Экономика • Бүгін, 09:00

Арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында құрылған Арнайы экономика­лық аймақтар (АЭА) ел дамуының маңызды тетігіне айналды. Десе де, инвестициялық климатты әлі де жақсарта түсіп, өнеркәсіпті әртарап­тандыруды жеделдету қажет. Сонда АЭА-лар мүмкіндігі де еселеп өспек. Мемлекет басшысы Жолдауда «Өңірлерге инвестиция тарту барысында арнайы экономикалық аймақтар айрықша рөл атқарады. Алайда олардың көбінің жұмысы мәз емес», деді.

Арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

АЭА-ның қазіргі ахуалы

Бүгінде республикада 14 АЭА жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы белгілі бір салаға бағытталған. Мәселен, индустриялық өндіріс, химия, мұнай-газ өңдеу, ақпараттық технология, көлік-логистика және туризм деп жалғаса береді. Сарапшылар пікірінше, АЭА әлеуетін толық пайдалану үшін бірқатар мәселені шешкен ләзім.

Кейінгі жылдары елдегі арнайы экономикалық аймақтарда шетелдік инвестиция көлемі артты, бірақ олардың басым бөлігі шикізаттық немесе жартылай дайын өнімдерге бағытталған. Сондай-ақ АЭА-да инфрақұрылымдық жобалар іске асырылғанымен, кейбір аймақтарда жол, электр мен газ желілері толық жеткізілмеген. Салық жеңілдіктері мен кедендік артықшылықтар инвесторға қолайлы болғанымен, жергілікті кәсіп­керлердің қатысу үлесі төмен болып тұр. 

АЭА

«Мысалы, «Астана – жаңа қала» мен «Алатау инновациялық технологиялар паркі» секілді аймақтар салыстырмалы түрде жоғары тиімділік көрсетіп келеді, ал кейбір аймақтарда өндіріс қуаты то­лық іске қосылмаған. Ондағы негіз­гі мәсе­ленің бірі – басқару жүйесінің әлсіз­дігі. Кейбір АЭА-да әкімшілік рәсімдер күр­делі, бюрократия әлі де бар. Сондай-ақ ин­дустриялық парктерде өндірісті бас­тау­ға қажетті инфрақұрылым толық да­йын емес. Шетелдік ірі компаниялар б­асым, ал отандық шағын және орта биз­нес үлесі­нің аздығы көңілге қаяу түсі­реді. Ай­мақ­тардағы күрделі мәселенің бірі – жоға­ры білікті инженерлер мен IT-маман­дар­­дың жет­кіліксіз болуы. Ақыр аяғы он­дағы кейбір жобалар ішкі нарықпен ғана шек­теліп, сыртқы нарыққа шығуға да­йын емес», дейді экономист Сапарбай Досжанұлы.

Сарапшы пікіріне сүйене отырып, тиімділікті арттыру үшін келесі қадамдарды ұсынуға болады.

  • Басқаруды жетілдіру

АЭА басқарушы компанияларының дербестігі пен жауапкершілігін арттырған жөн. «Бір терезе» қағидатын толық іске асырып, инвесторларға цифрлық қызмет көрсету керек. Тәуелсіз аудит арқылы жобалардың тиімділігін жыл сайын бағалап отырған абзал.

  • Инфрақұрылымды дамыту

Мемлекет-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жол, электр, газ және цифрлық желілерді толық жеткізу керек. АЭА-ларды өңірлік көлік дәліздерімен (ТХКБ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай) интеграциялаған жөн.

  • Инвестицияны әртараптандыру

Отандық кәсіпкерлерге арнайы қолдау пакеттері (жеңілдетілген несие, экспорттық субсидия) берілуге тиіс. Инновациялық салаларға (жасыл энергетика, биотехнология, IT) көбірек капитал тарту қажет.

  • Кадр саясаты

ЖОО-ларды АЭА жобаларымен байланыстырып, дуалды білімге жүйесін енгізіп, аймақтық кадр орталықтарын ашып, инженерлік және цифрлық маман даярлау қажеттігі туындап тұр.

  • Экспорттық әлеует

«KazakhExport» құралдары арқылы АЭА өнімдерін сыртқы нарыққа шығару ісін ұлғайту маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдала­нып, Орталық Азия мен Еуропаға тікелей логистика арналарын біртіндеп кеңейту қажеттігі күшейді.

Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, халықаралық тәжірибеде АЭА-ның бірнеше түрі құрылған.

«Экспортқа бағытталған өндірістік, еркін сауда, индустриалды кластерлерге арналған өндірістік аймақтар, ғылыми-техникалық парктер мен инновациялық аймақтар және қаржы орталықтары бар. АЭА тек салықтық жеңілдікпен шектелмейді. Оның тиімділігі аймақтың нақты бағытына, инфрақұрылымы мен жалпы ұлттық стратегияға сай құрылуына байланысты. АЭА – ел ішіндегі арнайы белгіленген территория. Ол жерде са­лықтық, кедендік және әкімшілік режімдер елдің басқа өңірлерінен өзгеше болады. Мұндай жеңілдіктердің түпкі мақсаты – өндірісті дамытып, әсіресе экспортқа бағытталған салаларды қолдау», дейді.

Әлемдегі ең ірі мысалдардың бірі – Қытайдағы Шэньчжэнь. 1980 жылы АЭА ретінде құрылған бұл қала небәрі бірнеше онжылдықта әлемдегі ірі тех­нологиялық орталықтардың біріне айналды. Дубайдағы Джебель-Али еркін аймағы да – сәтті жоба­лар­дың қатарында. Ол жерде 140 елден 8 мың­нан астам компания жұмыс істейді әрі ай­мақ Дубай экономикасының 20%-дан ас­тамын құрайды. Бангладештің Читтагонг аймағы да жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлкен серпін беріп, елді әлемдегі киім экспорттаушы алғашқы үштікке қосты.

 

АЭА – экономикалық құрал

Айтылған мысалдардан бай­қағаны­мыз – АЭА-ның табысы тек жеңіл­детіл­ген салыққа емес, сапалы логис­тикаға, нарық­қа қолжетімділік пен мемлекеттің нақ­ты стратегиясына да байланысты. Соны­мен қатар тиімділігін бағалау да кәсіби деңгейде жасалуы керек.

«Біз тек тіркелген компаниялардың санын емес, нақты салынған инвестиция көлемін, қанша жұмыс орны ашылғанын, экспорттың қаншалықты артқанын қарауымыз қажет. Осы көрсеткіштер ғана аймақтың экономикаға пайдасын нақты көрсетеді. Соңғы бір маңызды фактор – инвестор құқығын қорғау. АЭА ішінде жұмыс істейтін бизнес келісімшарттарының сақталатынына, заңнаманың өзгермейтініне сенімді болуы керек. Тәуелсіз арбитраж арқылы дауларды шешу мүмкіндігі болуы шарт. Егер құқықтық база сенім тудырмаса, ешқандай салық жеңілдігі инвесторды ұстап қала алмайды», дейді Қ.Қаппаров.

Оның пайымынша, тиімді АЭА – бұл жай ғана салықсыз аймақ емес, бұл – ұлттық стратегияға кіріктірілген, мықты инфрақұрылымы бар, ашық басқарылатын әрі нақты нәтижелерімен өлшенетін экономикалық құрал. Осындай жағдайда ғана АЭА шын мәнінде ел экономикасының өсу нүктесіне айналады.

Елде арнайы экономикалық аймақтар әлеуетін толық ашу үшін:

  • Басқаруды жетілдіру;
  • Инфрақұрылымды толық аяқтау;
  • Отандық кәсіпкерлер қатысуын арттыру;
  • Маман даярлау жүйесін күшейту;
  • Экспорттық бағдарды кеңейту өте маңызды болып тұр деп тұжырымдауға болатын сияқты.

Егер осы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылса, АЭА елдің өнеркәсіптік-инновациялық дамуының локомотивіне айналып, экономикалық өсімнің жаңа драйверін қалыптастыра алады.