштейн ұлттық құрамасын да 0:6 есебімен жеңген еді.
Ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді. «Жеңілістің барлық жауапкершілігін өзім арқалаймын. Елімізге барған соң, қызметтен кетуге өтініш жазамын», деді.
Кезінде әлем чемпионатының қола жүлдегері болған, ФИФА рейтингінде алғашқы ондықта тұрған Бельгия құрамасы мықты ұжым екенін тағы да байқатты. Былтыр әлемдік мундиальдің іріктеу матчтарының жеребесі тартылғаннан кейін-ақ Бельгия ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. 60 жастағы француз Руди Гарсияға сенім артылды. Әзірге бельгиялықтар іріктеу кезеңіндегі 4 матчтан 10 ұпай жинап, 2-сатыда тұр.
Өкінішке қарай, қазақ футболының деңгейі, футболшылардың қарым-қабілеті, қажыр-қайраты қаншалықты екені Брюссель төрінде айқын аңғарылды. Біздің құрама бес ойыннан 3 ұпай ғана еншілеп, 4-сатыда келеді.